Дариға Назарбаева ұстаздар мен дәрігерлер үшін тұрғын үй бағдарламасын дайындауды ұсынды

«Мұғалімдер мен дәрігерлер — үлкен азаматтық сектор. Олар бүгінгі күні баспанамен қамтамасыз етілу жағдайы бойынша өте әлжуаз болып отыр. Әзірге ешбір ипотекалық бағдарлама олардың тұрғын үй мәселесін толық көлемде шеше алмай келеді», — деді Дариға Назарбаева.

Сондай-ақ ол мұғалімдер мен дәрігерлер адами капиталды дамытуда маңызды рөл атқаратынын айтты. Ал халықтың бұл санатының тұрғын үй мәселесі «назардан тыс қалып отыр».

«Дәрігер мен медбике, мұғалім мен мұғалімнің материалдық тұрғыдағы жағдайы бірдей емес. Отбасы бар мұғалімдер бар, олар, мәселен, бағдарламаға қатыса алады. Мұндай мүмкіндігі жоқ мұғалімдер де бар ғой. Олардың бірлесе баспана алуға болатын отбасы жоқ, тіпті кейбірінің мойнында туған-туысқандары отыр. Оларға қалай көмектесуге болады? Біз оларды мемлекеттік және азаматтық қызметке ұмтылып, өз біліктілігін арттыруға ынталандыруымыз қажет. Сондықтан олар үшін әскери қызметшілер секілді жеке бағдарлама әзірлеуді ұсынамын… Қазір баспана мәселесі өте өзекті. Жыл сайын тұрғын үй көлемін арттырып жатырмыз, бірақ халық саны да өсіп жатыр. Сондықтан алдағы 100 жылда баспанаға мұқтаж халықтың бәрін қамтамасыз ете алмаймыз деп қорқамын», — деген алаңдаушылығын білдірді сенатор.

Айта кетейік, елімізде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қарулы күштер, әскери прокуратура, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының әскери қызметшілеріне арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.

ДереккөзSputniknews.kz