Бекболат Тілеухан: Бүгінгі таңда екінің бірінің қайғысы – диета, арықтау

Бекболат Қанайұлы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақ­стан­ халқына Жолдауында «Са­ла­матты өмір салтын наси­хаттай отырып, қоғамдық ден­­саулықты басқару ісін кү­шей­ту керек» деген болатын. Елбасы пікірін негіздей отырып, сізбен тақырыптық сұхбат жасамақ ойдамыз. 

Әрине, түсінікті. Сөзді әуелгі ретінен бастасақ: мемлекеттің байлығы – көмір-темір, алтын-күміс немесе мұнай-газ емес. Мем­лекеттің байлығы – адам. Біздің Конституция бойынша да адамнан қастерлі, адамнан биік ешкім жоқ. Ал адам – мем­лекеттің қуаты де­сек, оның дені­нің саулығы, тәнінің сау­­лығы ауадай қажет. Қазақ «бірінші бай­лық – денсаулық» деп бекер айтқан жоқ. Демек, адамның дені сау болу үшін санасы сау болуы керек. Шәкәрім қажы: «Денең – жан нұрлы болса жөнделмек» дейді. Одан кейін дененің саулы­ғына ішкен-жеген тамағың, күн­делікті тұр­мыстағы жүріс-тұры­сың әсер етпей қоймайды. Алла тағала әр нәрсенің хақын жаратты. Бұлшық ет берді, оны қаже­тіне қарай пайдаланбайтын бол­саң, ол семеді, оның хақысы өтел­мейді.

«Тән – жанға берген Алланың аманаты» дейді қазақ. Ендеше, осыны түсінген адам денсаулыққа басқаша көзқараспен қарауы заңды. Мысалы, жүзіңді әрлеп, күтімде ұстауың, аяқ-қол, дене-бітіміңді қалыпты жағдайда же­тіл­діре білуің, өмірде тәртіп­тілікке бағынуың аса қа­жет. Я болмаса қампайып қарының шы­ғып кетсе, бет-жүзіңді әжім торлап, мыж-мыж болып жүрген не жақсы. Бұл Алланың берген көркем сипатына нұқсан келтіру болады. Бұл иманға да, ақылға да сыймайды.

Бұл жерде айрықша бір атап айтатын дүние, біз тәніміздің хақысына мән бермейміз. Осы орайда, өзімізге сын көзбен қарайық та. Бізде қандай әдемі жерлер бар. Өткен жылы Қарқа­ра­лы­дағы Тасбұлақта демалдым. Қандай керемет ауа, айнала жап-жасыл қарағай. Осының қызығын көріп жүрген қазақ тым аз.  Түтінге шомған қалада, жұм­сақ диван­ның қасында милығып жатып, ұйқыға көмілген адамнан не шықпақ. Ақылдың өзі ағын су сияқты. Ақпай тұрып қалса, борсып, сасып кетеді.

Қысқасы, қазақ баласы таза ауа жұтып, жаны мен тә­нін сауықтырсын дейсіз ғой? 

Дәл солай! Қазақ баласы бұл дүниеде Алланың өзіне бер­ген нығ­метінің қадірін білуі керек. Ана Баян­ауылға бар, ана Ақсу-Жабағылыға бар. Ақын­дар «Арқада Көкшетауға жер жетпейді…» деп тегін айтқан жоқ. Ал­тайың анау тұмса таби­ғаты тусырап жатқан. Біз болсақ жиналып аламыз да ет жейміз. Одан қалды карта ойнаймыз. Одан қалды шалқайып жатып үнді-түрік сериалдарын тамашалаймыз. Не ісімізде, не иманымызда береке жоқ. Әкем жарық­тық айтатын: «Құлша істеп, бише аса» деп. Бұл – еңбек ет те оның зейнетін көр, адал жұмыс атқарып, халал ас іш, деген сөз. Жапырып істемеген жарытып іше ме?!

