Не болды?
Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақыру процесі цифрлық форматқа көшеді. Үкімет әскерге шақыру және қызмет өтеуге қатысты заңнамаға өзгеріс енгізді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Жаңа ереже бойынша, қорғаныс министрлігінің цифрлық жүйесі жұмыс істейді. Бұл платформа азаматтарды әскери есепке алу мен мемлекеттік ақпарат жүйесі арасындағы байланысты қамтуға арналған.
Енді қорғаныс істері жөніндегі басқарма мен бөлімдер әскерге шақырылған азамат туралы мәліметті мемлекеттік органдардың цифрлық жүйесі арқылы алады. Егер жүйеде керек ақпарат болмаса, үш жұмыс күні ішінде сұрау салып, қажет деректі алуға болады.
Қаулыда әскерге іріктеудің жаңа тәртібі де көрсетілген. Алдымен мемлекеттік күзет қызметі мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі жасақталады. Кейін ұлттық ұланға іріктеу басталады.
12 шілдеден бастап медтексеріс қорытындысы бойынша аудан және облыстағы шақыру комиссиясының шешімі электронды форматта рәсімделеді. Хаттамалар қорғаныс министрлігінің цифрлық жүйесінде жасалып, комиссия төрағасы, мүшелері мен хатшысы ЭЦҚ арқылы бекітеді. Техникада ақау болған жағдайда құжаттарды уақытша қағаз түрінде рәсімдеуге рұқсат.
Қаулы 4 шілдеде күшіне енеді. Ал жеке нормалар 12 шілдеден бастап қолданыста болады.
Контекст
Естеріңізге салайық, 2023 жылы әскери қызмет барысында ауыр бас жарақатын алған ұлттық ұланның сарбазы Ербаян Мұхтар қайтыс болды.
