Мырзатай Жолдасбеков

– Мырзатай аға, Сіз өзіңіз «Жер туралы» кодекске енгізілген жаңа нормаларды қалай қабылдадыңыз?

– Осы біздің бір кемшілігіміз – қабылданған заңды оқымаймыз. Ал заң қабылданғанға дейін оның жобасы кеңінен талқыланады. Оны қабылдаған соң, жүзеге асыруға кіріседі. Бұл – күнделікті тәжірибе. «Жер туралы» кодекстің өзі 2003 жылы қабылданған ғой. Сол кезде талай шарттар белгіленді. Ол уақыттан бері ешкім қыңқ еткен жоқ қой. Ешкім ештеңе айтқан да жоқ, қарсылық білдірген де жоқ. Уақыт өте келе, заман ағымына сай оған бірқатар өзгерістер енгізілді. Халық болғаннан кейін әртүрлі пікір болады ғой. Жерді жалға беру мерзімін ұзарту және сату мәселесіне келгенде ел әбіржіді. Шынын айтқанда, қазақтың өзі жерден басқа ештеңесі жоқ қой. Бағзы замандардан қазақ осы байтақ Ұлы Даланы қан кешіп жүріп, жанын қиып тұрып, қорғап қалған жоқ па? Небір боздақтар кетті осы жолда, небір ұлы батырлар кетті, небір ұлы хандар тікті басын…Осы жер үшін… Жер үшін ел үшін деген сөз. Егер мына жерден айырылса, қазақ оны елден айырылдым деп біледі. Қазақта бағзы замандардан келе жатқан даулар бар. Оның бірі – жер дауы. Одан кейін жесір дауы, сонсоң құн дауы, одан кейін ар-намыс дауы. Бұның барлығы қазақ үшін бұлжымайтын заңдар болған. Оны билер жүргізген.

– Дегенмен, кодекстің жаңа нормалары жер дауына себеп болды. Әсіресе, жерді сату бастамасы елдің наразылығын келтірді.

– Мен өзім таңқаламын, кейбіреулер қазақта жер жеке меншікте болмаған деп сөйлейді. Қазақтың осы ұлы байтақ даласында жеке меншік емес жер болмаған. Бәрі жеке меншік болған. Ол пәленнің жері, түленнің жері деп кете берген. Басқаны айтпай-ақ қояйын, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романында даудың бәрі неден басталады? Жерге байланысты ғой. Күздеуге байланысты, қыстауға байланысты, жайлауға байланысты. Сонда таңқалатыным, ешкім шекараны сызып бермеген. Әркім өз жерінің бұтасына дейін білген. Осындай құдірет бар қазақта. Оны шырт ұйқыда жатқанда оятса, өзінің жерін тауып отырған. Қазақтың өзі түгіл, оның малы да өз жерін біледі (күлді).Сондықтан жеке меншік болмады деген сөз дұрыс емес. Ал, енді қазір жаңа заман келді. Біз әлемдік қауымдастықтың мүшесі болдық. Демек, бүкіл адамзат жүретін жолмен жүруіміз керек.

– Халық шетелдіктер заңды айналып, жерді жеке меншікке сатып алады деп үрейленіп кетті. Қытайлықтар келіп, жерімізді басып алады дейтіндер көбейді.

