Елбасы Үндеуіндегі жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартудағы бастамасы көптің көңілінен шыққан оңды шешім болды. Осы бастамаға орай Атырау облысында жатақханалар салу жұмыстары жүзеге асуда. Қазіргі таңда облыста 2 жатақхана құрылысы жүріп жатыр. Соның бірі Дина Нұрпейсова атындағы колледж жатақханасы. Жатақхана құрылысын осы жылдың қыркүйегіне дейін аяқтау жоспарлануда.
«Колледждегі студенттердің көп бөлігі шалғай ауыл, аудандардан келген жастар. Сол себепті жатақхана мәселесі шешімін таппай келді. Жаңа жатақхана кезекте тұрған студенттердің барлығын қамтитын болады»,- дейді колледж директоры Гүлнар Садуахасова.
Сондай-ақ, өңірде 960 орындық 8 жатақхананың құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасалуда.
Айта кету керек, Президенттің бес әлеуметтік бастамасының үшінші бағытында білім беру жағдайы мен студенттердің тұрмысына ерекше көңіл бөлінді. 2022 жылдың соңына дейін кем дегенде 75 мың орындық жаңа студенттер жатақханасының құрылысын қамтамасыз ету қажет. Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру бойынша жатақханалар құрылысы 2018 жылдың қыркүйегінен басталады. 2022 жылға дейін елімізде 160-200 жатақхана салу жоспарланып отыр.