Елімізде ҰБТ-дан құлағандар тамызда қайта сынақ тапсырады

Алматылық мектеп бітірушілер Аружан мен Рамзия көңіл толқуларын әлі баса алмай жүр. Ең жоғарғы балды жинау үшін бар ынтасын салғандарын айтады.

Аружан Мейірханова, №159 мектеп-гимназия түлегі:

-Қажымас қайрат пен еңбектің арқасында болған жетістік деп санаймын. Себебі тек қана бір жыл емес, 11 жыл бойы алған білімдерімізді нәтиже көрсеттік, сол оның әділ нәтижесі деп есептеймін.

125 сұрақтың бәріне дұрыс жауап берген олар ең бастысы тест тапсыру барысында еш қобалжымай, өз қорқыныштарын жеңе білген. Оның үстіне, сұрақтардың көбі осыған дейінгі дайындық сынақтарынан таныс екен.

Рәмзия Оспанова, №159 мектеп-гимназия түлегі:

-Мен үшін аса қиын болмады. Өйткені, онда біз әр апта сайын тапсыратын тестердегідей ұқсас сұрақтар болатын. Бұл сұрақтармен мен таныс болдым.

Айта кетерлігі, Рәмзияның егізі Мәриям 119 балл жинаған. Жалпы, биылғы түлектердің нәтижелері былтырғыдан әлдеқайда жоғары болып жатыр. Өткен жылғы бүкіл бітірушілердің орта көрсеткіші 80 балға да жетпеген. Биыл бірінші күні-ақ орташа бал 83,7-ні құрады.

Жанна Қайшығұлова, Ұлттық тестілеу орталығы орта білім бойынша тестілеуді ұйымдастыру басқармасының басшысы:

-Қазақстан бойынша кеше 2 маусым күні 44 пунктте ҰБТ басталды. ҰБТ қорытындысы бойынша бізде 17934 бала қатысқан.  Кешегі күннің қорытындысы бойынша 100 балл алған баланың саны 3834 болды. Ол 21,3 пайызды құрады.

Ресми мәлімет бойынша тест тапсырушылардың алғашқы легінің арасында ең жоғарғы балды жинаған бесеу емес, үшеу болып шықты. Олардың екеуі бір мектептің түлегі. Енді 50 балды жинай алмаған 2277 оқушы тамыз айында ақы төлеп қайтадан тест тапсыра алады. Ал тәртіп бұзып, залдан қуылған төртеуі бұл мүмкіндіктен де айрылып отыр.

ДереккөзКТК арнасы