Компьютер алдында тапжылмай отыру көптеген ауруларға ұшыратады. Сондықтан келесі ережелерді біліп жүргеніміз жөн.

Компьютермен жұмыс

  • Мониторды тура алдыңызға қойыңыз. Ол үстелде жоғарғы нүктесі көзіңіздің тура алдында немесе сәл жоғары тұратындай орналасуы керек.
  • Отырған орындығыңыздың арқасы және шынтақ қоятын бөлігі болуы қажет. Сонымен қатар, оның биіктігі отырғанда аяғыңыз еденге тура тиіп тұратындай болғаны дұрыс.
  • Жиі қолданылатын заттардың орналасуы сіздің ұзақ уақыт қисайып  не басқа да ыңғайсыз қалыпта отыруыңызға сеп болмауы тиіс. Қандай да затты болмасын, өзіңізге еш кедергі жасамайтындай етіп қойғаныңыз жөн.

Компьютерде жұмыс істеу ережелері.

Монитор мен пернетақтаны биіктігі бойынша дұрыс орналастырудың маңызы зор. Монитор ыңғайсыз тұрған жағдайда арқа және мойын бұлшық еттеріне салмақ түсуі салдарынан бас ауруы мүмкін. Қарапайым бір қағида бар: монитордың жоғарғы шеті көзбен бір деңгейде болуы, ал осы деңгей мен бейне беттің орталығы арасындағы бұрыш 15 градусты құрауы тиіс.
1. Арқаңызды тік ұстаңыз. Ежелгі кеңес; құныспай тік отырыңыз деген осы жерде орынды!
2. Иықтарыңызды бос ұстаңыз, шынтақтарыңыз тік бұрыш жасап бүгілген болсын. Басыңызды сәл алдыға еңкейтіп тік ұстаңыз.
3. Орындығыңыздын отырғышы жұмсақ болуы, тізелеріңіз тік бұрыш жасап бүгіліп, табандарыңыз жерге толықтай тіреліп тұруы тиіс.
4. Арақашықтықты сақтаңыз. Көз бен монитор экраны арасындағы қашықтық 70 см — ден аз болмауы тиіс. Басқаша айтсақ, сіз қолыңызды алдыға созып, бейне бетке әрең жетуіңіз тиіс.

Әр 45 минут сайын дене жаттығуын жасап отырғаныңыз абзал.

Компьютермен ұзақ жұмыс істеушіге арналған көз жаттығулары

  1. Көзіңізді жиі-жиі жыпылықтатыңыз
  2. 15 минуттан соң 2-3 минуттай алысқа қараңыз.
  3. 20 минуттан соң екі шынтағыңызды үстелге тіреп, алақаныңызбен екі көзіңізді 1-2 минутқа жабыңыз.
  4. 1 сағаттан соң, омыртқаға арналған жаттығуларды істеңіз:
  5. Оң және сол жаққа еңкейіп-шалқайыңыз. (1-2 мин)
  6. Беліңізді айналдырыңыз (1-2 мин)
  7. Ең болмаса, компьютер үстелін бір айналып шығыңыз.

Компьютермен жұмыс көзіңізді шаршатпасын. Бүгінгі күніңіз қуанышты хабарларға толы болсын!!!