Амандық Баталов Талдықорғандағы жаңа сквер дизайнын жарамсыз деп тапты

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Талдықорғандағы бірнеше құрылыс алаңында болды. Бұған дейін айтылған сын-ескертпелердің орындалуы мен құрылыс қарқынын тексерді.

І. Жансүгіров атындағы мәдениет үйінде қазір KazStoryCompany мекемесі күрделі жөндеу жүргізіп жатыр. Әкімге мәдениет үйінің алдына қойылғалы отырған домбырашы қыз бен қобызшы жігіт мүсіндерінің эскизі көрсетілді. Облыс басшысы эскиздерге және ғимараттың шатыры мен сыртқы әрлеу жұмыстарына қатысты ескертпелерін айтты.

Қаланың орталық алаңында алдағы уақытта Жетісудың жеті өзенінің символы ретінде жеті фонтан бой көтермек. Жаңа фонтандардың суы жерден шашылады. Амандық Баталов орталық алаңдағы жұмыспен айналысып жатқандардың санын көбейтуді тапсырды.

Ал Біржан сал көшесіндегі жаңа сквердің ландшафтық дизайнын әкім мүлдем жарамсыз деп тапты. Құрылыс жүргізу барысында оның оң жағындағы жаяулар жолы мен сол жағындағы тұрғын үйлердің орналасу деңгейі қаперге алынбаған. Тұрғын үй мен сквер арасындағы екі метрлік жер мүлдем назардан тыс қалған. Жолдың бір жағы түзу, екінші жағы ирек қиықтар түрінде төселіп жатыр. Әкім жұмысты тоқтатуды, жұмысшыларға скверді түгел қайта жоспарлауды тапсырды.

Оңтүстік-батыс тұрғын ауданындағы 1200 орындық мектептің алдында облыс басшысын бір топ наразы тұрғын күтіп алды. Ата-аналар жаңа мектепке балаларының құжаттарын тапсыруға келгенін, бірақ құжаттары қабылданбағанын айтып шағымданды. Баталов биылғы оқу жылында осы мектепке көшкелі отырған №24 мектеп-лицейдің басшылығына мәселені шешуді қатаң ескертті.

«Бұл — осы жаңа шағын аудандардың балаларына арналған мектеп. Егер осы маңның балаларын оқытпайтын болсаңдар, онда бұрынғы ғимараттарыңа қайтыңдар, — деді ол.

Амандық Баталов 300 орындық музыка мектебінің және жаңа драма театр құрылыстарының қарқынымен танысты. Театр ғимаратының сәулет образын, түсін, өрнектерін, акустикалық-вентилияциялық мүмкіндіктерін түгел талапқа сай жасауды тапсырды.