«Қазәуеқұтқару» тікұшағы Қырғызстанда зардап шеккен қазақстандықтарға көмекке аттанды

Республикалық шұғыл құтқару жасағы мамандары мінген «Қазәуеқұтқару» тікұшағы Қырғызстанда зардап шеккен туристерге көмек беруге аттанды. Бұл туралы ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі хабарлады.

МИ-171 тікұшағы 31 шілде күні 06.58-де Алматыдан Скрябин мұздығы ауданына ұшып шықты. Алдын ала мәлімет бойынша теңіз деңгейінен 4100 метр биіктіктегі бұл ауданда таудан құлаған тас астында туристер тобы қалып қойған.

Көмекке аттанған шұғыл топ құрамында 9 адам бар.

30 шілде күні Қырғызстан аумағында таудан тас құлап, қазақстандық төрт адамның зардап шеккені туралы хабар тараған еді. Олардың бірі — Алматы тұрғыны қайтыс болды. Тағы бір адам ауыр халде.

ДереккөзZakon.kz