Әдия Серік: 1 жасымда әкеммен бірге «Суперпапа» бағдарламасына қатыстым

Менің есімім Әдия. Мен 5 жастамын. Мені балабақшаға әкем мен анам бірге апарып, бірге алып қайтады. Балабақшада мен домбыра тартуды үйрендім. Ал қазір биге және ағылшын тілі курсына барамын. Мен би үйірмесінде, ағылшын сабағында болғанда әкем, анам және інім мені күтіп отырады. Мен кішкентай Пони туралы мультфильмді жақсы көремін.

Інім Айсұлтан 3 жаста. Ол әлі кішкентай. Екеуіміз қуыршақпен де, машинамен де ойнаймыз. Кішкентай кезімде әкеммен бірге жарысқа қатыстым. Әкем сол жарыста 1-орын алған. Ал қазір видео түсіреміз. Видео түсіретін кезде мен «Не деп айтамын?» деп, әкемнен сұрап аламын. Сосын ол маған бәрін түсіндіреді, не істейтінімді көрсетеді. Ал інім видеоға көп түспейді. Ол әлі видеоның не екенін түсінбейді ғой.

Әдия Серік
Әдия Серік      Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Әкем маған ұрыспайды. Қайта бізді көп қыдыртады, қалағанымызды алып береді. Біздің әкеміз өте мейірімді, ол бізді жақсы көреді. Мен де оны жақсы көремін.

Диляра Тюлеева: Серік — қамқор әке

Біз Серікпен 6 жыл кездесіп жүріп, 2012 жылы үйлендік. Серік отбасына өте қамқор. Оның ерекше атап өтетін қасиеті осы. Көп ер адам балаға қарау, оны тәрбиелеу әйелдің міндеті деп санайды. Ал Серік олай ойламайды. Жұбайым баланы әкесі мен анасы бірге өсіруі керек, бірге жетілдіруі керек деп есептейді. Біз үйленбей тұрғанда Серік тамақты да істейтін, балаларға да қарай алатын. Тіпті, мен қызымды дүниеге алып келіп, алғашында оған қалай қарауды білмеген кезде жұбайым маған көмектесті, қолдау білдірді. Отбасымызда Серік оптимист, әрқашан балаларға керек, қызық болатын нәрселерді ойластырып, ұйымдастырып жүреді. Мысалы, біз үйде балаларды міндетті түрде екеуіміз бірге шомылдырамыз. Бұл бізде — дәстүр.

Балаларымызды еркелетеміз, көп қыдыртамыз. Бірақ артық кетіп жатса, мен оларға ұрысамын. Ал Серік ұрыспайды, ол балаларына өте мейірімді. Туған күндерін ерекше атап өтеміз. Балабақшадағы достарын, туыстарымызды шақырып, балаларға бөлек дастархан жаямыз. Мұндай мейрамдарды көбіне сыртта, мейрамханада ұйымдастырамыз. Егер Серік екеуіміз бірге жиындарға баратын болсақ, балаларды ата-әжесіне қалдырамыз. Менің әкем мен анам осында – Талғарда тұрады. Әдия мен Айсұлтан — олардың алғашқы немерелері.

Диляра Тюлеева
Диляра Тюлеева балаларымен. Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Серік екеуіміз бала тәрбиелеуде бірдей жұмыс істейміз. Күндіз балалар балабақшада, ал кешке оларға екеуіміз бірге көңіл бөлеміз, отбасылық махаббатты барынша сезініп өсуіне жағдай жасаймыз. Меніңше, үлкен қызым Серіктің әпкесіне, ал ұлым Серіктің өзіне қатты ұқсайды. Ұлым әкесі сияқты қамқор. Мен қызыма ұрсып жатсам, ол жүгіріп келіп қасында тұрады.

Мен Серіктің 1-2 вайнына түстім. Бұл вайндар отбасы, күйеуі мен әйелі жайында болды. Сондықтан жұбайыма көмектестім. Ал негізінде вайндарды ол үйде өзі түсіреді, өзі өңдейді. Керек кезінде мен де оператор болып тұрамын. Негізгі мамандығым – қаржыгер. Бұл салада аздап жұмыс та істедім. Қазір үйде балаларға қараймын, жұбайымның жұмысына көмектесемін. Әртүрлі жағдай болып тұрады. Мысалы, алыс туыстарымызға, ата-анамыздың үйіне бару керек болады, ауырып қалатын жағдайлар болады. Осындай кезде мен балаларды әкесіне қалдырып кете беремін. Іnstagram-нан көріп жүргендеріңіздей, Серік балаға қараудың қыр-сырының бәрін біледі.

Супермама болу ойымда бар. «Неге болмасқа?» деп, Серік те қарсы болмайтынын айтты. Бірақ мен әзірге өз бағытымды анықтай алмай жүрмін. Болашақта мен де блогер аналардың қатарынан табылып жатсам, таңғалмаңыздар. Күннен күнге бізді танитындар көбейіп жатыр. Кеше Серікпен кинотеатрға барсақ, көбі бізді танып, тіпті, видеоға түсіріп жатты.

