Оралда «БатысБілімTalks» лекторийі өтті

Бұл сессияның ерекшелігі – облыстық білім саласы қызметкерлері алдында «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымының орынбасары, PhD докторы Нәзипа Аюбаева «Кәсіби біліктілікті дамытудағы ұстаздардың кәсіби ынтымақтастығы» тақырыбында дәріс оқыды. Дәрісалды әңгімесін өзін таныстырудан бастаған Нәзипа Алтынбекқызы Кембридж университетінің әуелі магистратурасын, кейін докторантурасын тәмамдағанын, бүгінде еліміздің білім беру саласында қызмет етуші ұстаздар қауымын кәсіби тұрғыда дамытуға күш салып жүргенін баяндап өтті.

Ең алғаш Назарбаев Зияткерлік мектептерін ашу барысында жаңа мектепке жаңа мазмұндағы білім беру үрдісі қажеттігі айқындалды. Кембриджге барып, білім алу туралы идея да осы кездің жемісі-тұғын. Бұл міндет маған жүктелді. Сөйтіп, құжат жинауға кірісіп кеттім. Әрине, өз білімімді дәлелдей аламын ба, жоқ па деп іштей қобалжу болды. Мен бұл қорқыныш сезімін біраз уақыт жасырып келдім. Алайда Кембридждегі бес жылым, алған білімім мен ондағы дағдылар мені ашықтыққа үйретті. Бүгін мен сіздермен шет елдегі бес жылдық тәжірибеммен бөліспекпін. Мұғалім өз тәжірибесін қалай көре алады, оқушыны тұлға ретінде қалыптастыруға қалай көмектесе алады? Осы сұрақтар төңірегінде сөз қозғаймыз. Неге біз «Кәсіби біліктілікті дамытудағы ұстаздардың кәсіби ынтымақтастығы» тақырыбын алып отырмыз. Өйткені мен дәл осы тақырыпты зерттеген едім, — деп сөзін бастаған мейман «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның Кембридж университетінің тәжірибесіне неліктен тоқтағанын баяндады.

1209 жылы негізі қаланған Кембридж қабырғасынан Нобель сыйлығының 116 лауреаты, 13 премьер-министр шыққан, университетте 150 факультет, 15 миллион кітап қоры бар 100 кітапхана, 31 колледж бар.

 Дәрістен соң басқосу «Мектеп тәжірибесінде сабақты зерттеу – серіктестік арқылы кәсіби даму» тақырыбында НЗМ педагогтері мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы тренерлерінің шеберлік-сыныптарына жалғасты. Айта кетелік, олардың арасында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы директорының орынбасары Мәдина Тыныбаева да болды. «Білім мазмұнын жаңарту жағдайында сабақты зерттеу үшін фокустық сұрақты қалай анықтауға болады?», «Топ құру және сабақты зерттеу тобында рольдерді бөлу», «Сабақты зерттеу үдерісіндегі бірлескен бақылау техникалары» тақырыптарында өткен шеберлік сыныптары білім саласы қызметкерлерінің тәжірибе алмасуына жол ашты.