1992 жылы бастау алған байқауға қатысқан қазақстандық өнерпаздардың қатарында Алтынай Жорабаева, Талғат Жорабаев, Әлішер Кәрімов, Динара Сұлтан, Мархаба Сәби және 2015 жылы жеңімпаз атанған Димаш Құдайберген бар.
Алтынай мен Талғат Жорабаевтар
Әнші Алтынай Жорабаева 2003 жылы «Славян базарының» дипломанты атанса, оның інісі Талғат Жорабаев Витебскіге 2007 жылы аттанып, байқаудан жүлдесіз оралды.
«Славян базарындағы» сәтсіздігі Талғаттың шығармашылығына кері әсерін тигізген жоқ.
Маржан Арапбаева
Өнер жолын «Әнші балапаннан» бастаған Маржан Арапбаева 2002 жылы «Жас қанат», «Азия дауысы» жобаларында бағын сынады. Ал 2004 жылы «Славян базары» байқауына қатысып, ІІ орын алды.
Әншіге 2017 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.
Сая Сейтімова
2008 жылы байқауға Сая Сейтімова аттанды. Ол байқаудың жартылай финалына жетпей сүрініп, елге қайтқан болатын.
Тұрмысқа шыққан соң тегін Махамбет деп өзгерткен әнші қазір вокалдан сабақ беріп жүр.
Гүлсім Макитова
2009 жылы байқауда Қазақстанның намысын Гүлсім Макитова қорғады. Жас әнші жеңіске жетпесе де, «Мир» телерадиокорпорациясының арнайы сыйлығына ие болды.
Гүлсім Макитова бұрын «Изумруд» тобында ән айтып, 2016 жылы «Қазақстан дауысы» жобасының жартылай финалында өнер көрсетті. Бірақ оның есімі өнер саласында айтарлықтай танымал болмады.
Динара Сұлтан
Әнші Динара Сұлтанның есімі «Славян базары» байқауынан кейін таныла бастады. 2010 жылы ол байқаудан жүлделі ІІІ орынмен оралды.
Сонымен бірге Динара Сұлтан жеке альбомын жаздыруға арнайы сертификат жеңіп алған болатын.
«Жаңа толқын,» «Super Star KZ» жобаларында да бағын сынап көрген Динара Сұлтан биыл бесінші баласын өмірге әкелді.
Әлішер Кәрімов
2011 жылы да Қазақстан «Славян базарының» ІІІ орнын жеңіп алды. Бұл жолы жүлдені Әлішер Кәрімов қоржынға салды.
Қазір Әлішер Кәрімовтің бейнебаяндары миллиондаған қаралым жинайды. Сонымен қатар ол 2016 жылы Тұңғыш Президент қорының арнайы сыйлығын иеленді.
Дәрия Ғабдол
2012 жылы өткен «Славян базары» Қазақстан үшін сәтсіз болды. «X-Factor» жобасының жеңімпазы Дәрия Ғабдол байқаудан жүлдесіз қайтты. Еске сала кетсек, Дәрия қатысқан жылы «Славян базарының» қазылар алқасында Батырхан Шүкенов те болған еді.
Екі бірдей жобаға қатысқанымен Дәрия атақты жұлдызға айнала алмады. Оның репертуарында бір де бір бейнебаян жоқ.
Бердібек Құлғараев
2013 жылы жас әнші Бердібек Құлғараев «Славян базарында» 7-орынға тұрақтады.
Оның бейнебаяндары мен әндері хитке айналмағанымен атағы той бизнесте дәуірлеп тұр.
Мархаба Сәби
2014 жылы «Славян базарында» Қазақстанға үшінші орынды Мархабаба Сәби алып берді. Ол жүлделі орынды Израиль әншісі Диана Голбимен бөлісіп, 2500 доллар сыйақыға ие болды.
Қазір Мархаба Сәби есімінің қазақ эстрадасында айрықша орны бар.
Димаш Құдайберген
2015 жылы «Славян базарында» Қазақстан көптен күткен жеңіске Димаш Құдайбергеннің арқасында қол жеткізді. «Қазақстанның Витасы» атанған дарынды орындаушының атағы осы байқаудан кейін бүкіл әлемге жайылды.
Димаш Қытайдағы «I am a singer» жобасынан кейін феноменге айналды. Оның фанаттары әлемнің түкпір-түкпірінде бар.
ADAM
2016 жылы «Славян базарына» ADAM деген лақап атпен танылған отандасымыз қатысты. Ол халықаралық байқауда ІІ орынды жеңіп алып, елге 15 мың доллар сыйақымен оралды.
«Қазақконцертте» солист болып қызмет еткен жас әнші 2013 жылы «Жаңа толқын» жобасына қатысқан болатын.
Әйгерім Рақышева
Былтыр байқауға көпшілікке Ayree есімімен танылған Әйгерім Рақышева қатысты. «Славян базарында» сәтті өнер көрсетпесе де, байқаудан кейін оған үлкен сахнаға жол ашылды.
Ұстаздыққа бет бұрған Әйгерім биыл музыка педагогы Бағым Мақсатқызының ән театрында вокалдан дәріс беріп жүр.
Ернар Садырбаев
Биыл «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінде Қазақстанның намысын Әміре атымен белгілі Ернар Садырбаев қорғайды. Ол Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әнін» өзгеше сипатта орындамақ.
Биыл аталған фестивальде Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева мен байқаудың 2015 жылғы жеңімпазы Димаш Құдайберген төрелік етеді.