Елорданың 20 жылдығына қарағандылықтар үлкен сый жасағалы отыр

Астана қаласының 20 жылдығы аясында елордаға қарағандылықтар «Ұлытау» аллеясы мен «Қазақ еліне мың алғыс» монументін сыйға тартқалы отыр. Бұл жайлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын Қарағанды облысында іске асырудың бірінші жылын қорытындылаған Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов мәлім етті.

монумент
©inform.kz

«Шамамен бір айдан кейін біздің бәріміз еңселі елордамыз – Астана қаласының 20 жылдығын атап өтетін боламыз. Қарағандылықтар Астанаға сыйлық дайындап қойды. Ол – «Ұлытау» аллеясы және «Қазақ еліне мың алғыс» монументі. Аллея – ашық аспан астындағы музей іспеттес болады. Ол жерде біздің Ұлытаудың басты құндылықтарын көруге болады. Ол жерде «Алтын шоқы» шыңындағы тастың көшірмесі қойылатын болады. Ол таста – Темірланның жазбасы сақталған. Тастың түпнұсқасы Санкт-Петербургтегі Эрмитажда сақталған. Ғалымдардың пайымдауынша, тасқа жазба 1391 жылы – Темірланның Алтын Ордаға жасаған әйгілі жорығы кезінде қашалған», – дейді ол.

Әкімнің айтуынша, тұңғыш рет осы ескерткіштің көшірмесі бәрі тамашалай алатындай орынға – Астананың ортасына орналастырылады. «Ұлытау» аллеясында сонымен қатар Теректі Әулие мен Байқоңырдың петроглифтерін көруге болады. Ол петроглифтердің 4 мың жылдық тарихы бар.

««Қазақ еліне мың алғыс» монументі – 14 метрлік қола мүсінді композиция. Қазіргі уақытта ол Қарағандыдағы көркемөнер комбинатында жасалып жатыр. Монумент – репрессия кезінде көптеген ұлттарды құшағына басқан қазақ елінің мейірімділігін паш етеді», – дейді әкім.

Ерлан Қошановтың айтуынша, сыйлықты әзірлеуге демеушілер көптеп үлес қосқан.

«Сыйлықтардың құнын айту әлбетте ыңғайсыздау болар. Бірақ, айта кетерлігі – ол сыйлықтардың жасаудағы қаражаттың көбін демеушілер қосты. Бұл біздің кәсіпкерлер. Жақсылық жасағанын жарнамалағысы келмейді. Олар өз сөзінде «Бұл барлық қарағандылықтардың атынан берілетін сыйлық» дейді», – деді Ерлан Қошанов.