Кейбір адамдардың өмір сүру салтына қарап қызығатын кездер де болады. Мысалы, біздің әкейлер таң намазынан кейін серпіліп, сыртқа шығып кететін. Сол кезде, яғни таң бозында, ауаның құрамында адам ағзасына өте қажетті йонды заттар түзіледі. Оны жұтқан адам күні бойы сергек жүреді. Ерте жатып, ерте тұ­ратын. Адамның таң алдында ояу болғаны денсаулығы үшін де, ойлау қабілеті үшін де өте-мөте пайдалы. Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Мағауин сияқ­ты танымал жазушылар құнды еңбектерін таңның алдында жазады екен. Тіпті Шыңғыс Айтматов көзі тірісінде, таң бозымен ерте тұрып, далаға шығып, серуендеймін, сол кезде жазып жатқан шығармама қатысты сюжеттер ойыма оралады, деп сұхбат бергені бар. Құранда: «түнді ұйқыға, күндізді сендерге мал табуға жараттым» деп бекер айтылмаған ғой.

Айтқан сөзіңізден түсін­генім: адамның дені сау болма­ғы өзінің өмір сүру салтына қатыс­ты екендігі ғой?

Солай. Бірақ жоғарыдағы ойлардың бәрін түйіндей келе айтпағым, қазір не көп, ауру­дың түрі көп. Заманауи техника­лардың түрленуі сияқты, аурулар да түрленіп барады. Оның бір себебі жеген тамаққа байланыс­ты. Қазір не түрлі калориясы көп, қолдан жасалған витамині мол заманауи тағам­дар тұтынуға мәжбүрміз. Оны тұтынуын тұты­на­мыз-ау, бірақ бойға сіңі­ріп,­ қорытатын жағдайымыз жоқ. Бұрын тамақтың табылуы қиын бол­са, қазір сіңіру қиын болып жатыр. Бүгінгі таңда екінің бірінің қайғысы – диета, арықтау. Неге олай?! Бұл спортқа, дене тәрбиесіне деген көзқарастың кенжелеп қалуынан.

Бұл орайда, әр халықтың туа- біт­ті менталитеті, мінез-құлқы, салт-санасы деген бар. Бұл дүниелер сіз айт­қан рет­тілік пен жүйелікке әсер етпей қоймайды. Осының бәрін саралай отырып салмақтап айтқанда, қазақты қазіргі заманауи спортқа бейім жұрт деуге негіз бар ма?

Қазақ тумысынан спортқа бейім халық. Неге?! Көшпенді тұрмыс қазақты ат үстінен түсір­меді, жаугершілік заман жекпе-жек сайысқа бейімдеді, ұрпақтың қамы әрқашан сергек жүруді үйретті. Мұның бәрі ғасырлар бойы жалғасып келіп біздің қаны­мызға сің­ді, миымызда код­талды, санамызда сақталды. Айта­лық, саны 10 миллион­нан сәл асатын (қазақстандық қандас­тарды айтып отырмын) қазақтан шыққан спорт жұлдыздары – бір жарым миллиард қытайдан, бір миллиардтан астам үнділер­ден, 300 миллионға жуық индонезия­лықтардан шыққан жоқ. Бұл не деген сөз?! Біз ішкі қуатымыз өте күшті халықпыз. Бұл соның кө­рінісі.

Бірақ Құдайдың берген бере­кетін дамыту, ол басқа мәселе. Өмірде тек нәтижеге жеткіш, табанды адамдарды алып қарасақ, қайткен күнде спортқа қатысы бар боп шығады. Ол адамда ас­та-төк интеллектуалдық қабі­лет болмауы мүмкін. Бірақ табан­дылығының арқасында, интеллектуалды тұлғаның қолы­нан келе бермейтін істі атқарып кететін жағдайлар болады. Бұл не?! Табандылықтың күштілігі. Міне, көр­діңіз бе, қазаққа ең керекті дүние – та­бандылық. Ал адамның табанды­лығын шыңдай­тын бірден-бір жол, ол – спорт.

Өткенде бір спорт маманы жекпе-жек сайысу ерте ғасырдағы гладиаторлардан қалған шайқас, қазақ бұдан былай классикалық спорт түрлерімен, яғни жүгіріс, са­дақ ату, суға жүзу т.б. айналысу керек  деп еді. Осыған сіз не айтасыз?