Әдия Серік
Әдия Серік. Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Серік — жақсылыққа үйір, қайырымды жан. Ұжымында, достарының ортасында өте белсенді. Кез келген отырыста өзі асаба болып, ортаны жандырып жүреді. Сонымен қатар әлеуметтік желіде жұбайыма көп хат келеді. Серік оның бәріне жауап қайтарып, көмек сұрағандар болса, қол ұшын береді. Бірде жұбайыма бір фирма жаялықтарды сыйға берді. Ал олар бізге қажет болмады. Содан біз оларды мұқтаж адамдарға таратайық деп шештік. Instagram-да «Кішкентай балалары бар жалғызбасты аналарға жаялықтар керек болса, жазыңыздар!», — деп хабарладық. Өкінішке қарай, елімізде жалғызбасты аналар көп. Хат жазғандарға жаялықтарды өзіміз апарып бердік.

Серік Тілеулесов:

Шығармашылыққа бұрыннан жақынмын

Негізгі мамандығым – қаржыгер. Осы салада 17 жылдық тәжірибем бар. Қазір жеке кәсіпкермін. Өзімнің бухгалтерлік сервисім бар. Бұрыннан шығармашылыққа жақынмын. Адамдарға пайдалы болатын қосымша іспен айналысуға әрдайым әзірмін. Осы себепті былтыр видеоблог жүргізуді бастадым.

Алғашында қандай бағытта түсіремін, не жазамын деп басым қатты. «Суперпапа» бағдарламасынан соң көптеген отбасылық блогерді қарап жүрдім де, неге влог түсіріп көрмеске деп, мен де бастап кеттім. Алғаш рет балаларға арнап тамақ істеп, видео түсірдім. Кейбір отбасылық блогерлер репост жасап, көп қаралым жинадық, яғни, отбасылық видеолар адамдарға ұнап, әрі қарай жалғастыра бердім. Бұл процесс өзіме де ұнайды әрі шығармашылығымды шыңдайды. Видеоларды телефонмен түсіріп, өзім өңдеймін.

#неумрисголоду 23 выпуск Решил в этот раз порадовать мою семью Уйгурским национальным блюдом ДАПАНДЖИ. . Кстати давайте сделаем конкурс на лучший комментарий под это видео. Приз 1000 тг. на баланс. (Обязательно поставить ЛАЙК и нажать Сохранить) . Рецепт: курица (у меня куриные голени) 8 шт. перец сладкий 2 шт. перец горький 2 маленьких или один зеленый картофель 500-600 гр. лук 1 шт. чеснок 4 зубчика Кориандр 0.5 ч.ложки соевый соус 3 ст. ложки крахмал 2 ст.ложки перец черный . Песня: Бахадур Имаров — Тойда машрап

A post shared by #SUPERPAPASERIK (@superpapa_serik) on

Блогерлік маған қиын болмады. Себебі блогер әкелер өте аз, біздің елімізде, тіпті, жоқтың қасы. Сондықтан менің влог жүргізіп бастауым көпшілік үшін жаңалық болды. Елімізде блогер әкелердің көбеюіне қарсы емеспін. Керісінше, қуанар едім. Бәсекелестік бар жерде сапалы контент болады. Қазақстаннан бөлек, мені ресейліктер де көп оқиды. Осы себепті блогты көбіне орысша жүргіземін.

Әр блогымның қоғамға пайдалы дүние болғанын қалаймын

Менің видеоблогер болуымның негізгі себебі – отбасылардың бақытты, тату-тәтті болуына үлес қосу. Елімізде жас отбасылардың ажырасуы жиілеп кетті. Міне, осындай отбасылық проблемалардың азаюы үшін жұмыс істеймін десем, артық болмас. Желідегілерден отбасылық өмірге байланысты хаттар көп келеді. Барынша кеңесімді айтып, жауап беремін. Әрқашан оқырмандарыммен кері байланыс жасап отырамын.

Бір күні маған бір жігіт хабарласты, келіншегімен ұрысып қалғанын айтып, көмек сұрады. Жұбайы балаларын алып, үйінен кетіп қалыпты. Келіншегі менің видеоларымды көріп жүреді екен. «Сіз барсаңыз, ол сізді тыңдайды», — деді күйеуі. Содан мен оның келіншегімен жолығып, ақылымды айтып, күйеуінің өтінішін жеткіздім. Келіншегі ойланып, күйеуіне тағы бір мүмкіндік беріп, екеуі қайтадан жарасып кетті. Кейін бірге отырған, келіншегіне қымбат телефон сыйлап жатқан видеосын жіберді. Бір отбасын сақтап қалуға кішкене болса да үлес қосыппын деп, мен де қуанып қалдым.

