Торыатбас тауында аудан мекемелері қызметкерлері арасында жарыс өткізілді

Жарыстың негізгі мақсаты: Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру, аудан көлемінде ұлттық спортты дамыту арқылы салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады. Жарысқа Батыс Қазақстан облысының Ұлттық спорт мектебінің бапкері Ж.Ғазизов қатысып өз үлесін қосты. Сайысқа Шыңғырлау ауданынан тоғыз команда және Бөрлі ауданынан бір команда қатысып, өзара бақ сынасты.

Жарыс барысында, әуелі тау туризмі техникасын білу, тау басына арқанмен өрмелеу, альпинизм элементтерін меңгеру, командада жұмыс жасауды жаттықтыру сынақтары қолға алынды. Нәтижесінде, Л.Қылышев атындағы Шилі ОЖББМ командасы І орынды, Шыңғырлау мектебінің командасы ІІ орынды, Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен «Шыңғырлау» спорт клубының бірлескен командасы ІІІ орынды иемденді.

Бұдан әрі тау баурайында ұлтық ойын түрлері бел алды. Аудандық «Шыңғырлау спорт клубы» ұйымдастырған бұл шаралар легінде әуелі ат үстіндегі аударыспаққа жол берілді. Ат үстіндегі аударыспақта ащысайлық А.Қабиевтің мерейі үстем болды.

Аударыспақтың жоғары салмақтағылар арасында, яғни, 80+ (80 келіден жоғары) салмақтағы кезеңінде жеңісті белогорлық 51 жастағы Б.Көпешов қанжығаға байлады.

Бұдан әрі «Теңге ілу» жарысы оздырылды. Осы жарыста «Шыңғырлау колледжі» командасынан М. Асылгерей І орынды жеңіп алды.

Жарысқа қатысушылардың қанын қыздырған ойынның бірі- кәдімгі «Қыз қуу» болды. Жалпы, ұлттық ойынның осы түрі мен «Жамбы ату» ойыны көпшілік алдында көрсетілім түрінде ұйымдастырлды.

Екінші күнгі ойындар «арқан тартысу» — мен басталды. Арқан тартысуда Шыңғырлау мектебінің командасы жеңімпаз деп танылды.

Осылайша мәреге жеткен жарыс барысы түс ауа түйінделіп, дала сахнасында марапаттаулар орын алып, жоғарыда аталып өткен жеңімпаздар марапатталды.