9-маусым жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды

Аkorda.kz сайтында жарияланған Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәлімдемесінде:

— Мен қайтыс болғандардың отбасыларына, туыс-туғандарына шын жүрегіммен көңіл айтамын. Қаза тапқан әскери қызметкерлер отан алдындағы антына адал болып, ел қауіпсіздігі жолында өшпес ерлік көрсетті. Олардың ерліктері мемлекет тарапынан лайықты бағаланатын болады. Оның үстіне, 4 азамат қайтыс болды, бәрі Ақтөбенің тұрғындары. Сондықтан, мен ертеңгі бейсенбі, 9 маусым күнін Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаймын„ — деді.

Естеріңізге салсақ, 5-маусымда Ақтөбеде теракт болған еді, соның салдарынан ондаған адам қаза тапты. Қазақстанның барлық аумағында террорлық қауіптің сары деңгейі, ал Ақтөбеде қызыл деңгейі енгізілді. Шабуыл жасаған 13 адамның көзі жойылды, тағы төртеуі жараланды, алты лаңкеске іздеу жарияланды.