Асқар Жұмаділдаев: Жұрттың бәріне доллар мен 18-дегі қыз ғана ұнайды

— Әлеуметтік желі арқылы жолдаған есебіңіздің шешімі шықты ма? Айбек есімді жігіт мерейтойға тарту етемін деген еді.

— Хат көп түсті. Бірақ дұрыс жауабы жоқ. Оның шешімі бір Аллаға аян. Жер бетіндегі 7 миллиард адамның бірі де білмейді. Испаниядан хат келді. Нарынқолдың Албан деген жігіті де жауап жіберді. Мен жобаға келгендерін айтып отырмын. Жауап жібергендердің 99 пайызы бірақ қате жібереді. Бәрі компьютермен есептейді. Ал компьютер ылғи өтірік есептейтінін жұрт біле бермейді. Өйткені ол жуықтап көрсетеді.

— Математика пәнінен оқушылар арасында жылда олимпиада өткізіледі. Деңгейі қандай? Сырда сіздің ізіңізді басатын өрен өсіп келе ме?

— Менің ізімді басатын емес, мені он орайтын балалар тек Қызылордадан емес, бар жерден шығады. Қазақстанды өзге мемлекеттермен салыстырсақ, деңгей өте жақсы. Халықаралық жарыстарда әркез алғашқы ондыққа кіреді. Бұл — қуантарлық көрсеткіш.

— Жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту қызу талқыланып жүр. Қарсы пікіріңізді де білдірдіңіз. Нәтиже шығады деп ойлайсыз ба?

— Білмеймін. Мен өз пікірімді айттым. Менің пайымымша, ағылшын керек. Оған ешкімнің дауы жоқ. «9-сыныптан бастап жаратылыстану пәндері тек қана ағылшынша өтеді» дейді. Мұндағы «тек қана» деген сөз артық. Ағылшын тілінде өтсе өте берсін, проблема жоқ. Ол үшін мектеп ашу керек, сынып жасақтау қажет. Ал жұрттың бәрін тілін бұрап тұрып үйретемін деу болмайтын әңгіме. Мәселе ағылшын тілін үйренуде емес, мәселе математиканы үйретуде. Математиканы үйрену ағылшынды игеруден қиын. Ал физиканы үйрену одан да қиын. Биология физика, математикадан да қиын. Өз тіліңде үйрене алмай жатып, оны басқа тілде үйренемін деу — тіпті бос қиял.

— Математик Д.Пойа: «Математика қиын емес, оны қиындататын өзіміз», — дейді.

— Ол — менің көзқарасымдағы адам. Бірақ бұл — бос сөз. Адамзаттың 99 пайызы жек көретін пәні математика. Өйткені қиын. Оңай болса неге игеріп алмасқа? Қиын болған соң жек көреді. Қорқады.

— Ментальды арифметиканы ғылым демесек те, баланың жылдам ойлап, тез шешім қабылдауына оң әсер етеді дегенге келісесіз бе?

— Әрине. Көшеде темекі тартып, бос сандалғанша ментальды арифметиканы оқысын. Бірақ одан сұмдық пайда табады деп те айта алмаймын, тек зияны жоқ. Жапониядағы бір бизнесмен ойлап тапқан дүние. Жұрттың бәріне косметика сатады ғой, бұл да сол сынды маркетингтің бір түрі. Басқа ешнәрсесі жоқ. Бірақ мұны біліп, үлкен ғалым шыққанын естігенім жоқ. Бұл ХІІ ғасырдан бар дүние. Шотпен есептеудің бір түрі.

— «Болашақ» бағдарламасы сіздің идеяңыз. Бүгінде түпкі мақсатынан айнып кетпеді ме?

