Таңдаған бейіндік пән бойынша оқығыңыз келетін мамандық пен жоғары оқу орнын анықтаңыз. Балыңыздың білім грантын жеңу мүмкіндігін өткен жылғы білім гранты конкурсын қарап, болжам жасаңыз.

Білім беру грнаты — жоғары білім алуға төлеу үшін ҚР заңнамасымен белгіленген шарттарымен білім алушыға берілетін қаржының нысаналы сомасы.

Білім беру гранттарын тағайындау тәртібі — конкурс арқылы жүзеге асырылады. Конкурсқа қатысу үшін ұлттық ЖОО-ға түсуге – кемінде 65 балл, «Білім беру», «Ауыл шаруашылығы ғылымдары» және «Ветеринария» мамандықтары топтары бойынша – кемінде 60 балл, басқа ЖОО-ға – кемінде 50 балл, «Жалпы медицина» мамандығы бойынша – кемінде 65 балл, оның ішінде Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы – оқыту тілі бойынша – кемінде 5 балл және әр бейіндік пәннен кемінде 5 балл жинау қажет.

Талапкер грант иелену конкурсына қатысу үшін мына құжаттарын жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына тапсырады:

  • белгіленген үлгідегі бланкіде өтініш;
  • білімі туралы құжат (түпнұсқа);
  • ҰБТ немесе ТКТ сертификат;
  • 3×4 көлеміндегі екі фотосурет;
  • 086-У нысаны бойынша медициналық анықтама;
  • жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі.

Ескерту:

  • Білім беру грантын алуға басым құқығы бар азаматтар ЖОО-ның қабылдау комиссиясына аталған құқықты растайтын құжат тапсырады.
  • шет тілінде тапсырылатын құжаттардың нотариалды куәландырылған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы болуы қажет және нострификациядан өткізілуі керек;
  • Бірінші және екінші топтағы мүгедек азаматтар, мүгедек балалар, сондай-ақ бала кезден мүгедектер ЖОО-ның қабылдау комиссиясына таңдаған мамандығы бойынша оқу үшін теріс көрсеткіштің жоқтығы туралы медициналық қорытындыны ұсынады.

Грант тағайындау конкурсына өтініштер қабылдау мерзімі — 18- 26 шілде.

Квота арқылы грант иеленушілер:

  • ҚР азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалар, І және ІІ топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген тұлғалар;
  • ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтар;

Ауыл жастары үшін конкурс келесі түрде өтеді: гранттардың жалпы санының 70 пайызы жалпы конкурс тәртібімен беріледі, ал қалған 30 пайыз грантқа конкурс тек ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтарға өткізіледі.

Балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда білім беру гранттары аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа балы жоғары адамдарға беріледі. Егер ол бірдей болған жағдайда бейіндік пәндер немесе шығармашылық емтихандар бойынша алған балдары ескеріледі.

Шығармашылық мамандыққа түсушілерге

ҰБТ Студент
Иллюстрация © Бекзат Исамбергенов

Шығармашылық емтихандар тапсыруды талап ететін мамандықтар бойынша конкурсқа қатысу үшін ұлттық ЖОО-ға түсуге тестілеу және шығармашылық емтихан нәтижелері бойынша – кемінде 65 балл, ал «Білім беру» мамандықтарының тобы бойынша – кемінде 60 балл, басқа ЖОО-ға – кемінде 50 балл, оның ішінде Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы – оқыту тілі бойынша – кемінде 5 балл және әрбір шығармашылық емтихан бойынша – кемінде 5 балл жинау қажет.

Шығармашылық мамандықтарды таңдаған талапкерлер конкурсқа бір мамандық бойынша қатысады және шығармашылық емтихан тапсырған ЖОО-ны ғана көрсетеді.

Шығармашылық мамандықтарға құжат қабылдау — 20 маусым — 7 шілде;

Шығармашылық емтихандар — 8 шілде — 13 шілде.

Педагогикалық мамандыққа түсушілерге

Педагогикалық мамандықтарды таңдаған және арнайы емтиханнан «өткен» талапкерлер конкурсқа бейіндік пәндерге сәйкес төрт ЖОО және төрт мамандық бойынша қатысуға құқылы.

Мұнда арнайы емтиханды қайда тапсырғаны маңызды емес.

