«Өткен жылы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлықтарын тағайындады. Биыл наурыз айында өткен «Тұмар» ұлттық сыйлығы қазақ телевизиясының 60 жылдығына арналған еді. Ал осы жылғы «Үркер» сыйлығын біз «Қазақ» газетінің 105 жылдығына арнап отырмыз. Бұл газеттің отандық журналистикадағы алатын орны ерекше. «Үркер» байқауына өтініштерді қабылдау 10 мамырдан 10 маусымға дейін жүргізіледі. Байқаудың жеңімпаздарын анықтау рәсімі журналистика күні, яғни 28 маусымда «Қазмедиа» орталығында өтеді», — деді Нұргүл Мауберлинова.
Вице-министрдің айтуынша, биыл «Үркер» байқауының қазылар алқасы 13 адамнан тұрады. Оның құрамына қоғам қайраткерлері, сарапшылар, журналистер, медиа-менеджерлер кіреді.
«Байқау 12 номинациядан тұрады. Сонымен қатар, 13-номинация да болады. Ол тәжірибе жүзінде енгізілген номинация болып саналады», — деді Нұргүл Мауберлинова.
Вице-министрдің айтуынша, әр номинация жеңімпазына 1 млн теңгеден беріледі. Жалпы «Үркер» байқауының жүлдеқоры – 13 млн теңге.
Айта кетейік, осы жылы «Үркер» байқауы келесі номинациядан тұрады:
- үздік фотосурет;
- үздік репортаж;
- үздік сараптамалық материал;
- үздік журналистік зерттеу;
- үздік сұхбат;
- Қазақстан туралы үздік танымдық материал;
- үздік халықаралық талдамалы материал;
- үздік өңірлік радиостанса;
- үздік өңірлік мерзімді басылым;
- үздік Қазақстандық радиостанция;
- үздік интернет-басылым;
- үздік республикалық мерзімді басылым.
Ұлттық «Үркер»байқауына қатысу үшін el.kz сайтына өтініш жібересіз.