Теңгені жаппай долларға айырбастау керек пе?

Теңге бағамына қатысты дүрлігу келесі аптада-ақ басылады. Доллар қайтадан төмен деңгейіне оралады. DAMU Capital Management бас директоры Мұрат Қастаев осындай пікір білдірді.

«Ұлттық валютаның бір түнде 5 теңгеге әлсіреуі АҚШ-тың Ресейге қатысты жаңа санкциялар дайындап жатқаны туралы кешегі хабарландыруына нарықтың эмоциямен әрекет етуінің нәтижесі деп есептейміз. Бұл бастама валюта бағамына күннің екінші жартысында — Ресейдегі биржалар ашылып, рубль қарқынмен құлдырай бастаған уақытта күрт әсер етті. Теңге бағамы Ресейдегі оқиғадан тым ерте шошынып жатыр, Құрама Штаттардың жоспарлап отырған санкциясы әлі жоба күйінде ғана, нақты қандай санкция болатыны тағы белгісіз. Әзірше санкциялар туралы жаңалық бола қоймайды деп ойлаймыз, себебі қазір АҚШ президенті Дональд Трамп демалыста. Санкциялар бойынша заң жобасы қыркүйек-қазанда ғана қабылдануы мүмкін», — дейді сарапшы.

Қаржыгер KASE Ресей биржаларында жылдам сатыла бастаған рубль мен акциялардың шартты қозғалысын жай ғана қайталады деген пікірде. Оның айтуынша, АҚШ-тың Ресейге қарсы санкцияларына деген реакция асыра бағаланып отыр.

«Доллар өзінің мейлінше төмен деңгейіне оралады. Жария етілген санкциялар іске асса, әрине рубль өз позициясынан таюы мүмкін, оның артынан теңге де ілеседі. Ал, керісінше, егер санкциялар жартылай қолданылса және ең ауырлары — Ресейдің дербес қарызына қатысты операциялар мен Ресей банктеріне доллармен транзакция жасауға салынатын тыйым қолға алынбаса, рубль қайтадан көтерілуі мүмкін», — дейді Қастаев.

Сарапшының пікірінше, әзірше теңгені жаппай сатуға, қолдағы қаражатты долларға жапатармағай айырбастауға негіз жоқ. Ол қысқамерзімді ауытқуларға бола түпкілікті шешім шығармау керек деп есептейді. Валюта нарығындағы күрт ауытқу доллар сатып аламыз дегенше өтіп кетті.

9 тамыз күні ҚР Ұлттық банкі теңгенің әлсіреуіне байланысты мәлімдеме жасаған еді. Данияр Ақышев басқаратын құрылым «қажет болған жағдайда теңге бағамының елеулі және тұрақсыздық тудыратын қысқамерзімді ауытқуларын реттеуге бағытталған өктемдіктерді жүзеге асыруға дайын”.

Бірақ Мұрат Қастаев Ұлттық банк теңге бағамын реттеуге әзір араласа қоймайды деп ойлайды. Оның үстіне, Ресейге қатысты санкциялардан жыл соңына дейін хабар болмаса, теңге қайтадан едәуір нығаюы мүмкін. Қыркүйек пен қазан аралығында ұлттық валютаның долларға қатысты бағамы 335-345 теңге дәлізінде болуы ықтимал.

Еске салайық, 8 тамыз күні Вашингтон «Скрипальдар ісіне» байланысты Ресейге санкциялардың жаңа пакетін қолданатынын жария етті. Шектеу шараларының алғашқы кезеңі 22 тамызда басталады, санкциялар сыртқы сауда байланыстары мен «Аэрофлоттың» АҚШ-қа сапарларын азайтуға бағытталады. Санкциялар Мәскеу химиялық және биологиялық қару қолданбауға кепілдік бере алмаған жағдайда және өз әскери объектілеріне БҰҰ инспекторларын кіргізбеген жағдайда қолданылмақ. АҚШ-тың Ресейге қатысты бұл заң жобасы ресми Мәскеудің сыртқы қарызы мен оның ірі банктерінің қызметіне тікелей байланысты болады.

ДереккөзKapital.kz