– Иә, «жерді сату» дейтін сөз – ауыр сөз. Кейбіреулер оны «жерді сату ол – анасын сату», «жерді жалға беру анасын жалға берумен бірдей» деп асыра сілтеп жатады. Халықтың жүйкесін тоздырмау қажет. Халықтың санасымен ойнамау керек. Мен өзім көп жылдан бері жазып келе жатырмын, қазақтың төзімін көп сынамау қажет. Қазақ – төзімді халық. Бәріне шыдайды. Осы төрт аяқты түйе шыдамды болса, екі аяқты осы қазақ төзімді. Ооооу, ай далада, қу мекенде бір жалғыз үй отырады. Қайтіп күн көріп жатқанын білмейсің. Соған келіп, үйіне кірсең, «Төрге шығыңыз, төрге шығыңыз», – деп, көрпесін төсеп, жаны қалмайды. Бірден самауырын ала жүгіреді. Шай қояды. «Қалдарыңыз қалай?», – деп сұрасаң, «Қалымыз жақсы», – деп жауап береді. Сонда түгі жоқ… Міне, қазақтың пейілі. Ал қазақтың төзімін көп сынауға болмайды. Қазақ жер сияқты, жер көп қозғала бермейді ғой, бір қозғалса, қатты қозғалады. Қазақ та бір қозғалса, қатты қозғалады. Қазақ түгел атқа қонатын болса, ешкімді тыңдамайды. Ол не аттан өлтіріп түседі, болмаса, өзі өліп түседі. Оған дейін апаруға болмайды. Сондықтан қазір жер-жерде босқа айқай шығармау қажет. Біздің бағзы замандардан келе жатқан ата дәстүріміз – мәміле.

– Осы орайда жер реформасы бойынша құрылған Қоғамдық комиссия мүшелері бір мәмілеге келе алады деп ойлайсыз ба?

– Мен өзім сол комиссияның мүшесімін. Әнеукүні кейбір жастар әліне қарамай: «Мен халықтың атынан сөйлеп тұрмын»,- деп сөйлейді. Сонда мен не бітіріп отырмын ол жерде? Кеше біз Тәуелсіздік алдындағы аумалы-төкпелі заманда не боламыз деп, қорғасындай балқып, бірде олай, бірдей былай ауып-төгіліп тұрған кезде олар қайда болды? Сосын Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында оны баянды ету, елді қалпына келтіру, мемлекетті аяғынан тік тұрғызу оңай болған жоқ. Мәселен, сол кезде қазақтың түгелі саясиланып кете жаздады. Шаруаның бәрін жиып тастады. Ауылдағы мал далада қалды. Бәрі саясат қуып кетті. Оның арты жаман болатын еді. Содан көптеген шаралар қолға алынды. Құдайға тәуба, Президент Тәуелсіздік алған жылдан бастап қазақтың желбіреп тұрған көк Туының тұғыры етіп елдің бірлігін алды, ынтамағын алды. Осыдан айнымау қажет. Елден тыныштық кетсе, бәрі кетеді. Сенің демократияң да быт-шыт болады, сенің Тәуелсіздігің де быт-шыт болады. Оны біз төңіректен көріп отырмыз. Қазір неше түрлі іргесі шайқалмаған мемлекеттердің быт-шыты шықты. Біздің кешегі ертегіміз болған Бағдаттың басынан бақ тайды. Бүкіл араб елі босқын болып кетті. Олай болады деп кім ойлады? Сондықтан ауызға да абай болуымыз қажет.

– «Жер мәселесі бір нәрсені анық көрсетті. Билік пен халық арасындағы байланыс біржақты болып кетті», – дейді сарапшылар.

– Жалпы, халықтың көкейіне қонбайтын мәселелер қордаланды. Бұл жалғыз жер мәселесі емес. Халық билікте отырғандардың қылығын көріп отыр. Мәселен, бұған дейін Мемлекет басшысы қанша адамды билік басына тағайындады. Соның біреуі мемлекетін тастап, қашып кетті. Өз Отанын тастап кететін қандай адам өзі?! Ол жалғыз кеткен жоқ. Осы жерден жиып-теретінін алып, халықтың, өзінің ағайын-туғанның аузынан жырып алып, шетелге алып кетті ғой. Біреуі қазір сотталып жатыр. Екіншісі біраз уақыт бой тасалып жүріп, қайтіп көрінді. Міне, халық осының бәрін көріп, сенбей отыр қазір. Әйтеуір, билікке келген біреуі болса, мен осы елдің көсегесін көгертейін, мен мемлекетімді көтерейін демейді. Бірден екі көзі дүниеде болады.

– Сіз өзіңіз жерді аукцион арқылы сату бастамасына қалай қарайсыз?

