Басты бетЖаңалықтарБілім саласын...

Білім саласын цифрландыру басты назарда

«Білім беруге арналған интерактивті құралдар. Мұғалім білуі тиіс технологиялар» тақырыбындағы курстар БҚО-дан 1 мың мұғалімді қамтуы тиіс. Тренерлер курсқа қатысушылардың алғашқы легін (520 мұғалім) Орал қаласында, Зеленов, Теректі, Бөрлі, Шыңғырлау аудандарында оқытуды бастап кетті. Ал келесі топқа (480 мұғалім) арналған курстар тамыз айында өтетін болады. Теректі ауданы Подстепный №1 ҚЖОББМ-де өткен курсқа 46 педагог қатысты. Тренинг мұғалімдер үшін өзекті тақырыптардан құралған. ХХІ ғасырдың дағдыларын сандық технология қолдану арқылы қалыптастырудың қолданбалы тәсілдерімен таныстырады. Мұғалімдердің оқу жаттығуларын құрастыру тәжірибесін байыту үшін практикаға, бірлескен жұмысқа және ғылыми зерттеулерге негізделген. 24 академиялық сағат барысында педагог-кадрлар талқылау, өз жұмыстарымен бөлісу және белсенді араласу арқылы қазіргі заманғы өзекті біліктілікке ие бола алады. Тренинг мазмұнына Microsoft компаниясымен мұғалімдер үшін арнайы дайындалған базалық курс алынған.

Тренинг сапасын арттыру мақсатында аталмыш салада тәжірибелі, АКТ қолдану дағдыларына ие және Microsoft компаниясының сертификатталған мамандары тартылды. Сонымен, тренерлер қатарында Microsoft Educator Influencer, Google Educator II TEDEd Club ұйымдастырушысы, Academia педагогикалық шеберлік зертханасының үйлестірушісі Ескендір Бестай, ғылыми еңбектер мен әдістемелік оқу құралдарының авторы, «Ұстаз» орталығының тренері Саят Ибаримов, ғылыми еңбектер мен әдістемелік оқу құралдарының авторы, «Нұр-Әлем» орталығының директоры Нұржан Абзеров, Microsoft Innovative Educator Ақпараттық сауаттылық саласының білікті маманы, медиа өкілі, «Болашақ» стипендиаты Талғат Алманов, Microsoft Innovative Educator Халықаралық деңгейдегі тәжірибелі маман, Жоба басқару ісінің шебері, «Болашақ» стипендиаты Еркебұлан Әзімхантегі және басқалар бар.