Елорданың 20 жылдығына қарағандылықтар үлкен сый жасағалы отыр

«Шамамен бір айдан кейін біздің бәріміз еңселі елордамыз — Астана қаласының 20 жылдығын атап өтетін боламыз. Қарағандылықтар Астанаға сыйлық дайындап қойды. Ол — «Ұлытау» аллеясы және «Қазақ еліне мың алғыс» монументі. Аллея — ашық аспан астындағы музей іспеттес болады. Ол жерде біздің Ұлытаудың басты құндылықтарын көруге болады. Ол жерде «Алтын шоқы» шыңындағы тастың көшірмесі қойылатын болады. Ол таста — Темірланның жазбасы сақталған. Тастың түпнұсқасы Санкт-Петербургтегі Эрмитажда сақталған. Ғалымдардың пайымдауынша, тасқа жазба 1391 жылы — Темірланның Алтын Ордаға жасаған әйгілі жорығы кезінде қашалған», — дейді ол.

Әкімнің айтуынша, тұңғыш рет осы ескерткіштің көшірмесі бәрі тамашалай алатындай орынға — Астананың ортасына орналастырылады. «Ұлытау» аллеясында сонымен қатар Теректі Әулие мен Байқоңырдың петроглифтерін көруге болады. Ол петроглифтердің 4 мың жылдық тарихы бар.

««Қазақ еліне мың алғыс» монументі — 14 метрлік қола мүсінді композиция. Қазіргі уақытта ол Қарағандыдағы көркемөнер комбинатында жасалып жатыр. Монумент — репрессия кезінде көптеген ұлттарды құшағына басқан қазақ елінің мейірімділігін паш етеді», — дейді әкім.

Ерлан Қошановтың айтуынша, сыйлықты әзірлеуге демеушілер көптеп үлес қосқан.

«Сыйлықтардың құнын айту әлбетте ыңғайсыздау болар. Бірақ, айта кетерлігі — ол сыйлықтардың жасаудағы қаражаттың көбін демеушілер қосты. Бұл біздің кәсіпкерлер. Жақсылық жасағанын жарнамалағысы келмейді. Олар өз сөзінде «Бұл барлық қарағандылықтардың атынан берілетін сыйлық» дейді», — деді Ерлан Қошанов.