Ойланатын мәселе… байқап қарасаңыз, жеңіл атлетика сияқты спортта қазақ жоқтың қасы. Біреулер аузы қисайып, «күрес пен бокстан басқа спорт түрі қазақтың қолынан келмейді» дейтінді шығарып жүр. Мысалы, Ғұсман Қосановты алайық. Қазаққа алғаш рет Олимпиададан медаль алып берген осы адам. Түбі семейлік Сыйтық деген шалдың баласы. 1960 жылы Римде өткен жазғы ХVІІ Олимпиадада 4×100 метрлік эстафеташылар жарысынан күміс жүлде алды. Осы жылы Киевте өткен КСРО чемпионатының 4×100 метрлік эстафеташылар жарысының жеңімпазы атанды. 100 метрге жүгіруден КСРО чемпионатының күміс жүлдегері болды. 1965 жылы тарихта «Ғасыр оқиғасы» деген атпен белгілі КСРО-АҚШ матчының 4×100 метрлік эстафеташылар жарысының жеңімпазы атанды. Осы Ғұсман қазақ емес пе?!

Ал 1966 жылы қысқа спринт­тік қашықтыққа жүгіруден Еуро­па кубогін еншілеген, дәп қазір ортамызда жүрген Әмин Тұяқовты қайда қоясыз. Яғни жүгіру болсын, өзіңіз айтқандай, са­дақ ату, мергендік бәрі-бәрі сөз жоқ, қа­зақ­тың қолынан келуге тиіс.

Кеңес өкіметінің кезінде шамадан тыс мықты болмасаң, әлемдік спорт додасының маңы­на жолатпайтын. Енді ойлап қараңызшы, Одақтың ойранын шығарған Ғұсман мен Әминнің інілері жоқ деген сөз, ол қазақты – қорлау.

Ғұсмандар заманы бөлек еді ғой. Қазір шынында өзіміз де сол жекпе-жек спортқа қарай бой бермей жүгіріп тұр­ған жоқпыз ба?

Дегенмен біз көп жағдайда, жеке адамның денсаулығына қатерлі жекпе-жек спорт түр­ле­ріне өзіміз де бейімбіз, әрі «қазақтың қолынан осы келеді» деп, санаға сіңіріп қойғандық та бар. Оның үстіне өмір бойы аттың жалы, түйенің қомында жүрген қазақ үшін жекпе-жек өнерге деген құрмет ерекше басым. Жалпы, бұл біздің генетикалық жа­дымызда сақталған нәрсе. Бірақ ғылыми жүйелікті талап ететін классикалық спорт түр­леріне келгенде, бейпіл, аумалы-төкпелі психологиямыз әсер етіп, табандылық танытпай, сырғып кететін жайымыз да жоқ емес.

Жаңағы сіз бен біз айтқан спорт түрлеріне Кеңес кезінде қазақты жолатпады деп келдік. Енді кімнен көреміз? 

Расында жолатпаған ғой. Көп жағдайда санамыздағы бос­тан­дықты тұншықтырып тас­таған. Жасыратыны жоқ, клас­сикалық спорт түрлерінде қазақ бапкерлер аз. Болғанның өзін­де маргинал бейбақ. Олар болашақта орнынан айырылып қалмау үшін, суда жүзу, су добы, қысқы спорттық ойын түрлеріне қазақтарды жолатпайды. Бір сөзбен айтқанда, спорттың осы бір түрлерін монополиялап алған.

Одан кейін қазақтың қолынан келе­тін бір спорт болса, ол – мергендік. Ұлттық фольклор, жауын­герлік дастандарда, жамбы атудың, мергендіктің небір түрлері айтылады. Сондай-ақ орта ғасырда қазақ даласын көк­тей өтіп, Шығысқа саяхат жасаған итальяндық жиһангер Марко Поло, көшпенділер арасында өткен мергендер сайысында 335 құлаш жердегі нысанаға бәрі дәл тигізгенін жазады. Енді мынаған назар аударыңыз: Түрік сұлтаны ІV Мұрад Газис 1255 фут, яғни 210 құлаш, ертедегі грек мергені 1692 фут, яғни 282 құлаш жерден нысана атып дәл тигізгені жайлы деректер күллі адамзат тарихына жазылған.