— Біріншіден, «Болашақтың» идеясын мен айттым, ол рас. Бірақ бұл мен айтпасам үлкен кісінің ойына келмейді деген сөз емес. Үлкен кісі менсіз де ақылды, менсіз де біледі. Мені соның басы-қасында жүрген адамның бірі десе болады. Алғаш Қызылорда облысынан депутаттыққа түскенде, «Болашақ» бағдарламасы менің сайлауалды бағдарламамның бірінші бағыты болды. Талантты жастарға көмектесу, арнайы қор құру да менің идеям болған. Ол кейін жүзеге асырылды, талай жастар шетелдерде білім алып келді. Бастысы, нәтиже жоқ емес. Кейін бағдарламамен сыртта оқып, елге оралмай жатыр деп даурықты. Ол рас. Бар жерде солай. Мәселен, қытайлар шетелге жылына 1,5 миллион бала жіберсе, соның 250 мыңы келмейді. Ол қытай үшін көп емес. Қазақтарда да сондайлар бар. 100 пайыздың 20-30 пайызы келмей қалады. Бірақ мықты кадрлар сыртта жүр деуіміз қате. Себебі, ғылым — интернационал. Оның бәрін бір жерге таңып қоя алмайсың. Жағдай болса келеді, болмаса несіне келеді? Жұрт келеді, кетеді, онда тұрған дәнеңе жоқ. Мәселен, Әл-Фараби Отырарда туған. Ал оның қазақша не түрікше бір кітабы бар ма? Жоқ. Саналы ғұмырын Араб елінде өткізіп, араб, парсы тілдерінде трактат жазған.

— Қазақстанда ғылыммен айналысуға мүмкіндік бар ма? Мәселен, бұрын ғалымдарға айлық төленетін. Қазір ғалымдар күнкөрісін күйттеп кетпеді ме?

— Бір жерден көзін таппасаң, тек таза ғылыммен өмір сүремін деу далбаса. Тек ғылымда емес, бар жерде солай. Мұғалім, дәрігер жалақыға қарық болып жатыр ма? Бәріміз жан-жақта жұмыс істейміз. ҚБТУ-да, ҚазГУ-де, шақырған жерге бара беремін. Қызылордаға келу себебімнің де бірі сол. Осындағы «Өрлеу» БАҰО” АҚ Қызылорда облыстық филиалы түрлі шаралар өткізеді. Оларға үштілділікті, ағылшынды үйретіңдер дейді. Ал ағылшынды үйрететін маман жоқ. Сол біз сияқты ағылшыншасы оңбаса да, жұрттан қарағанда лажға келетін колхозбайлар үйретеміз.

— Саясатқа араласасыз ба?

— Жоқ. Бірақ сен араласасың ба, ұнай ма, ұнамай ма деп кім сұрайды? Сіз оған міндеттісіз. Сізге редактор Жұмаділдаевтан сұхбат әкел деді. Сіз талқылаусыз таң атпай келіп отырсыз. Сол сияқты. Саясат маған ұнамайды, бірақ мен сонда өмір сүремін. Үштілділік, жер мәселесі, бәрі-бәрі – қып-қызыл саясат. Менің араласқым келмейді. Бірақ құлағымнан бұрап тұр ғой. Басқа амал жоқ.

— Өмірлік формулаңыз қандай?

— Адал еңбек. Өтірік айтпауға тырыс. Ал жүз пайыз шындық айтамын дейтін адам болса, ол — өтірікші. Ондай адам жоқ. Әңгіме тек өтіріктің процентінде ғана. 10 пайыз айтсаң болады. Мәселен, балаңыз «мен қайдан шықтым?» дейді. Сіз анатомия түсіндіресіз бе? Жоқ. Қырыққабаттың астынан тауып алдым дейсің. Туысыңыз ауырып жатыр, ертең өледі. Сіз оған барып «ертең өлесің» демейсің ғой. Осылай өтірік жалғаса береді. Тіпті біреу халіңізді сұрағанда, басым ауырды, қан қысымым көтерілді демейсіз. Расында оның өзгеге қажеті де жоқ. Жай сыпайылық үшін, «жақсы» дейсіз. Жалпы, мұндай өтіріктер адамға керек. Кеше 60 жылдығым болды. Бәрі жер-көкке сыйғызбай мақтап жатыр. Шындығында ол да өтірік. Өмірдің өзі тоқсан пайыз өтіріктен құралады.

— Мақтан сүймейсіз бе?

