Қазақ әдебиеті жинақтары испан тіліне аударылатын болды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын осынау қазақстандық бастамаға Испанияның Мәдениет  министрлігі стратегиялық серіктес болса, жоба кеңесшісі ретінде «Сервантес институты» бекітілген. Испанның бірқатар ірі басылымының ұсыныстарын қарап, сонымен қатар стратегиялық серіктестік ұсынысымен қазіргі қазақ әдебиетінің 2 антологиясын испан тіліне әдеби аудару, басып шығару және тарату бойынша жұмыстардың негізгі операторы ретінде Visor-Libros баспа үйі белгіленіп отыр.

Мұндай меморандумға Испания астанасындағы Қазақстан елшілігінде қол қойылды. Құжатты «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы Аида Балаева мен баспа үйінің президенті Хесус Гарсиа Санчес рәсімдеді. Шараға Қазақстанның Испаниядағы елшісі Константин Жигалов пен «Ұлттық аударма бюросының» директоры Рауан Кенжеханұлы қатысты.

Visor-Libros шетелдік әдебиетпен жұмыс істейтін мамандандырылған баспа саналады. Баспа редакциясы әлемнің 10-нан астам елінің ақын-жазушыларының шығармаларын аудару, басып шығару және ілгерілетуде көп жылдық тәжірибеге ие. Сонымен қатар бұл баспа Латын Америкасы елдері мен Солтүсік Американың испантілді халықтарының арасында кеңінен танымал. Қазақстанмен ынтымақтастық аясында баспа Испаниядан тысқары жерде де қазақ әдеиетінің антологиясын таратуға қатысатын болады. Айта кетерлігі, испан тілі тек Испанияда ғана емес, сонымен қатар Латын Америкасының 18 елінің халқы үшін де ана тілі саналады. Бұл тілде әлемде 600 миллионнан астам адам сөйлейді.

«Біз үшін АУДАРМАНЫҢ испан оқырманының  жан-жүрегіне дейін жететіндей жоғары сапасын қамтамасыз ету маңызды. Шығармашылық ұжымдарымыздың бірлескен жұмысы қазақ пен испан мәдениетін одан ары жақындата түсуге, елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға көпір болады», — деді испан баспагерлерімен кездесу барысында Аида Балаева.

Қазіргі қазақ әдебиеті туындылары «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақ мәдениеті» жобасы аясында БҰҰ-ның 6 тіліне аударылып жатыр. Жоба аясында қазіргі қазақ әдебиетінің екі антологиясы испан тіліне тәржімаланады. Олар: «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» мен «Қазіргі қазақ прозасының антологиясы». Әрбірі шамамен 500 беттен тұратын антологияларға қазақстандық 60 автордың шығармасы енгізілген.

Дереккөзkazinform.kz