Салтанатты шараны Дастан Тұрарбекұлы ашып, БАҚ өкілдерінің қоғамда қандай орын алатынын баса айтып өтті.
«Сіздердің бүгінгі таңда атқарып жатқан мемлекеттік стратегиялық бағдарламаларды насихаттаудағы еңбектеріңіз әрқашан жемісті болып, шеберліктеріңіз щыңдала берсін. Журналистика – қызығы мен қиындығы мол, зор жауапкершілікті қажет ететін кәсіп. Сіздер жекелеген адамдардың тағдыры да, қоғамның рухани ахуалы да адал, шынайы журналистік сөзге байланысты. Бүгінгі күні қаламызда барлығы 38 бұқаралық ақпарат құралдары қызмет атқарады. Біз аталған БАҚ өкілдерімен әрқашан тонның ішкі бауындай араласып жатуымыз керек», — деді ол.
Сонымен қатар, құрылғандарына 100 жыл толған облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің өңірдің жұмысын ақпараттандырудағы еңбегіне ерекше тоқталып, атап өтті. Оған қоса «Нұр Отан» партиясы жариялаған «Үркер» сыйлығын «Жетісу» газеті жеңіп алғанын айтып, редакцияның мерейінің үстем болуын тіледі.
Марапатталған журналистер атынан сөйлеген ардагер журналист Болат Бисұлтанов өңір журналистерінің өткен тарихы мен қазіргі күнін сөз етті. Ал ғасырға толып отырған қос редакцияның атынан сөз алған Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін: «Бүгінде «төртінші билік» деген атқа ие болған БАҚ өкілдерінің осындай құрметке ие болып жатқаны қуантады. Қала әкімдігінің тыныс-тіршілігі, артықшылығы мен кемшілігін осы журналистер арқылы көрсетіледі. Қала әкімінің бүгінгі қадамы біздің мерейімізді өсіріп жатыр. Рахмет!» — деп алғысын айтты.
Жиын соңында марапатталған журналистер бірге суретке түсіп, жақсы көңіл-күймен тарқасты.