Педагогикалық мамандықтарға арналған арнайы емтихан — 20 маусым – 14 тамыз.

Бiлiм беру гранттарын иелену конкурсы кезiнде балдары тең болған жағдайда мына тұлғаларға басым құқық беріледі:

1) «Алтын белгi» белгiсімен марапатталған адамдар;

2) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының білім туралы құжаттары бар, біліктілігін растаған және мамандығы бойынша кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар адамдар;

3) тiзбесiн бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган айқындайтын жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған), орындаушылардың халықаралық және республикалық конкурстарының және спорттық жарыстардың (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңiмпаздарының, сондай-ақ өздерi таңдаған мамандықтар олимпиадалардың, конкурстың немесе спорттық жарыстың пәнiне сәйкес келген жағдайда, жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша ағымдағы оқу жылында президенттік, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған) жеңiмпаздары;

4) жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы ҚР азаматтары, бірінші және екінші топтардағы мүгедектер, жеңілдіктері мен кепілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдар, медициналық қорытындыға сәйкес тиісті білім беру ұйымдарында оқуға қарсы көрсетілімдер жоқ бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар және үздік білімі туралы құжаттары (куәліктері, аттестаттары, дипломдары) бар адамдар.

Бұл ретте балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда білім беру гранттары аттестаттың, куәліктің немесе дипломның жоғары орташа балдары бар адамдарға беріледі. Егер ол да бірдей болған жағдайда бейіндік пән бойынша алған балдары ескеріледі.

Қосымша грант облыс әкімінің гранты  жергілікті бюджет қаражаты есебінен беріледі.

Білім беру грантын беру жөніндегі конкурсты тиісті облыс және республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің шешімімен құрылатын ЖАО комиссиясы өткізеді.

ЖАО комиссиясы жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының, азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатарынан құралады.

ЖАО комиссиясы мүшелерінің саны тақ санды құрауы тиіс. ЖАО конкурстық комиссиясының отырыстары оның құрамының кемінде үштен екісі болған кезде заңды деп есептеледі

Жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру грантын алуға арналған конкурсқа қатысу үшін өтініштер 5 – 10 тамыз аралығында қабылданады.

Конкурс 11 – 15 тамыз аралығында өтеді.

Грант өңірлердің кадрларға қажеттілігі ескеріле отырып, талапкерлер өтініш білдірген нақты мамандықтар, тіл бөлімдері мен оқу нысандары бойынша ЖОО-да оқу үшін мамандықтар кезектілігіне сәйкес білім беру грантын беру туралы куәлікті бере отырып, ҰБТ немесе КТ нәтижелері бойынша сертификаттар балдарына сәйкес конкурстық негізде беріледі.

Конкурсқа қатысу үшін азамат ЖОО-ның қабылдау комиссиясына:

  • белгіленген үлгідегі бланкіде өтініш;
  • білімі туралы құжат(түпнұсқа);
  • ҰБТ немесе КТ сертификатын;
  • 3×4 көлеміндегі екі фотосурет;
  • 086-У нысаны бойынша медициналық анықтама;
  • жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін тапсырады.

Білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін азамат өтініште өзі таңдаған мамандық пен ЖОО-ны көрсетеді.

Жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру гранты иегерімен «ЖАО-студент-ЖОО» үшжақты шарт жасалады.

ЖАО комиссиясы шешімінің негізінде тиісті бұйрық шығарылады және жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру грантын тағайындау туралы куәлік беріледі. Куәлікті азаматтардың конкурсқа қатысу үшін тапсырған құжаттарымен бірге 25 тамыздан кешіктірмей береді.

Грант иегерлерінің тізімі өңірлік бұқаралық ақпараттық құралдарында жарияланады.

Жергілікті бюджет қаражаты есебінен бос білім беру гранттарын тағайындауды ЖАО комиссиясы жүзеге асырады.

  • Шарт негізінде оқуға түсу үшін құжаттар қабылдау — 10 маусым – 25 тамыз
  • Қайталама ҰБТ-ға/КТ-ға өтініштер қабылдау 25 шілде – 3 тамыз
  • Өтетін уақыты- 15 тамыз – 19 тамыз.

Материал авторы Мейірім Бақытжанова