Желіде хейтерлерім азайды

Әлеуметтік желіде бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. Алғашында ер адамдардан түрлі жағымсыз комментарий, хат келетін. Көбі мені жұмыс істемей, үйде бала-шағасына қарап отыратын әке ретінде көреді. Осыдан негатив ойлар туындайды. Кейін мұның бәрі басылды, адамдар менің жеткізгім келген ойымды жақсы жағынан қабылдай бастады. Бір күні «Әйеліме көйлек сатып алып бердім» деген видео салдым. Бір әйел маған «Сіздің видеоңызды жұбайыма көрсеттім, ол да маған көйлек алып беретінін айтты», — деп жазыпты. Қарап тұрсақ, бұл — қарапайым дүние, бірақ отбасы жылуын арттыратын іс.

Мен басында «Суперпапа» бағдарламасы туралы білмедім. Бір күні түсте үйге келіп, теледидарды қоссам, бір бағдарламада екі әке жарысып жатыр екен. Қарап отырсам, бәрі — мен істей алатын тапсырмалар. Содан оларға хат жаздым, олар бірден жауап беріп, келесі аптада түсірілімді бастап кеттік. Алғашқысында қызыммен қатысып, 1-орынды жеңіп алдық. Ол кезде Айсұлтан әлі дүниеге келмеген. Кейін ұлым туылған соң, тағы қатысып, қайтадан 1-орын алдық. Бәрі осы «Суперпападан» басталған соң әлеуметтік желіде де «Суперпапа Серік» ретінде танылып кеттім.

Серік Тілеулесов
Серік Тілеулесов отбасымен. Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Ер адам бала баға білуі керек

Балалардың анасы ауырып, ауруханаға жатып қалса, көмектесетін жақын туыстары болмай қалса, балаларға әкесі қарауы керек болады.  Сондай сәтте қол қусырып, ештеңе істей алмаймын деп отырмайсың ғой. Өз балаларың болғасын аш қалдырмай, ботқасын пісіріп беріп, шомылдырып, ойнатып, ұйықтатуың керек. Мұны ер адам істемегенде кім істейді? Келіншегің де қуанып, саған риза болып қалады. Балаларың анасы мен әкесінің сыйластығын көреді, осыдан отбасы берік бола түседі. Ер адам түзде жүріп ақша табумен қатар отбасына қамқор болуы да керек.

Қызымды көп еркелетемін. Ал ұлыма қаталдық танытатын сияқтымын. Өсе келе көрерміз, әлі кішкентай. Бірақ ұлымнан көп үміт күтемін. Ол тура мен сияқты, сондықтан одан бірдеңе шығады деп ойлаймын.

Серік Тілеулесов
Серік Тілеулесов ұлы Айсұлтанмен. Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Біздің үйде балаларға есікпен ойнауға болмайды. Себебі қолдарын қысып алған кездері көп болды. Байқаусызда терезеге шығып, құлап кетпесі үшін терезелерге темір тор іліп тастадық. Үйде барлық бөлмеде камера бар. Мен сыртта жүріп, балаларды бақылай аламын. Ешқашан балаларды үйде жалғыз қалдырмаймыз. Әрқайсысының gps сағаттары бар. Жалпы, балаларымыздың қауіпсіздікте болуын қадағалап, жақсы азамат болып өсуі үшін бар жағдайды жасаймыз.

Балаларым бәрі еңбекпен келетінін білсе екен деймін

Әкем мен тумай жатып өмірден өтті, ал анам көп ауырды. Содан мен бала кезімнен еңбектеніп, ақша тауып, өзімді өзім тәрбиеледім. Қиындық көп көріп, нәтижесінде өзін өзі алып жүре алатын адам болдым. Қазір балаларыма бар жағдай жасалған. Менің бала кезімдегідей емес, бұлардың өмірі басқа. Тек біз беріп жатқан жақсының бәрі маңдай термен келіп жатқанын білсе екен деймін.

Серік Тілеулесов
Серік Тілеулесов ұлы Айсұлтан және қызы Әдиямен. Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Сәлем — сөздің анасы. Ең алдымен балаларымның адаммен амандасуына мән беремін. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету керектігін айтамын. Айналасын сыйлай білсе, өздері де сыйлы азамат болады. Сонымен бірге ата-анасын тыңдап, құрметтей білсе, жаман адам болмайды деп ойлаймын. Жалпы айтқанда, біз үшін балаларымыздың өмірдегі негізгі құндылықтарды біліп, қастерлей алғаны маңызды. Балаларымның қоғамға пайдалы, адамдарға көмектесе алатын қайырымды азамат болғанын қалаймын.

«Қайрат» футбол командасының жанкүйерімін. Өздерімен де жеке таныспын. Әр матчқа кейде отбасыммен, кейде ініммен барып, қолдау білдіремін. Бұл — балаларды әрі спортқа баулу, әрі  олардың патриоттық сезімін ояту.

Еліміздегі әр отбасы өмірдің сынақтардан сүрінбей өтіп, бірлікте болса, берекесі артады. Келеңсіз оқиғалар отбасындағы кикілжіңдер себебінен болуы мүмкін. Керісінше, отбасы барлық жақсылықтың бастауы болуы керек. Татулықты насихаттайтын отбасылық құндылықтар сақталса екен деймін.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!