Жиын барысында студенттер жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық даярлықты ұйымдастыру, сонымен қоса тәрбие жұмыстары мен идеологиялық, жаппай спорттық және мәдени-сауықтыру іс-шараларын өткізумен айналысады.
Болашақ офицерлер «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты «Қарабатан» оқу полигонына шығып, Макаров тапаншасы мен АК-74 автоматынан оқ атып көріп, жаппай жою қаруларына қарсы инженерлік қамтамасыз ету нормативтерін орындады.
«Аталмыш оқу жиындары — әскери кафедрадағы дайындықтың қорытынды сынағы. Бұл үрдіс – Қарулы Күштеріміздің жауынгерлік даярлығын жақсартып, оқытылған жұмылдыру резервін қалыптастыруға зор септігін тигізеді», — деді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің әскери кафедра меңгерушісі, полковник Қуандық Бердіғалиев.
Атыраудағы әскери кафедра болашақ мотоатқыштарды, әскери байланыс мамандарын және тәрбиеші офицерлерді оқытып шығарады. Жиын соңында 95 студент салтанатты түрде ант қабылдап, Отан қорғаушысы атағына ие болады.