Министрлік бір адамды зейнетақы алуға әрең көндірген

ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова зейнетақыдан бас тарту оқиғасы туралы айтып берді.

«Мен министрлікке келгелі бері бір рет қана ондай жағдайға тап болдым. Қазақ еліне белгілі азамат, тұлға деуге болады, зейнетақыдан бас тартты. Ол кісі 20 жыл бойы зейнетақыға өтініш бермей жүрді. «Мемлекетіме рақмет, бәріне шүкір-тәуба, осы уақытқа дейін жиып-тергенім өзіме жетеді» дейді. Ол елші болып жұмыс істеген», — деді Жақыпова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында.

Вице-министрдің айтуынша, ол адам біраз уақыт өтініш жазбай жүрсе де, артынан зейнетақы алуға келіскен.

«Біз онымен сөйлестік, бәрін түсіндірдік. Негізі, заң бойынша зейнет жасына келген адам құзіретті органға барып, өтініш беруі керек. Ол кісі өтініш берген жоқ. Біз онымен жұмыс жүргіздік. Айтып түсіндіргеннен кейін өтінішін алдық. Былтырдан бастап төлемдерді бере бастадық», — деді Светлана Жақыпова.

Бүгін Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова баспасөз мәслиxатында зейнетақы төлемдерін аудару тәртібін түсіндірді.

«Қазір әлеуметтік желілерде қарасам, «көлік пен пәтер сатудан зейнетақы жарнасын ұстайды» деп жазып жатыр. Олай емес. Ондай табыстан зейнетақы жарналары ұсталмайды. Сіздер жұмыс істеу, я болмаса, қызмет көрсету арқылы табыс тапсаңыз ғана, зейнетақы жарнасы ұсталады. Қазір жұмыс берушілер ондай келісімшарттарды жасайды да, зейнетақы жарналарын төлемей жүреді» , — деді Жақыпова.

Еске сала кетейік, бұған дейін ақпарат құралдары “Зейнетақымен қамсыздандыру заңнамасына енгізілген жаңа өзгерістер қазақстандықтарды пәтер немесе көлік сияқты жеке мүлікті сатудан түскен кірісінің 10%-ын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударуға міндеттейді” деген хабар таратқан еді. Бұған заңның жаңа редакциясында «азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар» деген ұғымның нақты түсіндірілмеуі себеп болды.

ДереккөзInform.kz