– Мен өз басым қарсы емесмін. Жерді беру керек, жалға да беру керек, сату да қажет. Бірақ бұл жердің иесі алдымен қазақ деу керек. Сондықтан жерді бөлгенде де, сатқанда да, қазақтың құқығы жоғары болуы тиіс. Бұл – бір. Екіншіден, жарайды, сатылсын. Менің уайымым, бізде билікте отырған кейбіреулер ештеңеден қорықпайды. Анау жерді жалға беріп, сатқан кезде оның тәуірлері кімнің қолында кетеді? Сол билікте отырғандардың қолында кетеді. Жерді өз атына алмаса да, жақынның, анаусының-мынаусының атына жазатын болады. Ол қай жерді алады? Ол сулы жерді алады, шұрайлы жерді алады, жарық келіп тұрған жерді алады, ол даңғыл жол барып тұрған жерді алады. Ал ауылда отырған қарапайым халыққа не тиеді? Оооу, қу мекен дала тиеді. Оған ол суды қалай апарады? Жарықты қалай жалғайды? Жолды қайтіп тартады? Мен осыны талап етемін. Біз осыны ескеруіміз керек. Жаңа айттым ғой, бізде елді ашындыратын жағдайлар аз емес. Осы қазақ өліп-талып оқиды, жанын салып, білім алады. Көргені бейнет, солай жүріп, пәленбай жасқа келгенде пәтерге қол жеткізеді. Денсаулығынан айырылады. Жас семья ырың-жырың болады. Одан қазақ қалай көбейеді? Сондықтан біз мемлекеттің басына, билікке мемлекетшіл адамдарды әкелуіміз керек. Қазақтың жанын түсінетін, қазақты жанындай сүйетін, халқы үшін жан алып, жан беретін адамдар келуі керек. Әйтпесе, халықтың көкейінен кірбің кетпейді.

– Жер реформасы бойынша құрылған қоғамдық комиссияның жұмысы қаншалықты нәтижелі болады деп ойлайсыз?

– Әнекүні, ойпырмай, қызу талқылау болды. Үкімет басшысының орынбасары Бақытжан Сағынтаевқа жауапты міндет артылды. Ойпырмай, інім отқа түсті ғой деп, жауапты міндетті арқалады ғой деп уайымдадым. Өйткені бұл тағдырлы мәселе ғой. Оған сіріңкені тастап кеп жіберсең, лап етіп, өрт шығайын деп тұр. Сөйтіп, уайымдап келдім. Құдайға шүкір, бірінші мәжілісте 75 адамның бір бесеуі келе алмады ма, 70-ке таяу адам түгелі сөйлеп шықты. Бәріне де сөз сөйлеуге мүмкіндік берілді. Соның барлығы жазылды, хаттамаға түсірілді. Сонда бір жақсы, ақылды інілеріміздің бар екенін байқадым. Мұхтар деген ініміз бір ұсыныс жасады. Комиссия құрамында төрт топ – экономистер, заңгерлер, бұрын оппозиция болды ғой, мен оларды оппозиция дей алмаймын, сондай еркін пікірде жүрген азаматтар, содан кейін ақпарат құралдары болып бөлініп, жұмыс істейміз деп шештік. Енді, бет-бетімізбен сөйлемей, сол өзіміздің төрт топқа бөлініп, әрбір топ өзінің пікірін дайындап келсін деді. Алдағы мәжілісте (мамырдың 21-і күні – авт.) осы топтардың ұсыныстары күн тәртібіне қойыла бастайды.
Менің ойымша, «асыққан – сайтанның ісі» дейді ғой, осы жарты жылдың ішінде біз бір мәмілеге келеміз. Мен өзім билікті халықтың жауы деп ойламаймын. Ешкім өз халқына жау бола алмайды. Әркім өзінің білгенінше,сөйледі, өзінің білгенінше іс қылады. Біз асықпай, жан-жақты талқылаумыз қажет. «Сабырлық түбі – сары алтын, сарғайған жетер мұратқа» дегендей, қоқаңдап, шошаңдап жүгіру әдемпсіздік болады. Оның түбі жақсылыққа апармайды. Егер біз бір пікірге келе алмасақ, онда мен іні-қарындастарыма, бауырларыма айтар едім: «Сендер, алысқа бармай, мына тұрған көрші қырғыз ағайындардан мысалға алындар!». Олар бір мәмілеге келе алмай, қырғыздың ер тоқымы аттың мойына кетті. Оның қайта түзелуі қиын шаруа. Қырғыз дүниежүзін босып кетті қазір. Көбісі Қазақстанда жүр, осы жердің азаматтығын алып жатыр. Отанынан безіп кететін жағдайға бармауымыз қажет. «Дарақ бір жерде тұрып көгереді» дейді ғой, не де болса, біз осы Отанымызда көсегемізді көгертуіміз керек. Сондықтан бәріміз ақылға келуіміз керек. Елді бұзу, айқай шығару, ол көрінгеннің қолынан келеді. Ал елге тоқтам айту, мәселені ақылмен шешу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Ең бірінші, сабырлық керек. Мен осы сабырлыққа, бірлікке шақырамын.