1916 жылғы ұлт-азаттық қоз­ғалыстың қаһарманы Кейкі мерген Көкімбайұлын алып қарайық. Қалтқыдан басын бір қылтитып, патшаның солдаттары қайда жатқанын бір көріп алып, мылтығын шығарады да көздемей-ақ манағы көрген жерін дәл атады. 1940 жылы Оспан бас­таған Алтай қазақтары сансыз қытай әскерлеріне тек қана мергендіктерімен төтеп берді. Әрбір оғын санап атты.

Осындай қазақтан мерген шықпауы мүмкін бе?! Әлде бү­гін­гі қазақтың қуаты жетпей ме?! Түкте олай емес, осы спорт түрі бойынша қазақтың бапкерін, кадрын дайындамағандық бұл. Ұлттық намыс, ұлттық сананың кем­дігі. Қазіргі қазақ спортының кадр­ларын алып қарасақ, көбі басқа ұлттар. Бұлардың спорт саласын малтабарға айналдыруы – біздің ұлттық қасіретіміз. Ұлттық кадр­дың қа­лыптаспай отыруына да осы­лар кінәлі.

Бірнеше жылдың алдында ғы­лыми ілімі жетік сақа бапкер айтып еді: біз спортшыларды айла-тәсіл­ге, күш-қуатқа тәрбиелейміз, бірақ рух пен на­мысқа тәрбиелей алмаймыз деп. Осы қаншалықты жаны бар сөз?

Иә, спортта болсын, өмірде болсын жеме-жем дейтін дүние болады. Нағыз жеме-жемге келген кезде адамға күш беретін ғажайып бір сезім бар, ол намыс пен рух дейтін нәрсе. Мысалы, Ресей алып держава. Құрамында әртүрлі ұлт бар. Десек те, бұл елдің еркін күрес, дзюдо, грек-рим күресі сияқты жекпе-жек спорт түрлеріне бейімделген саласын алып қарасақ, негізінен дағыстандықтар иелік етуде. Өздері ат төбеліндей аз ғана ха­­лық. Ал мына қызыққа қара­ңыз,­ оларға қарсыластың көбі – якут, алтайлықтар мен қал­мақ-­буряттар. Осылар Ресей бірін­шіліктерінде финалда кездеседі. Екеуі де ресейлік, отаны бір. Бапкерлік мектебі де бір. Бірге жаттыққан. Күш-қуаты бірдей. Бірақ бірі жеңу керек. Жеме-жем деген осы. Бұл жерде ұлттық намыс сынға түседі. Нәтижесінде мін­детті түрде дағыстандық жеңе­ді. Неге?! Он­да мінез бар.  Ұлттық намыс деген осы. Адам баласы қайткен күнде бір қауымның өкілі. Барлық әйел атаулы менің анам деп айтпайсыз, өйткені сіз нақты бір әйелден тудыңыз. Сол сияқты сен де нақты бір ұлттың өкілісің! Егер де сен бір ұлттың өкілі бол­масаң, будансың. Сол себепті ондай адамда ұлттық намыс болмайды. Ақша үшін күреседі, кім көп ақша берсе соның сойылын соғады, қарсыласы көп ақша берсе жеңісті соған беріп қоя береді. Міне, спортты осындай космополиттік сана жаулап барады.

Космополиттік сана де­мек­ші, бұ­дан бірер жыл бұрын сырттан спортшылар сатып алып, еліміз атынан қо­са­тын үрдіс қалыптасқан-тын. Қа­зір еп­теп сая­бырсыды. Осыған не айта­сыз?

Қазір шындығын айтсақ, әлемдік спорт конъюнктураға айналды. Ол жер жатқан сауда. Тек көрсеткіш үшін жұ­мыс жасалып жатыр. Жеңісті сатып алу, пара беру, ақша айналдыру, өтірік жеңілу саяси мән-мазмұнға айналды. Тіпті шоуға айналып кеткен тұстары бар. Өзіне ұнамаса ережелерді өзгертіп жібереді. Мысалы, самбо ешбір күрестен кем емес. Оны олимпиадалық спорт түріне енгізбеу арқылы үлкен саясатта Ресейдің беделін төмендетпек т.с.с. Қазақ күресі кімнен кем. Бірақ әлем алдында саяси ықпал, экономикалық қуатың болмаған соң қиын. Оның үстіне отарда болғанымыз үніміздің шықпауына себеп.

