Қасиетті Рамазан айы қарсаңында оразаға қатысты жиі қойылатын бірқатар сұрақтардың жауабын  өздеріңізге ұсынғанды жөн көрдік.

Оразада сәресіне ұйықтап қалған адам не істейді? Ауыз бекітпесе ораза бұзылмай ма?

– Бұзылмайды. Сәресіне тұрмаған кісі сол күнгі оразасына ниет етіп, ештеңе жеместен ауыз бекітеді. Себебі, Пайғамбарымыз «ашура күні» жаршыға былай жария етуді бұйырды: «Кім бір нәрсе жеп қойған болса, аузын күннің соңына дейін берік етіп тәмәмдасын. Ал ештеме жемеген адам, сол күйінше жемесін!» Бұл хадистен түсінетіміз, ораза кезінде сәресіге тұрмай таң атырған кісі де сол күнгі оразасын ұстайды.

Сәресі уақытын күн шығысымен тоқтату керек пе?

— Сәресінің аяқталу уақыты күннің шығуымен емес, таң намазының кіруімен есептеледі. Ендеше, аймағыңыздағы кесте бойынша таң намазы кіргенге дейін ауыз бекітіп үлгеруіңіз керек. Яғни, таң намазының уақыты кірісімен ішіп-жеуді тоқтату керек. Құран Кәрімде ауыз бекіту уақыты жайында былай делінген: «…Таңға дейін, (яғни) «қара жіп» «ақ жіптен» айрылғанға дейін ішіңдер, жеңдер, содан соң оразаны кешке дейін толық орындаңдар…»[1]. Бұл аяттағы «қара жіп» – түнді, ал «ақ жіп» таңды білдіреді. Яғни, қараңғылық кетіп, таң анықтала бастаған уақытта ішіп-жеуді тоқтату керек деген сөз.

Ұмытып ішіп-жеп қойғандардың оразасы бұзыла ма?

— Егер аңдаусызда ұмытып ішіп-жеп қойса, онда ораза бұзылмайды. Бірақ, ораза ұстап жүргендері есіне түскен сәттен бастап ішіп-жеуді дереу тоқтатып, ауыздарын шайып, оразаларын ары қарай жалғастырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Кімде-кім ұмытып ішіп-жеп қойса, оразасын қайта жалғастырсын. Өйткені, оған Алла Тағаланың өзі ішкізіп-жегізген», — дейді.

Ораза екендігі есіне түскенде, дереу астан тыйылу керектігін біле тұра «болды, бұзылды» деп тамақ жеуін жалғастырған адам күнәһар болады. Ал, ондайда дереу асты доғару керектігін білмей ішіп-жеп кеш батырған адам ораза айы біткеннен кейін сол күннің қазасын өтейді.

Сілекей не түкірік жұтса немесе беттен сүйсе ораза бұзыла ма?

–Аузы берік кісі сілекейін не түкірігін жұтса, оразасы бұзылмайды.  Сондай-ақ кісінің беттен сүюі де оразаны бұзбайды. Себебі, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ауызы берік бола тұра әйелдерін сүйетіндігі Айша анамыздан жеткен. Бұл жерде ескере кететін жағдай, егер әйелін сүйгенде шәует бөлініп кетпейтініне және жыныстық қатынасқа түсіп қоймайтынына сенімді болса, онда сүюіне рұқсат. Ал оған сенімсіз болса – мәкрүһ.

Оразада  өзен-көлге түсуге бола ма? 

— Ораза кезінде салқындау, жеңілдеу мақсатында өзен-көлге т.б. жерлерге шомылуға немесе ғұсылдануға болады. Тек ауыздан не мұрыннан ішке су кетіп қалмауын байқау керек. Әбу Дәуіттің (р.а) сүнанында риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) аузы берік бола тұра ыстықтағандықтан немесе қатты шөлдегендіктен басына су құйғандығы айтылады. Шомылу барысында құлағына кірген су да оразаны бұзбайды дейді ғалымдарымыз.

Сағыз шайнауға, дәрі ектіруге, система салдыруға бола ма? Тіс жұлдыруға ше?

— Кей жағдайларда табиғи жолдармен қоректене алмайтын кісілерге денені азықтандыру үшін инъекция жасалып жатады. Қазіргі таңдағы ғалымдарымыз мұндай ине салу немесе система алу оразаны бұзады дейді. Ал, одан өзгелері азық болмағандықтан әрі табиғи жолдармен асқазанға түспегендіктен оразаны бұзбайды деп отыр. Ендеше, ем үшін салғызатын ине салу мен система алу оразаңызды бұзбайды. Алайда, оразадан әлсіреген денеге қуат беретін дәрі егуге аузы берік кісіге рұқсат жоқ. Ондай дәріні тек ауыз ашқаннан кейін ғана егуге болады.

