Діни мұражайдың тұсаукесері еркін форматта өтті. Ұйымдастырушылар арнайы келген қонақтарға ауызашар уақыты кіргенге дейін мұражайды таныстырды. Олардың қатарында бірнеше жүз жылдықтың куәгері болған жәдігерлер де болды.

Құман, діни мұражай экспонаты ©Айгүл Хожантаева

Бұл құманға 300 жыл толған. Оның іші күміспен, сырты мыспен қапталған. Ішінде су ұзақ уақыт тұрса да бұзылмайды. Шүмегінен аққан су қайта артқа құйылмайды. «Тазалық тұрғысында мұндай құмандар ертеде қазақ өмірінде ерекше рөл атқарған», — деді мұражай ұйымдастырушысы, дінтанушы Мырзахмет Жүзей.

Құрқылтайдың ұясы
Құрқылтайдың ұясы ©Айгүл Хожантаева

Құрқылтайдың ұясы да діни мұражайдың сәнін келтіргендей. Оның 80 түрлі дертке дауа екенін айтқан имам құрқылтайды халық ерекше қастерлейтінін де жеткізді. «Ұяның пайдасын білген қазақ оны тек күз мезгілінде ғана алған. Оған дейін құс ұясына тиісуге тыйым салған», — деді ол.

Мұражай экспонаттарының қатары халықтың естіп, біліп, өз еркімен әкелуімен толығып жатыр екен. Мысалы, мына ескі Құран пластинкасын бір әже әкеліп тапсырған. Баласы жоқ кейуана пластинканы кімге берерін білмей, ақыры өртеуге шешім қабылдаған. Кейіннен мұражайдың ашылғанын естіп қуанған ол Құран жазылған пластинканы мұражай ұйымдастырушыларына табыстаған.

Ауызашар, алматы
Ауызашар ©Айгүл Хожантаева

Мұражай таныстырылымы аяқталған сәтте, ақшам намазының уақыты кіріп, жиналған қауым дастарханға жайғасты. Ұйымдастырушылар оларға сый ретінде мұсылмандар үшін қасиетті су — зәмзәмді әкелген екен.

Ауызашар
Ауызашар ©Айгүл Хожантаева

Күн ұзаққа оразада болған жандар ел бірлігі мен тыныштығы үшін дұға қылды.

Ауызашар
Ауызашар ©Айгүл Хожантаева

«Әлеуметтің әлсіз топтарын да назардан тыс қалдырғымыз келмеді. Қазақтың дәстүрлі діні туралы хабардар болсын деген ниетпен мүгедек жандар мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне мерекелік дастархан жайып, салиқалы әңгіме, тәрбиелік ойындар ойнатуды жөн көрдік», — дейді ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының 1-курс докторанты Мырзахмет Жүзей.

Дастархан басында отырған қонақтарға сұрақ-жауап ойындары ұйымдастырылды. Оларға дәстүрлі дін жайында ғана емес, тәуелсіз Қазақстанның тарихы, Алашорда қайраткерлері жайлы да сұрақтар қойылды. Дұрыс жауап бергендерге түрлі сыйлықтар табысталды. Шараның бұл кезеңіне әсіресе балалар белсене қатысты.

Ауызашардағы ойын ©Айгүл Хожантаева

Ауызашардағы ойын кезінде ұтылып қалғандарға «өлең оқу» талабы қойылды. Қатысушылардың дені Абайдың, Шәкірімнің өлеңдерінен бөлек Мұхтар Шахановтың да жалынды жырларын көпшілік алдында оқып берді.

Домбырамен ән айту сәті
Домбырамен ән айту сәті ©Айгүл Хожантаева

Шараның сәнін әуезді ән мен күй де кіргізді. Келген қонақтар арасынан әнші азамат Жәнібек Кәрменовтің «Ойламаңдар, жігіттер» әні мен Серік Қалиевтің «Иман» атты термесін орындап берді.

Балалар үйінен жалпы саны 25 тәрбиеленуші, 10 мүмкіндігі шектеулі жан қонақ болған шараның соңында бата берілді. Балалар лебіздерін білдіріп, ұйымдастырушы ағаларына ризашылықтарын білдірді.

Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындаған.