Мамыр айында «Жас қанат» байқауы басталады

Өткен жылы Тәуелсіздігіміздің төл құрдасы «Жас қанат» жобасының 25 жылдық мерейтойы атап өтілді. Осы уақыт аралығында «Жас қанат» байқауы қазіргі таңда халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген біршама отандық эстрада жұлдыздарының бағын ашты. Олардың ішінде Медеу Арынбаев, Ерлан Көкеев, Нұрлан Абдуллин, «Үркер» тобы, Бақыт Шадаева, Жанар Дұғалова, Мәдина Сәдуақасова, Құрмаш Махан, Сәкен Майғазиев, Гаухар Қаспақова, Алтынай Жорабаева, Жанна Орынбасарова, Нұрлан Албан, Бейбіт Қорған, Гүлнұр Оразымбетовалар бар.

2012 жылы байқаудың бас жүлдесін Димаш Құдайбергенов иеленді. Сол кездегі бала Димаш бүгінде Қытайда өткен әлемге аты шулы «I am a Singer» байқауына қатысып, төрткүл дүниеге танылды.

Биыл Астанада өтетін байқауға Шығыс Қазақстаннан тұтас делегация келеді, ішінде 5 адамнан құралған INCORO тобы да бар. Бұдан басқа, Өскемен, Павлодар, Ақтау, Тараз, Петропавл, Алматы, Көкшетау, Шымкент, Қарағанды, Талдықорған, Астана қалаларының жас вокалистері бақ сынайды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл байқау форматы мен уақытына қатысты бірқатар өзгерістер енгізілген.

2017 жылдың ең дүбірлі бәсекесі Астанадағы киелі сахналардың бірі — Бейбітшілік және келісім сарайында 12-14 мамыр аралығында өтеді.

ДереккөзInform.kz