ҚР Президенті әлем елдерінің барлығына қатысты маңызды мәселелерді атады

«Қазіргі таңда әлемдегі ең бай 62 адамның активтері жер жаһандағы кедей халықтың жартысының, яғни 3,5 миллиард адамның табысымен теңесті. Бірқатар халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, өткен жылғы байлықтың 80 пайызы — әлемдегі халықтың 1 пайызына ғана тиелісі болып отыр. Парадокс — бірақ, адамдардың өмірін жақсартуы тиіс технологиялық төңкеріс теңсіздіктің жаңа бағыттарына жол беріп отыр. Осы мәселелердің барлығын шешу үшін жаңа тиімді механизмді құрудың, мемлекетттер арасындағы диалогты күшейтіп, білім алмасуды реттеудің уақыты келді», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент өз сөзінде Global Challenges Summit 2018 форумын өткізудің бастамасы неліктен көтерілгенін түсіндірді.

«Global барлық мемлекеттердің мүдделері мен пікірлерін үйлестіре алады. Global үйлестірілген шешімдерді дайындауда нақты әрекет ететін құрал бола алады. Мәселен, осы алаңда келесі тақырыптарды талқылауға болады. Біріншіден, тұрақты даму мәселелері, кедейлікпен, аштықпен күрес, су жетіспеушілігі мәселесі, экологиялық апаттарға қарсы күрес. Екіншіден, экономикалық теңсіздікті қысқарту, табыстар арасындағы айырманы төмендету, әлемдегі әлеуметтік әл-ауқатқа тең дәрежеде қол жеткізу. Осы ретте экономикалық өсімді ғана емес, адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған методологияны әзірлеу маңызды қадам болар еді», — деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев үшіншіден, халықаралық сауда контурының жаңа ережелерін әзірлеудің уақыты келгенін айтты.

«Төртіншіден, жалған ақпараттардың таралуын жан-жақты талқылау керек. Жалған ақпараттардың таралуы мемлекеттер мен ұлттар арасындағы келіспеушілікті туындатады. Үкімет, азаматтық қоғам институттары, БАҚ өзінің жауапкершілігі тұрғысынан бір келісімге келуі керек. Бесіншіден, криптолвалюталарды реттеу жұмысы. Көптеген мемлекеттер криптовалютаны қаржылық жүйелердің ағымдағы конфигурациясына бейімдеуді ойластырып жатыр. Бұл ретте ортақ ереже құруды бастау керек. Айта кетерлігі, Global бастамасында бұл ретте сарапшылық және институционалдық қолдау бар. Халықаралық ұйымдардың тарапынан ол G20 саммитінде бірнеше рет ол туралы айтылған болатын. Өткен аптада ғана — 8 мамырда Ислам Ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлерінің кеңесі (50 мемлекет кіретін) бұл бастаманы қолдауға бағытталған резолюцияны қабылдады. Халықаралық бірлестіктердің араласып отырғанын есепке ала отырып, мен осы бастаманы БҰҰ алаңында жүзеге асыруды ұсынамын», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Еске сала кетсек, бүгін Астанада Global Challenges Summit 2018 форумының жалпы отырысы басталды. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысуда. XI Астана экономикалық форумы елордада 17-19 мамыр күндері өтеді.