2017 жылы Қазақстан әлемнің 54 елімен визасыз режим орнатады

«Еліміздің инвестициялық әлеуетін көтеру мақсатында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарын енгізу бойынша жұмыстар атқарылуда. Қазақстанның барлық өңірінде инвесторлар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету енгізілген. Инвестициялық омбудсмен институты және елімізге инвестиция тарту бойынша үкіметтік жергілікті кеңестер құрылды. 2015 жылы 35 елмен визасыз қарым-қатынас орнатылса, 2017 жылы олардың қатары 54 мемлекетке жетеді», — деді президент.

Айта кетейік, елордада Қазақстан президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлы отырысы өтіп жатыр. Отырыстың биылғы тақырыбы – «Астана – халықаралық қаржы орталығы».

Шетелдік инвесторлар кеңесі 1998 жылы Елбасының төрағалығымен консультативтік-кеңестік орган ретінде құрылған болатын. Аталған кеңес – елімізде жұмыс істейтін инвесторларға президент және үкімет мүшелерімен тікелей диалог орнатуға мүмкіндік беретін алаң. Құрылған жылдан бері бұл алаңда Қазақстанда шетелдік инвестициялар үшін құқықтық режимді жақсарту, еліміздің сот жүйесін жетілдіру, салық салу жүйесін оңтайландыру және Қазақстанның инвестициялық имиджін жақсарту және тағы басқа мәселелер талқыланды.

Бүгінде кеңес құрамына 36 шетелдік компания мен халықаралық ұйымдардың басшылары кіреді.

ДереккөзBNews.kz