Сағыздың дәмінен ауызда тәтті сұйықтық пайда болып, ол асқазанға түсетіндіктен, ораза бұзылады. Әрі бұл азық қатарына жататындықтан, бұған кәфәрат қазасын өтеуіңізге тура келеді. Яғни, сағыз шайнап, тәтті сұйықтықты жұтқан адам рамазан айынан кейін екі ай үзбестен ораза ұстайды. Бұл жаңа сағыз үшін. Ал, бұған дейін шайналған, тәтті дәмі қалмаған ескі сағызды шайнауға келетін болсақ, бұл мәкрүһ  саналады.

Егер сағызды ораза кезінде ауыздағы жағымсыз иісті кетіру мақсатында шайнағыңыз келсе, бұдан басқа тәсілдерге жүгінуге кеңес береміз. Атап айтсақ, сағыздың орнына мисуак немесе тіс пастасын қолдансаңыз болады. Тек тіс пастасының көбігін жұтып қоймауды қатаң қадағалау керек. Ал егер байқаусызда ішке кетіп қалған болса, онда сол күнгі орзаның қазасын ғана өтейсіз. Кәфәрат керек емес. Себебі, тіс пастасы азыққа саналмайды.

Тіс жұлдыру да оразаны бұзбайды. Тіс жұлынғанда салынатын ине де ішке «табиғи емес» жолдармен енетіндіктен, бүгінгі ғұламаларымыз ол да оразаны бұзбайды деген.

Әйелдер көпшілік жерге баратын болса, бетіне опа, далап, крем жағады. Бұл оразаны бұзбай ма?

–Терідегі ұсақ тесіктер арқылы ет пен терінің арасына сіңетін заттар оразаны бұзбайды. Мысалы, крем жағу, май жағу, судың ішінде ұзақ тұру, жараның бетіне дәрі таңу, т.б. Тек крем не майды жаққан кезде тым қалыңдатпаған жөн. Себебі, қалың жағылған крем не май дәрет алғанда суды теріге жеткізбеуі мүмкін. Ал теріге су тимеген соң дәрет дұрыс болмайды.

Жүкті әйелге ораза ұстау керек пе?

–Шариғатта құрсақтағы немесе емізулі балаға зияны тиеді деп қауіптенген анаға Рамазан оразасын  тұтпай, кейінге қалдыруына рұқсат.  Сахаба Әнәс бин Мәликтен (р.а) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) : «…Күмәнсіз Алла тағала сапардағы адамға намазды қысқартып, ал оразаны жолаушыға және жүкті әйел мен емізулі әйелге міндеттемеді…», – деді.

Намазы жоқтың оразасы қабыл ма?

–Намаз оқымайтын кісі ораза ұстаса, ұстаған оразасының сауабын алады. Алайда, күнәдан да құтылмайды. Өйткені, намаз мұсылмандығымыздың белгісі.  Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл жайында: «Шындығында, мұсылман мен кәпір және мүшриктердің  ара жігін айырар белгі – намаз оқу», – дейді. Сондықтан да,  оразамен қатар намазды да бастағаны жөн.

Жұмысы ауыр кісіге ораза ұстамауына бола ма?

–Оразаның өзінде нәпсімізге қиын келетін тұсы бар. Ораза мәнінің бір қыры да нәпсімізді басып, ноқталап, құлқынымыздың ашкөздігін Алла ризашылығы үшін тәрбилеуде жатыр десек, қателеспеспіз. Ендеше, жұмыс барысында ораза ұстау өлімге алып келетіндей қауіп тудырмаса немесе денсаулығымызға айтарлықтай нұқсан келтірмейтін болса, яки бас айналып, құлап қалатындай күйге түспесеңіз, аздап қиналатынымыз үшін Алланың бұйрығынан бет бұрғанымыз жөн болмас. Алла Тағала құдси хадистің бірінде: «Адам баласының барлық амалы өзі үшін жазылады. Алайда, оразаның жөні бөлек. Оның қарымын тек Мен беремін. Өйткені, ол тек менің разылығым үшін ішіп-жеуден бас тартты. Ораза ұстаған адамның екі қуанышты сәті бар: біреуі ауызашар уақыты, екіншісі Аллаһ Тағаламен қауышар сәті. Ораза ұстаған адамның аузынан шыққан иіс Мен үшін жұпар иісті мисктен артық», – деген.

Рамазанда қан алдыру қалай болады?

–Қан алдыру оразаны бұзбайды. Өйткені, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) аузы берік бола тұра қан алдыртатын болған. Әйтсе де, аузы берік адам қан алдыртқанда әлсіреп, ораза тұтуы қиындап кететініне көзі жететін болса, оған қан алдыру мәкрүһ болып саналады.

Ұшақтағы адам ауызашар уақытын қалай анықтайды? Жалпы жолаушы міндетті түрде ауыз ашуы керек пе?

