Басты бетЖаңалықтарҚазақстанда өсетін...

Қазақстанда өсетін бидайдан мата мен пластик өндіріледі

Жоба бидайды терең өңдеу арқылы инновациялық полиамидті материалдарды шығаратын бірегей технологияны қамтиды. Алдағы уақытта олар жасанды маталардың, пластиктер мен полимерлік жабындылардың өндірісі үшін пайдаланылатын болады. Әлемде бұл технологияны тек қытайлық «Cathay Industrial Biotech, Ltd.» компаниясы меңгерген. «Kazakh Invest» қолдауымен қол қойылған келісімнің арқасында екінші зауытты Қазақстан аумағында салу жоспарланған.

Жобаға салынатын инвестиция 2,5 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұл — толығымен экспортқа бағытталған жоба. Оған жыл сайын 2,5 млн тонна отандық астықты пайдалану жоспарлануда.

Еске салайық, бүгін Бейжің қаласында жалпы сомасы 13 млрд АҚШ долларын құрайтын экономикалық сипаттағы 40 құжатқа қол қойылды. Олардың 15-і «Kazakh invest»-тің қолдауымен іске асты. Аталмыш келісімдерге сәйкес, Қазақстан аумағында машина жасау, биотехнологиялар саласындағы жаңа жоғары технологиялық өндірістерді іске қосу жоспарланған.