Бокстан Қазақстанның ерлер құрамасы Олимпиадға алғаш рет толық құрамда барады

Қандай жарыс болмасын еліміз Тәуелсіздік алғалы былғары қолғап шеберлеріміз жүлдесіз қайтқан емес. Осы жолы да Мырзағали Айтжанов баптайтын жігіттерге үлкен үміт бар.

Ауыр атлетикадағы дау-дамайдан кейін бар үмітіміз боксшыларда екені рас. Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарына алғаш рет толық құрамда барады. Мырзағали Айтжанов баптайтын жігіттер Алатау етегіндегі Ақбұлақ сауықтыру орталығында дайындық жұмыстарын бастап кетті.

«Лондонда бір алтын, бір күміс, бір қола алсақ, қазіргі жағдайда осындай мықты командамен кемінде төрт медаль деп алдымызға мақсат қойып отырмыз. Егер бұйырып жатса, одан да көп медаль алуға болады. Ал бастысы – ол екі алтынмен оралу», — дейді Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов.

Айтжановтың айтуынша, жігіттердің осалы жоқ. Спортшылардың алаңсыз дайындығы үшін барлық жағдай жасалған. Тіпті, командамен арнайы психологтар, дәрігерлер және жеке бапкерлер жұмыс жасауда.

Ұлттық құрама сапында өзінің үшінші Олимпиадасына бара жатқан Біржан Жақыпов спортшылар барынша тер төгіп жатқанын айтты.

«Екі Олимпиадада бабымда болдым. Жақсы дайындалдым, тер төктім. Оңай кездесулер өткізбедім. Қиын қарсыластар болды, оларды да жеңе білдім. Кішкене бақ жетіспеді деп ойлаймын. Енді онымен тоқтап қалмаймыз. Енді, міне, Алланың қалауымен үшінші Олимпиадаға қатысайын деп отырмын. Иә, жігіттер бір күні тауға жүгіреді, сосын тас лақтырады. Түсте темір-терсек көтерсе, кешкісін суға жүзеді. Ерінбей еңбек еткенге бақыт басын иеді демеуші ме еді. Спортшылармыздың төккен тері текке кетпесе дейміз», — дейді Біржан Жақыпов.

Дереккөз24.kz