— Мен мақтанды қабылдаймын. Микроб деген барлық жерде бар ғой, оған қалай қарсы келесің? Тіпті оның пайдасы да бар. «Мақтаудан өлген қазақтың моласы жоқ» деп Қалтай Мұхамеджанов айтқан. Мен де мақтаудан өлген адамның моласын көргенім жоқ. Сондықтан үнсіз тыңдай бересің.

— Жалпы, қазақтың кемшілігі қайсы, артықшылығы неде?

— Мен біреуден артық деген сөзді ұнатпаймын. Одан ешкімнен кем емес деген дұрыс. Сіз біреуден артықпын деп ойламаңыз, ешкімнен кем емеспін деңіз. Ақиқатында қазақтың артық қасиетін көргенім жоқ. Қонақжайлылығы мен бауырмалшылдығын ауыз толтырып айтуға болар еді. Бірақ сол артықшылығымыз кемшілігіміз болып жатады. Жалпы, мен ру деген дүниеге қарсы емеспін. Ол қазақтың тасқа таңбаланған тарихы. Қарсы келе алмаймыз. Бірақ, туғанына болысып, өзгені құлатуды ақтап ала алмайсыз. Айналып келіп бауырмалдық қасиетің заңбұзушылыққа, қатыгездікке апарады. Ал ұлтшылдық, рушылдық, жершілдік деген мен үшін аттракция. Ғылым оны көтермейді. Менің проблемам — ғылыммен айналысатын, есеп шығаратын адам табу. 3 грантым бар. Бірақ ақша беретін адам таппаймын. Сондықтан қазақ, орыс, түрік, мейлі негр болсын, есеп шығаратын адам іздеймін.

— Еврейлермен бірге көп жүрдім дейсіз. Әлемдегі ең байлар да, ғалымдар да еврейлерден шыққан. Мұның сыры неде деп топшылайсыз? Тұтас ұлттың туа бітті талантты болуы мүмкін бе?

— Еврейлер дүниедегі ең көп қуғынға ұшыраған халық. Оларды Исаны өлтірдіңдер деп христиандар да қудалады, мұсылмандар да жуытпады. Мәселен, Ресейде тұрса оларға концлагерь сынды жер берді. Бірақ, егін салуына, өз бетінше тірлік етуіне мүмкіндік бермеді. «Тынысы тарылған» халық қиындыққа мойымады. Тығырықтан жол тапты. Сауда мен ғылым, өнерге ден қойды. Білімнің арқасында еврейлер Осман империясының есеп-қисабын жүргізеді. Қуатты империя есепшілерін еврейлерден жасақтаған. Қазіргі таңда қарап отырсаңыз, дүниедегі ғалымдардың, байлардың дені — еврейлер. Көп қуғын көрген халық, көп күйіп құрышқа айналды.

— Кезінде Кененнің әндерін тыңдадыңыз, қазір кімдерді тыңдайсыз?

— Жуырда ғана синти-поп жанрында жазылған «Ақпен бірге» деген Ғалымжан Молданазардың орындауындағы тамаша әнді тыңдадым. Ән керемет ұнады. Және шетелдік хит әндерді домбырамен орындайтын Әсел Қарсыбаева деген әнші қарындасымды тыңдаймын. Ағылшын тілінде «Екі жирен» әнін әсерлі орындайды. Тіпті «Ninety one» тобын да тыңдаймын. Ел киім киісі дұрыс емес, көгілдірлер сынды деп жазғырады. Онда тұрған не бар? Бастысы, бұл стиль жастарға ұнайды. Бала күнімізде қыздардың шашын қимайтын. Қазір сен қиып тастағансың. Ал біздің жасымыздағы шалдардың сақалы болатын, мен сақал-мұрттан жұрдай, жылтырап жүрмін. Не өзгерді? Ақылымыз кеміп қалды ма? Жоқ. Сол сынды жастарға бұл бағыт ұнаса, неге қарсы болу керек? Бұл топтың қанша жүрерін білмеймін, әрі кетсе 5-10 жыл осылай шығар, кейін қалатын дүние. Бұдан бүлінген идеологияны байқап отырғаным жоқ.

— Ақын-жазушылар мен өнер иелерінің мерейтойлары дүркіреп аталып өтіледі. Ал ғалымдар көп жағдайда елеусіз қалады. Өкпе жоқ па?

