Басты бетЖаңалықтарЕлдегі "байсалды...

Елдегі «байсалды сәләфилердің» көбі халықты кәпір санап, ата-анасынан бездіреді

«Кісі отбасын намазға шақырса, бірақ олар оның сөзін тыңдамаған жағдайда, олармен бірге тұрып, араласып жүре береді ме, жоқ әлде үйді тастап кетеді ме? — деген сауалға бүгінгі өздерін «байсалды» сәләфитпіз деп жүргендердің басты идеологтарының біріне жататын, Сауд Арабиясы ғұламаларының бірі былай деп жауап береді: «Егер отбасы мүлдем намаз оқымаса, онда олар сөзсіз кәпірлер. Діннен безгендер. Ислам дінінен шыққан болып саналады. Мұндай жағдайда олармен бірге тұруға болмайды. Бірақ оларды дінге шақыру керек. Қайта-қайта, қоймай шақыру керек. Өйткені намазды тәрк қылған адам (Алла сақтасын) Құран, сүннет һәм сахабалардың сөзі негізінде кәпірге жатады», — деп жауап береді.

Сондай-ақ, ол өзінің осы берген фәтуасын Құранның кейбір аяттары мен Алла елшісінің (с.а.у.) қайсыбір хадистерін және кейбір сахабалардың сөзін тура мағынасында тәпсірлей отырып негіздеуге тырысады. Ал «намаз оқымаған кісі кәпір болмайды» деген басым көпшілік ғұламалардың берген фәтуасын түрлі жорамалдармен жоққа шығарғысы келеді.

Ғалым аталмыш жауабының аяқ жағында: «Ал енді намаз оқымайтын адам кәпір болғандықтан, оның үкімі діннен безгеннің үкіміне қосылады. Ешбір аят-хадистерде намаз оқымайтын адамның мұсылман екендігі немесе жұмаққа кіретіндігі, яки тозақ отынан құтылатындығы айтылмаған» — дей келе кәпір адамға қатысты: «Олармен үйленуге болмайды, олардың сойған малының етін жеуге болмайды, олар Меккеге және харам аумағына кіре алмайды, егер жақын туысқандарының бірі бақилық болатын болса, олардың дүние-мүлкіне мұрагер бола алмайды, тіпті намаз оқымайтын адам өлетін болса, оны жуып, кебіндемеуге және оған жаназа намазын оқуға, сондай-ақ, мұсылмандардың қабіріне жерлеуге болмайды. Ондай намаз оқымайтын адамды шөл далаға апарып шұңқыр қазып үстіндегі киімімен көме саламыз», — деп айды аспаннан бірақ шығарады.

Ол аталмыш фәтуасын: «Уа, бауырларым! Мәселе өте қатерлі. Өкінішке орай кейбір кісілер бұл мәселеге жеңіл қарайды да намаз оқымайтындармен бір үйде тұрады. Бұлай жасауға болмайды», — деп жастарды қатаң ескертумен нүктелейді.

Жоғарыда да атап өткенімдей бұл жауап бүгінгі өздерін «байсалды сәләфилерміз», — деп жүргендердің басты идеологтарының бірінің сөзі.

Ал енді жастарымызды осындай ең радикалды бағытқа тәрбиелеп жатқан сәләфилік ағымы қалай ғана елімізде «байсалды» (қауіпсіз) саналып, кітаптары, аудио, видео уағыздарды ғаламторды өріп жүр?! Уағызшыларға кез-келген жерде улы уағыздарын емін-еркін айтып жүр? Неге оларға тиым салынбайды?

Халқымыздың басым көпшілігін кәпірге шығарып, балаларын ата-анасы мен туысқандарынан, қоғамнан бездіретін байсалды сәләфилердің осы секілді көптеген фәтуалары еліміздің конституциясына да, ондағы «біреудің наным-сеніміне қарай кемсітуге болмайды» — деген бабына да қайшы!

Дәл осылай кете берсе, ертең сәләфилер елімізде массаға айналары сөзсіз. Ал массаға айналған соң оларды заңмен де, басқамен де тыя алмайсың. Өздерін «байсалды» санайтын сәләфилердің оңтайлы сәт туғанда партия құрып, билікке ұмтылғандарын да, 30 пайыздан аса дауыс жинайтындай үлкен күшке айналғанын да кешегі Мысыр жағдайында бәріміз куә болдық.

Сөздің тоқ етері, сәләфизммен күрес екі бағытта жүргізілу тиіс. Біріншісі ағартушылық, екіншісі заңмен тыйым. Ағартушлық арқылы қалған жастарды аман алып қалып, олардың бойына сәләфизм вирусына қарсы иммунит қалыптастырған боламыз. Ал тыйым сәләфизм вирусын басқаларға жұқтырмас үшін қажет. Сәләфилер өздерін қоғамда еркін сезінбеуі үшін, аяқтарының ұшымен жүруі үшін керек. Бірақ тыйымнан басқа мұсылмандар, асыл дініміз көрші елдегідей зардап шекпеуі ләзім!