Оралда «Цифрлы оқу орны» байқауы өтті

БҚО білім басқармасының мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының облыстық оқу-әдістемелік кабинеті бұл байқауды тұңғыш рет ұйымдастырды. Бөлім басшысы Райгүл Қуаншалееваның айтуынша, аталмыш байқау енді бес жыл қатарынан өткізілетін болады.

– Елбасымыз биылғы Жолдауының «Адами капитал – жаңғыру негізі» бағытында «Жұмыс берушілерді тарту арқылы және халықаралық талаптармен цифрлық дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы бағдарламаларды жаңарту керекпіз» деп атап өткен болатын. Бүгінгі байқау осы орайда өткізіліп отыр. Мақсаты – студенттердің инновацияға деген қызығушылығын арттыра отырып, цифрлық сауаттылықтарын дамыту және үздік инновациялық жобаларды анықтау, — деді Р.Тілекқабылқызы.

Байқау «Мәліметтер базасын әзірлеуде үздік жоба», «Электронды-цифрлық ресурс әзірлеу саласындағы үздік жоба», «Мобильді қосымшаларды әзірлеу саласындағы үздік жоба», «Үздік анимациялық жоба», «Дамыту ойындарының үздік жобасы (әлеуметтік желілер үшін)» секілді бес аталымнан тұрды.

-Жобамды Macromedia Flash бағдарламасымен жасадым. Мұнда компьютердің дамуы, бағдарламалау әлеміндегі адамдар – бағдарламашылар туралы айтылған. Олардың қасиеттері, өмірлік ұстанымдары көрсетілген. Мақсаты – жас бағдарламашылар, мектеп оқушылары компьютердің пайда болу тарихы туралы өз білімдерін арттыра алады. YouTube-та өзімнің жеке каналым бар. Соған жүктейтін боламын, — дейді сайысқа «Бағдарламалау әлеміндегі адамдар» атты анимациялық жобасын алып келген БҚИТУ студенті Саламат Қонақбай.

Сайыс нәтижесінде Ж.Досмұхамедов атындағы Орал педагогикалық колледжінің студенттері Андас Қажимов, Әлішер Байденов,Асылхан Әжімұрат, Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің студенті Марсель Шайхиев, Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық колледжінің студенті Әсем Ізтілеуова, Теректі колледжінің студенті Жанаргүл Еркебай үздіктер қатарынан көрінді.

Тоқтар Ғабдрешұлы