-Еңселі ескерткіштің эскизіне байқау жарияланып, оған еліміздегі белгілі скульпторлар қатысуда. Жеңіске жеткен жоба мәдениет министрлігімен келісіле отырып қойылады. Ескерткішке керекті қаржыны кәсіпкерлер бөлмекші. Уақытты созып жүре бермей, биыл тұрғызуымыз керек. Ескерткішпен бірге оның алдында адамдар демалатын саябат та жасалады. Әрине, қазір ескерткіш қайда орналасады деген сұрақ қызу талқыланып жатыр. Әлі де орнын нақтылай түсуіміз қажет. Бізде үш батыр қызға — Мәншүк, Әлия, Хиуазға ескерткіш бар, Құрманғазы мен Динаға да орнаттық, — деді А.Көлгінов.
Айта кету керек, күні бүгін ескерткіштің нақты белгіленген орны жоқ. Таяуда облыс әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұловтың төрағалығымен өткен жиында бірнеше ұсыныс қаралды. Басқосуға қатысушылардың бір тобы «ескерткішті Самара-Шымкент күрежолының Оралға кіреберісіне қояйық, шетелдіктер алдында айбарымызды асырып, мәртебемізді биіктетіп тұрсын» десе, екінші топ ескерткішті Орал-Атырау күрежолындағы Желтаудың басына орнатқан дұрыс деген пікірде.
«Тікелей эфир» барысында, сондай-ақ, облыс орталығында үлкен мәдениет ошағы бой көтеретіндігі айтылды. Заман талабына сай мәдениет сарайының құрылысы Орал шаһарының жаңа алаңында биыл басталып, екі жыл ішінде бой көтермек.
Аймақ басшысы тікелей эфирде Мемлекет басшысының Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарының қорытындысына тоқталды. Елбасының Жолдауы мен «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасының» жүзеге асуы туралы баяндады. Сонымен қатар, аграрлық сектор, кіші және орта бизнес, экспортқа бағытталған кәсіпорындарды дамыту мен қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары туралы сөз етті.
«Әкім сағатына» тұрғындардан саll-орталыққа 287 сұрақ түсті. Барлық сұрақтар облыс әкімі аппаратына жолданып, жауапсыз қалмайтын болады.