Республикалық шұғыл құтқару жасағы мамандары мінген «Қазәуеқұтқару» тікұшағы Қырғызстанда зардап шеккен туристерге көмек беруге аттанды. Бұл туралы ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі хабарлады.
МИ-171 тікұшағы 31 шілде күні 06.58-де Алматыдан Скрябин мұздығы ауданына ұшып шықты. Алдын ала мәлімет бойынша теңіз деңгейінен 4100 метр биіктіктегі бұл ауданда таудан құлаған тас астында туристер тобы қалып қойған.
Көмекке аттанған шұғыл топ құрамында 9 адам бар.
30 шілде күні Қырғызстан аумағында таудан тас құлап, қазақстандық төрт адамның зардап шеккені туралы хабар тараған еді. Олардың бірі — Алматы тұрғыны қайтыс болды. Тағы бір адам ауыр халде.