Астана қаласының миллионыншы тұрғыны дүниеге келді

Дүниеге келген қыз баланың ата-анасына Астана әкімі Әсет Исекешевтің атынан пәтер кілті тапсырылды. Сәбидің әкесі — 24 жастағы монтер Олжас Мұхамедияр мен анасы — 22 жастағы балабақша тәрбиешісі Арайлым Мұхамедияр жуырда ғана отбасын құрған. Тұңғыш перзенттерін олар Саида деп атап отыр.

«Жас отбасы ата-анамен бірге тұрып келген. Баланың туылуына қарсы сыйланған пәтер олар үшін үлкен тосынсый болды» делінген әкімдік таратқан хабарламада.

Айта кетейік, соңғы 18 жылда елорда халқының саны 2 есеге дейін өскен. Ал, ана мен бала өлімі 5 есеге қысқарып отыр. Былтыр Астанада барлығы 26 110 сәби дүниеге келсе, биылғы жылдың бірінші жартысында олардың саны 13 740-қа жеткен.