Егер балаңыз жан-жағымен тез тіл табысып кете алатын болса, онда оның лагерьдегі әр күні қызықты өтпек. Әдетте лагерьге әр түрлі қалалардан, әр нәрсеге қабілетті балалар келеді. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп қана қоймай, балаңызбен әңгімелесіп, оның кез келген адаммен сөйлесу қабілетін дамытуына көмектеседі.

Жазғы лагерь – бұл тек демалатын жер емес. Лагерь – әр түрлі жарыстарға қатысып, баланың ашылмай жүрген талантын, белгілі бір қабілетін ашатын орын. Жарыстардан бөлек онда балалар өздері концерттік қойылымдар ұйымдастырып, спорттық ойындар ойнайды. Онымен қоса жазғы сауықтыру лагерьлерінде балалар топпен жұмыс істеуге, көпшіліктің ортасында өзін көрсетуге бейімделеді.

Лагерьде бала өзін еркін сезінеді

Түрлі ойындар, хормен ән айту, кешке би кеші – әрине, мұның бәрі жақсы. Бірақ лагерь баланың тәуелсіз болып жүретін жері. Себебі лагерьде бала ата-анасының қадағалауынсыз қалып, кішігірім шешімдерді өзі қабылдап, жеке жүріп дағдыланады. Демалыс орнында қыздардың шашын тарауға көмектесетін, ұлдардың заттары шашылып жатса жинап қоятын аналары болмайды. Міне, осындай ұсақ-түйек істерді балалар өздері істеп, ересектерше жүруге дағдыланады. Басында мұндай сәттер балаларға ұнамауы мүмкін. Алайда уақыт өте келе мұндай жағдайдың өздеріне пайдасы болады. Ата-аналарға да балаларының есейіп, өз істеріне жауап беруге үйренгені тиімді.

Лагерьдің тағы бір пайдасы – таза ауасы. Әдетте жазғы лагерьлер тауда, табиғат аясында орналасқан. Сабақтардың, іс-шаралардың табиғат аясында өтуі мектепте ең жетіспейтін нәрсе еді. Таудың ауасымен тыныстап, ағын судың жанында ойнау бала денсаулығына, иммунитетіне, шымыр болуына көп көмектеседі.

Бірақ бұл жағдайлардың барлығы кейбір балалар үшін қолайсыз болуы мүмкін. Мектепте күні бойы өтетін сабақтардан шаршаған кейбір оқушылар демалысты өз үйлерінде ешқандай режимсіз өткізгілері келеді. Лагерьдегі нақты жоспар бойынша өтетін күндер мұндай балаларға ұнамасы анық.

Тағы айта кететін дүние лагерьде баланың өз үйіндегідей жеке бөлмесі болмайды. Жалпы бөлмеден бөлек лагерьдегі барлық орындар топқа, көпшілікке арналған. Бір бөлмеде ұйықтау, бірге тамақтану, ортақ душ – кейбір балаларға ыңғайсыздық тудыруы мүмкін. Алайда лагерьдің бар қызығы сол ортақ болуында емес пе?

Ата-аналар назарына:

  • Балаңызды жазғы лагерьге жаздырмас бұрын алдымен балаңызбен ақылдасыңыз. Оның қандай демалыс орнына барғысы келетінін сұрауыңыз балаңыздың отбасындағы өз орнын сезінуіне себеп болады.
  • Лагерьді таңдамас бұрын өзге ата-аналардың пікіріне құлақ түріңіз. Өзіңізге ұнаған лагерь туралы интернетте жазылған комментарийлерді оқуды ұмытпаңыз.
  • Алдын-ала балаңыздың лагерьге баратын уақытын айқындап алыңыз. Мектептегі сабақтардың, қосымша шаралардың бітуін күтіңіз.
  • Балаңызбен лагерь туралы сөйлесіп, ішкі ережелерін түсіндіріңіз. Лагерьдегі әр күн таңғы жаттығудан, түскі демалу уақытынан, кешкі би кешінен тұратынын айтыңыз.
  • Балаңызды жазғы сауықтыру лагеріне жіберуге қорықпаңыз. Қайта балаңыздың лагерьден кейінгі демалып, жақсы жағынан өзгеріп келген сәтін елестетіңіз.

Аударған: Еңлік Сақтан