Солтүстік Қазақстан облысында 22 жастағы азаматтың өз әкесіне күш қолданып, оны видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялағаны белгілі болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Оқиға Шал ақын ауданына қарасты Бірлік ауылында тіркелген. Мәліметтерге сәйкес, жас жігіт әкесіне жасаған әрекеттерін ұялы телефон камерасына түсіріп отырған. Кейін аталған бейнежазбаларды әлеуметтік желілерде жариялаған.
Оқиға кезінде жігіт алкогольдік ішімдік ішкені белгілі болды.
Полиция қызметкерлері аталған факті бойынша тексеру жүргізіп, оқиғаға қатысы бар азаматты анықтаған. Алайда 67 жастағы әкесі ұлының үстінен арыз жазудан бас тартып, оған ешқандай талабы жоқ екенін мәлімдеген.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға қатысушылар толық анықталған. Олар – Бірлік ауылының 22 жастағы тұрғыны және оның әкесі.
«Әкесі ұлына қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін айтты. Сондай-ақ оның денесінен ұрып-соғу белгілері анықталмаған. Қарт азамат сот-медициналық сараптамадан өтуден де бас тартты», – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әдемау Мендібаева.
