Зейнетақы жарнасы пәтер мен көлік саудасы кірісінен төленбейді

Зейнетақы аударымдарының бәрі азаматтардың тапқан табысынан ғана төленеді. Бұл жөнінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова хабарлады.

«Мысалға, кәсіпорын жұмысшысы үшін тапқан табыс ол — жалақы, жеке кәсіпкер үшін — тікелей кәсіпкерлік қызметінен түсетін табыс, жеке нотариустар үшін — олар көрсеткен қызметтен түскен табыс. Ал жеке және заңды тұлғаларға өтеулі шарттар (азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар деп аталатын) негізінде жұмыс пен қызмет түрлерін орындайтын азаматтар үшін міндетті зейнетақы жарналары олардың сол жұмыс пен қызметтерді орындаудың нәтижесі бойынша түскен табыстан (жеке мүлігін сатудан түскен табыстан емес) төленеді «, — деп түсінік берді вице-министр Facebook желісіндегі парақшасында.

Жақыпованың мәліметінше, ҚР «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының 25-бабында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге тиіс міндетті зейнетақы жарналары міндетті зейнетақы жарнасын алуға қабылданатын ай сайынғы табыстың 10%-ы мөлшерінде белгіленетіні айқындалған.

Заңға енген өзгерістерге сай, 2018 жылдың 14 шілдесінен бастап, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын жеке тұлғалар адвокаттар, жеке сот орындаушылары, жеке нотариустар, кәсіби медиаторлар, жеке кәсіпкерлер сияқты міндетті зейнетақы жарнасын өз пайдасы үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге тиіс табыстан алып төлейді.

Вице-министрдің мәліметінше, міндетті зейнетақы жарнасы алынатын табыс және жарнаны төлеудің тәртібі мен мерзімі ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 18 қазандағы қаулысымен бекітілген № 1116 «Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есебіне жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы ережемен» анықталады.

Светлана Жақыпова тағы бір маңызды мәліметті атап өтті. Оның хабарлауынша, 2018 жылдың 2 шілдесінде қабылданған «ҚР әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң шеңберінде қабылданған түзетулерді іске асыру үшін Үкіметтің кейбір шешіміне, атап айтқанда, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын жеке тұлғалардың міндетті зейнетақы жарнасын төлеу тәртібі мен мерзімін анықтау жөнінде жоба жасалған. Қазір бұл жоба мүдделі мемлекеттік органдармен, сарапшылар кеңесімен және аккредиттелген ұйымдармен бірге талқыланып жатыр.

Вице-министр азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалардың табысы деп, жұмыс орындаудан немесе қызмет көрсетуден түсетін табыс қана айтылатынын қайталап мәлімдеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін ақпарат құралдары «Зейнетақымен қамсыздандыру заңнамасына енгізілген жаңа өзгерістер қазақстандықтарды пәтер немесе көлік сияқты жеке мүлікті сатудан түскен кірісінің 10%-ын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударуға міндеттейді» деген хабар таратты.

Бұл ақпарат әлеуметтік желіде көптің назарын бірден аударып, түрліше интерпретациялана бастады. Түпкі ньюсмейкер ретінде есепшілерге арналған Uchet.kz порталының бас редакторы Максим Барышев айтылғанымен оған дейін Салық кеңесшілері палатасы заңның жаңа редакциясының дұрыс жазылмағанын дәлелдеп берген еді.

Baribar.kz зейнетақымен қамсыздандыруға қатысты заңның өзгертілген және толықтырылған тұстары күшіне енгелі бері жиі айтыла бастаған түсінбеушіліктерді бақылап келеді.

Заңгерлер ақпараттың біржақты таралып жатқанына таңданыс білдірді. Әлеуметтік желіде белгілі адвокат Джохар Өтебеков және басқалар мұның заңның дұрыс жазылмағанынан туған байбалам екенін айтты. Олар жуық арада заңның жаңа редакциясының тағы да өзгертілуі мүмкін екеніне күмән келтірмейді.