– Ұшақтағы адам жергілікті ораза кестесін емес, күннің батуын негізге алады. Мысалы, жергілікті кестеде «сағат осыншада ауызашар» дегенімен, ұшақтағы адамға күн әлі батпаса, ол кісі кестедегі уақытқа емес, күннің батуына қарайды. Кесте уақыты жердегі ораза ұстаушылар үшін арналған. Өйткені, Құранда айтылғандай, сәресіні ішуді тоқтату уақыты таң қылаң бере бастауымен, ауызашар уақыты күннің батуымен білінеді. Бұл жолаушы кезде оразасын бұзғысы келмегендер үшін. Ал, жалпы дініміз сапарда ауыз ашуға рұқсат етеді. Жаратушы Иеміз ораза кезінде пенделеріне кейбір жағдайда ораза ұстамауға рұқсат еткен. Сол рұқсаттардың бірі – жол жүргенде ораза ұстамау. Ауызы берік адам өзінің тұрақты жерінен ең кемі 85-90 шақырым ұзақтықтағы жерге жолға ниеттеніп шықса, ол кісіге ораза ұстамауына рұқсат етіледі. Бірақ – міндет емес. Яғни, кімде кімнің жолаушы кезінде оразаға қауқары жетсе, аузын ашқаннан гөрі оразасын жалғастыра бергені абзал.

 Құсқан кезде ораза бұзыла ма?

–Ораза кезінде аузы берік кісі «еріксіз» құсса, ораза бұзылмайды. Ал ауызды толтыра әдейі құсу оразаны бұзады. Ондай жағдайда Рамазан айынан кейін сол күнді қайта тұту керек. Кәфарат қазасы керек емес. Ауыз толы болмаса бұзылмайды. Бұл жайында имам Тирмизиден жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) : «Еріксіз құсық келген кісі (оразасын) қазасын өтемейді. Ал әдейі құсқан болса (сол күнгі оразаның) қазасын өтесін» – дейді.

Тарауих намазын тек ораза ұстағандар ғана оқи ма?

–Тарауих намазы ораза айында оқылатын құлшылық түрі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оразада бұл намазды үнемі оқығандықтан үкімі «бекітілген сүннет».  Аталмыш намазды оразаны тұтқан да, тұтпаған да оқыса сауапқа кенеледі. Тарауих намазын оқудың сауабы жайында Алланың Елшісі (с.ғ.с) : «Кімде кім, Рамазанда сауабын үміт ете отырып, Алла разылығы үшін Тарауих намазын оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – деген.

Ауыз бекіту дұғасы мен ауыз ашар дұғаларын қазақша айтуға бола ма?

— Алла Тағала барлық ұлттардың тілімен қоса іштейгі айтылмаған тілектерін де біледі. Сондықтан ауыз бекіту дұғасы мен ауыз ашар дұғаларын арабша айту шарт емес, әр ұлт өз тілінде айтса да болады.

Ораза ұстауға шын мәнінде шамасы жетпейтіндер болады. Олар не істейді?

– Шариғатта ауруларының айығуы үміт етілмеген жандар мен ораза ұстауға шамасы жетпейтін  қарт кісілер рамазанның әр бір күні үшін бір кедейді тамақтандырады. Бұны «фидия» дейді. Фидияны ақшалай беруге болады. Бір кедейді отыз күн таңда және кешке тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таңертең яки кешке тамақтандыру жеткілікті. Фидия беруге шамасы келмесе, Алладан кешірім тілейді.

Ескі оразадан қарызы бар адам не істейді?

— Ханафи мәзхабы бойынша өткен оразадан қалған қарыз күндерді осы келе жатқан рамазанға дейін өтеу шарт емес. Өйткені, Алла Тағала Құран Кәрімде: «Кімде-кім сырқаттанса немесе жолға шықса (аузын ашуға рұқсат) басқа күндері қазасын өтесін»[29], – дей отырып, Алла Тағала қаза ету уақытын шектемей, жалпылама айтып отыр. Сондықтан да, келесі рамазан айына дейін өтеу міндет емес.

Жанған бір заттың түтінін жұтып, оны иіскесе ораза бұзыла ма? 

— Түтінді әдейі жұтпай, еріксіз өздігінен ішке кірсе оразаға зияны жоқ. Ал, оны әдейі ішке тартып иіскесеңіз немесе әдейі жұтсаңыз ораза бұзылады. Рамазаннан кейін сол күннің қазасын өтеуіңіз керек. Әйтсе де, бұл жағдайды әтірдің немесе гүлдің т.б. заттың иісін иіскеумен бірдей көрмеу керек. Әтірдің немесе гүлдің иісін иіскеу оразаны бұзбайды. Осы орайда айта кету керек: темекі оразаны бұзатындықтан, ауызы берік бола тұра темекі тартқан кісінің оразасы бұзылады.

Қадір түнін таң атқанша ұйықтамай өткізу шарт па?

— Қадір түні – Рамазан айындағы ең қасиетті мүбәрак түн. Бұл түні жасалған ғибадат 83 жылдық сауапқа бара-бар. Сондықтан бұл түнді нәпіл намаз, Құран оқып, зікір айтып, салиқалы істер жасап, ғибратты әңгімелер мен уағыздар тыңдап өткізген абзал.
Қадір түнін таң атқанша көз ілмей өткізу шарт емес. Әркім өз жағдайы мен ыңғайына қарай өткізеді. Түні бойы дастарқан жайып үйде күту де, мешітте өткізу де шарт емес.

Мәліметтер muftyat.kz және islam.kz алынды.

Қасиетті Рамазан айында ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын!