Жиында сөз алған өңір басшысы Алтай Сейдірұлы мектеп ұжымын оқу жылының аяқталуымен құттықтап, Назарбаев Зияткерлік мектебінің өңіріміздегі білім беру процесінде рөлі ерекше екенін атап өтті.
«Биыл Назарбаев зияткерлік мектептерінің құрылғанына — 10 жыл. Яғни, 10 жыл бұрын Астанада жаңашыл форматта білім беретін мектеп өз жұмысын бастады. Елбасы бұнымен тоқтамай, еліміздің барлық өңірінде осындай білім ордасын ашуды қолға алды. Нәтижесінде 2012 жылы Орал қаласында да зәулім мектеп есігін ашты. Мектеп салынған кезде айналада осы ғимараттан басқа ештеңе болмады. Ал қазір бірнеше үйлер бой көтерді. Бұл мемлекетіміздің дамуының көрінісі. Қазір Назарбаев мектептерінің тәжірибесін өзге де мектептерге қолданып жатырмыз. «Рухани жаңғыруда» да табысты болудың ең басты кілті — білім екені айтылады. Елбасы бізге жатақханалар салуды, мұғалімдердің білімін жетілдіру жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды. Біз барлық тапсырманы орындаймыз. Сіздер сол үмітті ақтап, алдарыңызға биік меже қоя біліңіздер. Білім жолында қанаттарыңыз талмасын. Ақ жол!», — деді А.Көлгінов.
Одан әрі мектеп директоры Тимур Нұркешов сөз алып, мектеп жетістіктеріне тоқталды.
«Биыл мектеп 12 жылдық білім беру жүйесі бағдарламасын толық аяқтаған алғашқы түлектерін ұшырды. Бұл бағдарлама өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Оның дәлелдерінің бірі 85 мектеп түлегінің 14-і алыс-жақын шетелдік университеттердің грантын иеленіп отыр», — деді ол.
Жиын облыс басшысының осы оқу жылында мектептің «Үздік оқушысы» атанған республикалық «Nurintech» инновациялық жобалар байқауының, халықаралық «Архимед» өнертабыстар мен инновациялық технологиялар салонының жүлдегері, 11-сынып оқушысы Әзиз Талаповқа арнайы сертификат пен сыйлық табысталды.
Сонымен қатар, «Жылдың үздік шаңырағы», «Үздік оқырман», «Үздік уикипедияшы», «Үздік TEDx спикері» номинацияларымен марапатталды. Айта кетейік, үздік шаңырақ оқушылары Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының дәстүрлі «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясының жолдамасымен Шымкент қаласына барады.