Технология жобаларын жасау жөнінен Алматы алда келеді

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының бес негізгі бағытының бірі — инновациялық экожүйені құру. Бұл — бизнес, ғылым салалары мен
мемлекет арасындағы орнықты көлденең байланыстармен технологиялық
кәсіпкерлік пен инновацияны дамытуға жағдай жасау бағыты.

Бағдарламаның осы бағытын іске асыруға алматылықтар белсене атсалысып отыр. Бұған оңтүстік астанада орналасқан технологиялық жоба жасаушы құрылымдар мен жеке кәсіпкерлердің инновациялық грант алу байқауына өте көп қатысуы дәлел.

«Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ инновациялық жобаларды гранттық қаржыландыру өтінімдерін қабылдаудың алдын ала нәтижесін жариялады. Өтінім қабылдаудың 23 мамыр мен 16 шілде аралығындағы кезеңінде 60-тан астам өтінім беруші тіркелді. Қазіргі уақытта өтінімдердің талапқа сай келуі тексеріліп жатыр, содан кейін олар сараптамаға шығарылады және одан кейін тәуелсіз комиссияның қарауына жіберіледі.

Алдын ала қорытынды бойынша грантқа өтінім беру жөнінен Алматы (36,5%), Астана (19%) қалалары мен Павлодар (11,1%) облысы жетекші орындарды иеленді. Жоба жасаушылар негізінен технологияларды коммерцияландыру мен кәсіпорындарды технологиялық жағынан дамытуға грант ең көп өтінім берген.

Еске салайық, ниет білдірушілердің көптігіне байланысты Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік ҚР Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесе отырып, инновациялық гранттарға өтінім қабылдау мерзімін ұзартқан еді. Грант байқауына 2018 жылдың 30 шілдесінен 3 қыркүйегіне дейінгі кезеңде Digital Baiterek порталынан өтінім беруге болады.