120 жастағы қазақ әжей Ресейдің рекордтар кітабына енді

Әжей Исламғазы ауылында туғалы бері өмір сүріп келеді. Айтса сенгісіз, ХІХ ғасырдың соңы­на таман, яғни 1896 жылы дүниеге келген. Ал осыдан екі ай бұрын, 14 наурызда жасы 120-ға толды. Өз өмірінде патша өкі­метінің құлап, Кеңес үкіметінің құрылып, қайта ыдырауын, Ұлы Отан соғысы кезіндегі қиын­шылықтар, одан қала берді, дағдарыстың түр-түрін басынан өткерген. Бүгінде үш баланың анасы, 10 немере, 24 шөбере, екі шөпшектің әжесі болып отыр. Қазір қазақтың дәстүрі бойынша кенже баласының қолында тұрады.

«Анамның өмірде көрмеген қиындығы жоқ. Бірде ойда, бірде қырда жұмыс істеп, біз үшін қолдан келгенінің бәрін жасады. Жарты ғасырдан астам уақыт төккен тері ақталып, еңбек ардагері деген атақ берілсе екен дейміз. Ол тұста еңбек кітап­шасы болмағандықтан, шешеміздің атқарған қызметін дәлелдей алмай отырмыз. Ал куәгерлеріміз әлдеқашан қайтыс болып кеткен», дейді қарт ананың ұлы Шынтас Бисембаев.

Тәнзилә Бисембаева алғаш рет Ұлы Отан соғысы басталмай тұрып, тұрмысқа шыққан. Алайда, қуанышты күндері ұзаққа созылмапты, күйеуі ел қорғауға майданға аттанған. Сол кеткеннен қайтып оралмайды, ал жұбайынан қалған тұңғыш баласы сәби күнінде шетінеп кетеді. Тағдырдың жазуымен, соғыс аяқталғаннан кейін қайта тұрмыс құрады. Бұл кезде жасы да біразға келіп қалған, бірақ Тәңір жарылқап, перзенті болады. Бір қызығы, сол кезде жасы 53-те екен. Араға бір жыл салып екінші ұлын босанады, ал 57 жасында үшінші мәрте ана атанған екен.

Тәнзилә әжейдің ұзақ жыл жасауының құпиясын білмек болғандарға, немере-шөберелері ылғи да былай жауап береді екен: Өте мейірімді жан, адамдардан тек жақсылықты көре біледі, өмірінде ішіп-шегуге құмар бол­маған, бір орында отырмай, қи­мылдап, қозғалып жүргенді жақсы көреді.

Ресми мәліметтер бойынша, Астрахан аймағының 71 тұрғы­нының жасы 100-ден асқан екен. Олардың көпшілігі ауылды жерлерде тұрады. Ресейдің рекордтар кітабында Тәнзилә әжей жасаған 120 жастан әлемде тек бір адам ғана ұзағырақ өмір сүрген екен. Ол – франциялық Жанна Луиз Кальман. 122 жас 164 күн өмір сүріп, 1997 жылы қайтыс болған.