— Өткізе берсін, онда тұрған ешнәрсе жоқ. Демек, халық сондай жазушылар мен өнер адамдарын қолдайды. Халық деген не? Халық деген әкім ғой. Әкім не айтса, сол болады. Демек, әкімдер ғалымдардан гөрі соларды көбірек сыйлайды. Оған қандай уәж айтасыз? Ол қазақтың қанына сіңген дүние. Ортаға ақын шығып өлең оқыса, ел дәріптеп жатады. Ал мен шығып интегралды айта бастағаннан ел бет-бетімен кетеді. Бұл — халықтың таңдауы. Кезінде Абай да елдің көңілін бұрамын деген, не өзгертті? Сондықтан мен бұл туралы ойланбаймын да. Біреуге бір шапанның артық жабылғанын қызғанбаймын. Мен үшін ол көрсеткіш емес. Мен халқыма, еліме ризамын. Жалпы, мен туылған күнді атамаймын. Осылай елеп, елге шақырып жатқандарына да разымын. Мектеп оқушыларымен жүздесіп, туған жерге барып қайттық. Бұл іс-шаралардың барлығына мен емес, менен бұрын апам қуанады. Ол кісі мені біреу мақтаса марқайып, сынаса ренжіп отырады. Апама айтамын, жұрттың бәріне ұнайтын екі-ақ нәрсе бар. Бірі доллар­ болса, бірі 18-дегі қыз ғана деп. Сен де бүгін тартымдысың, ертең отыз, қырық, алпысқа барып, сары қарын бәйбіше боласың. Сонда сенің де қызығатын жерің қалмайды. Ал мен екеуіне де жатпаймын. Сондықтан әр нәрсені көңілге жақын қабылдаудың қажеті жоқ.

— Сіз жайында айтылмаған, ашылмаған ақиқат бар ма?

— Білмеймін. Бәрі айтылған сынды. Тіпті не айтылып, не айтылмады деп те мән бермейді екенмін. Айтылуы керек жайттар айтылып жатыр, ал айтылмағаны кімге керек?
Көп өкінбе өткенге,
Көп қайғыны елеме.
Өкінгеннен өткенге,
Көктем қайтып келе ме?..- деген өлеңім бар. Бұл — менің принципім. Өмір өзі қысқа. Қайғырдың ба, 5 минут қайғыр, қуануға 2 минут та жетеді.

— Алпыс жас аз да емес, көп те емес. Академиктің әттеген-айы, кейінгіге айтары бар ма?

— Ауылдан шыққан түйекештің баласы болғандықтан, алғашқы адымдарым дұрыс болмай, көп нәрсеге жете алмай қалдым. Қазір байқасам, менің білетінімнің жетпейтін жері көп. Мұны әттеген-ай деуге болады. Мәскеуде оқығанымда талай мықтыларды көрдім. Кейбірінен сабақ ала алмай қалдым. Өмірімдегі басты әттеген-айлар осы. Ал жеке адамға байланысты ұсақ-түйекті несін айта беремін? Ешкімге ешқандай ақыл айтпаймын. Біреулер айтады ақыл айтып, бата бер деп. Менің айтарым да, берерім де жоқ. Тірлігім ұнаса қабылда, ұнамаса қабылдама. Бұл нәрсені баяғыда Абай айтқан: «Кейінгілер ешнәрсе айтпай кетті демесін деп, қолыма қалам алдым. Біреуің оқырсың, біреуің оқымассың. Қажет десең қара, болмаса өз сөзім өзіме»,- дейді. Және «Сәулең болса кеудеңде, Мына сөзге көңлің бөл. Егер сәулең болмаса, Мейлің тіріл, мейлің өл» дейтін өлең жолдары да бар. Менің де тірлігім сол сияқты. Неге мен жұртқа көсемсінуім керек. Көсемсінетін мен Мұхаммед не Иса пайғамбар емеспін. Мен қарапайым қазақтың баласымын. Мен — математикпін.

— Әңгімеңізге рақмет, аға!

Әңгімелескен
Жазира ӘШІРБЕК

Дереккөзbaq.kz