Сол сияқты қазақ спортындағы конъюнк­тура – өзінің қазағын былай ысы­рып тастап, сырттан спортшы сатып әкелу. Жасырмай айтқанда, өткен жылдары қазақ спортының жетістігіне баланып жүрген ауыр атлетиканың дені сырттан сатып алынған қарақтар. Олимпиадаға барарда облыстық спорт басқармалары жапа-тармағай Ресейдің екінші нөмірлі спортшыларын сатып алады. Екінші нөмір қайда да, екінші нөмір. Ол алтын медаль­ды өлсе де алып бермейді. Әупірім деп ілінген күміс-қоласы үшін қазақ­тың қыруар ақшасын алып тайып тұрады, оны өп-өті­рік жаттықтырды деген есеппен біздің қулар атақ-абырой алып қарық болады. Осындай жал­ған­дық жай­лаған жерде қазақ спорты қалай дамиды.

Мұны түзеу үшін не істеу қажет деп ойлайсыз?

Қазақ «өзіңнен тумай ұл болмас, сатып алмай құл болмас» деген. Үкі­мет тарапынан спортқа қойылатын та­лап бар. Ол тайға таңба басқандай бо­лу керек. Кешегі құралайды көзге атқан мергендердің ұрпағы қайда, кеңестік кезде желмен жарысқан Ғұсман мен Әминнің мұрагерлері қайда?! Екінші дүниежүзілік соғыста Әлия Молдағұлова Ба­тыр атағын мергендіктің арқа­сын­да алды емес пе?! Қазақ ұл­тын спортқа тартатын ұлттық идео­логия керек. Ұлттық саясат керек. Мен үнемі айтып жүрмін қазақ­тың Қазақстаннан басқа өсіп-көктейтін, көгеретін жері жоқ дегенді….

Мысалы, біздің Жаңаарқаны ба­луан­­­дар елі, әншілер елі деп жатады. Бұл Жаңаарқаның елден асқан кере­меттігінен емес. Онда әнші Игілік Ома­ров шықты. Оның артынан Қайрат Бай­босынов шық­­ты. Екеуін елдің бәрі әспеттеп, құрметтеген соң оны көрген бала-шаға әнші болғысы келді. Ел жаппай жұмылған істен қайткен күнде бірдеме шықпай қоймайды. Сол сияқты кезінде Диханбай Биткөзовтер қызмет еткен Жаңаарқада «Жас сұңқар» деген спорт мектебі болды. Жаңаарқаның орталығында бұл мектептен өтпеген ер бала жоқ. Мен де бардым кү­рес­ке.

Нәтижесінде не болды?! Ақы­­рындап, Әбдеш Қалжанов, Бақ­тияр Жүністер шықты. Артын­ша дүркіреп ағайынды Байшолақовтар шықты. Айбатыр Мах­мұ­дов шықты. Сөйтіп мектеп қа­лып­тасты. Әйтпегенде Жа­ңаарқада туған баланың бас­қа өңірде туған түлек­тер­ден ­ешқандай айырмашылығы жоқ. Қыс­қасы, мектеп қалыптас­тыратын тұл­ға­­лар болады. Солар­ды тауып жағдай жа­­сау керек.

Сіз де күреске қатысқан бол­дыңыз ғой…

Жоғарыда айттым «Жас сұңқар» күрес мектебіне барма­ған бала жоқ. Мен алғаш боксқа бардым. Төкен Салықов деген ағайдың қол астында төрт жарым ай жаттықтым. Одан кейін кластасым Айбатыр Махмұдовты ертіп күреске бардым. Айбатыр екеуіміздің салмағымыз бірдей. Бір жылға таяу күреспен айналыс­қандай болдым да, домбыраға қарай ойысып кеттім. Айбатыр сол кеткеннен мол кетті. Самбо күресінен әлем кубогын алып бір-ақ тоқтады… Бәрін айт та бірін айт, қазақ қалып қойды екен деп әлемнің шалқар көші күтіп тұрмайды. Елбасының көп айта беретін «бәсекеге қабілеттілік» дегені де осы көштен қалып қоймау…

Дереккөзegemen.kz