– Сұхбат бергеніңізге рақмет! Еңбегіңізге сәттілік тілейміз!

8 пікір

  1. Менің ойымша, көптің пікірімен ауылдағы орнықты отырған адамдарды тыңдау керек. Жер сатылса, екі сиыры мен он қойы бар, жері жоқ қарапайым халық малын қайда жаяды? жер иесі бөтен малды қуады немесе атады, сонда не болады? Қазірдің өзінде егін орғаннан кейін егіннің орнына мал жайғызбайды. жекенің қолына өтсе не болады?

  2. Үніңді шығармай жыла дегені ма өз үкіметіміздің халқына. Шет елге жалға бергеннен не үтқанымыз бар. Елдестірсін одан да елді Əлсіз ата ананың кейпін танытпай Басқаның тілін сөйлеп ұранын айтқанымыз жетеді. Ағылшын тілінен қашпаймыз. Қытай тіліне де жалпыны міндеттегені жөнсіз.

  3. Жер қазақтікі болғанымен жер шары біреу ғана екенін де естен шығармау керек .Халқыңның саны мен жер көлеміңді , соның ішінде қазаққа шын жаны ашитындары қанша ? ,,Көп -қорқытады , терең – батырады ” -дейді .Осыны ойлағанда өз дәрменсіздігімізді байқаймыз .Сол үшін де бізге жедел түрде даму керек ,дамыған елдердің күшін пайдалану керек .Орыстың саясаты біреу ғана , ол қазақтың елін де жерін де бір өзі ғана пайдаланғысы келеді .Жалға беру өте дұрыс .25 жылда не тындырды жер игеріп .Осылай игеріе алмай отыра берсек , сыймай жатқандар көз аларта бастайды .

  4. Жерди жалга алушы да сатып алушы да калталылар ягни жогарыда отыргандар мен солардын туыстары болады. Ал шенеуник туысы жок кара халык ауылдын жанынан 2 ешкисин шыгаратын жер таппай калады. Сол кара халыктын жагдайын ойлап отырган комиссия бар ма. Кокеси жок халык жерди жалга алмак тургои озине лашык тургызып алуга 5 соттык жер таппай далада кангырып жур гои.

  5. Бұл кісі екі жүзі адамдарың Кшін бастауға лайықты. зқалтасын қампайтуға және атағын арттыруды ғана ойлайтын сүмелек

  6. Бұл адам екі жүзді адамдардың кшін бастайтын , оз атағы мен қалтасының қалындығын және айтқан созі отірікке толы адамгың нақ озі

  7. жерді ауылда онсызда туыстарының атына толтырып басшы.қолы ұзындар басып қалған.жалға беріп, мұрны қанамай ақша тауып отыр. жұмысы жоқтар жалға алып ,кейде алға ,кейде қарызға белшесінен батып кеткендер.себебі техникада солардың меншігінде .қызмет ақысы жоғары.
    .субсидияны шытырлатып санап алатын еді биыл ақшалай беру тоқтатылды өте жақсы болды.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!