Қандай маникюр мен дизайндар сұранысқа ие?

Маникюр — тырнақ пен қолға күтім жасау. Қазіргі таңда әйелдер мен қыздардың арасында маникюр қызметі сұранысқа ие. Кәсіби маникюр өзектілігін ешқашан жоғалтпайды. Мысалы, француз маникюрі бұрыннан сұранысқа ие. Френч — тырнақтың жиектерін ғана бояу. Бұл бояу түрі студент қыздарға да, бизнес-әйелдерге де, сонымен қоса шығармашылықпен айналысатын адамдарға да жарасымды. Маникюр саласындағы соңғы жаңалықтардың бірі — гельді маникюр. Бұл өз тырнағын күтуге уақыты бола бермейтін қыздарға таптырмас шешім.

Жаз айларында бәрі ашық түсті, ал қыста көбіне күңгірт түсті маникюрді таңдайды. Қазір бірнеше түсті алмастырып бояу маникюрі трендте. Дизайндардан шынылы әшекей (стразы), камифубуктар, геометриялы және омбре дизайндары сұранысқа ие. Дизайндарды көбіне клиенттердің өздері таңдайды, қалғанын өзіміз әрлейміз. Маникюрді айына бір рет істеткен дұрыс. Қарапайым лак 3-4 күн, ал гельді лак 2,5 аптадан 1 айға дейін тұрады. Ең көп сұранысқа ие маникюр мен гельді лак.

Шебер Асем Нургалиева клиенттің тырнағын әрлеуде
Шебер Асем Нургалиева клиенттің тырнағын әрлеуде. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Жасанды тырнақ жасатудың жолдары

Жасанды тырнақ негізі 4 аптаға дейін тұрады. Егерде шебер өзінің кәсіби тәсілімен және өте сапалы құрылыс тәртібімен, әдемілеп түзете отырып жасайтын болса, онда жасанды тырнақтарды ұзақ уақыт бойы өзінің табиғи тырнақтарына зиян келтірместен шешпей жүре беруге болады. Кейбір жағдайларда тырнаққа механикалық түрде зақым келсе де, табиғи тырнақтары жақсаруы мүмкін. Жасанды тырнақ жасатқаннан кейін, міндетті түрде түзетуге (коррекция) барып тұру керек. Түзетуден кейін тырнақтар әдемі, жаңа ғана істеткен тырнақ секілді көрінетіндей етіп жасау керек. Бастысы клиентке ыңғайлы ұзындықты таңдау қажет. Шебер өз жұмысын дұрыс істемеген жағдайда ғана оны толығымен шешуге тура келеді. Жасанды тырнақтар өте әдемі әрі тиянақты көрінуі керек. Себебі әдемі тырнақ әйел адамның паспорты секілді, оған бәрінің назары түседі. Жасанды тырнақтын пайдасы әйел адам тырнаққа уақыт жұмсап әуре болмайды. Жасанды тырнақпен моншаға, бассейнге түсуге және тырнаққа қатты күш тиетін жұмыстар істеуге болмайды. Барынша күтіммен қараған дұрыс.

Шебер тырнаққа дизайн салып жатыр
Шебер тырнаққа дизайн салып жатыр. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Егер маникюр маманы құрал-саймандарды орамалға жайып, не ашылған пакетте әкелсе, олар дұрыс тазаланғанына сізге ешкім кепіл бере алмайды. Мұндай жағдайда маманды құралдар тазалауды қалай өткендігін сұраңыз. «Ультракүлгін сөресінде» не «арнайы шарларда» деген жауап алсаңыз, бұл жерде маникюр жасамаған жөн. Керісінше жағдайда сіз инфекция жұқтырып алуыңыз мүмкін. Ереже бойынша барлық құрал-саймандар арнайы ыстық сөреде тазалануы керек, бірақ көптеген сұлулық салондары бұл тәсілді қолданбайды. Өйткені бұлайша құралдар тез бұзылады.

Маникюрдің түрлері:

  1. Мацерация (сулы маникюр);
  2. Кесілмейтін маникюр (не обрезной) — (ремувер қолданылады);
  3. Аппаратты;
  4. Құрама (комбинированный);
  5. Балалар мен ерлерге арналған маникюр;
  6. Комби маникюр.

Тырнақ түрлері:

  1. Квадрат;
  2. Жұмсақ квадрат;
  3. Домалақ;
  4. Сопақша;
  5. Миндальді;
  6. Балерина;
  7. Стилет.

Клиент үшін ең қауіп тудыратын — біліксіз шебер. Оның сапасыз материалдармен жұмыс істеуі клиенттің де, өзінің де денсаулығына қауіп тудырады.

Қандай жағдайда маникюр жасауға болмайды?

Егерде клиентте аллергия болса, оған ешбір маникюр түрін жасауға болмайды. Аллергия көбіне арзан, сапасыз материалдардын әсерінен болады. Ал сапалы материалдармен жасалған маникюрден аллергия сирек болады. Сонымен қоса аяғы ауыр келіншектерге, қолында жара болса және антибиотик қабылдап жүрген адамдарға маникюр жасауға болмайды.

Маникюр мен гельді лак жасалынып бітті
Маникюр мен гельді лак жасалынып бітті Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Маникюр жасатудың қызмет ақысы:

  • Маникюр комби — 2000 теңге;
  • Гельді лак — 2000 теңге;
  • Дизайн — 500 теңге;
  • Жасанды тырнақ — 7000 теңге;
  • Тырнақты өңдеу — 200 теңге;
  • Бір тырнақты өсіру — 500 теңге;
  • Өзгенің жұмысын өшіру (гельді лак) — 500 теңге;
  • Акрилді шешу — 1000 теңге.

Өзім туралы

Тырнақ бояумен айналысып жүргеніме бір жыл болды. Маникюр жасаған өзіме қатты ұнайды. Ерлерге маникюр жасамаймын. Тырнақ жасатар кезде шеберді қалай таңдау қажет десеңіз, оның түр-әлпетіне, бетпердесі (маска) мен бір реттік медициналық қолғабының болуын қадағалаңыз. Сонымен қоса, шебер барлық құралдарын толық өңдеуден өткізгеніне көз жеткізіңіз. Міндетті түрде тазалық сақталған болуы керек. Жақсы шебер болу үшін алдымен өз жұмысыңды жақсы көруің қажет. Түрлі дизайн түрлерін үйренуден жалықпаған дұрыс.