54 келі салмақта Қазақстанның ең титулды спортшысы, бүкіләлемдік ойындардың жеңімпазы Еламан Саясатов ел намысын қорғады. Ақтық сында спортшымыз ресейлік Асланбек Зикриеевті 29:28 есебімен тізе бүктірді.
«Ресейлік спортшымен болған финалдық кездесу оңайға түскен жоқ. Себебі қарсыласым — танымал әрі тәжірибелі спортшы. Соңғы рет екеуміз Польшада бақ сынасып, мен жеңіске жеткен болатынмын. Сол себепті ескі қарсыласымды алдын ала біліп шықтым. Мақсатым – қатысқан барлық жарыста жеңіске жетіп, Қазақстанның атын шығару», — дейді Еламан Саясатов.
Одан бөлек 63,5 келі салмақта Әбіл Ғалиев қола жүлдегер атанды. Ол іріктеу кезеңінде Польшалық Оскар Сигертті ұтты. Жартылай финалда Беларусь спортшысына есе жіберді.