Coffeegramm – жаңа технологияның жетістігі

1994 жылы Тараз қаласында дүниеге келдім. О.Жәутіков атындағы физика-математика мектебінде оқыдым. Мектеп бітірген соң Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне оқуға түстім. Есептеу техникасы және бағдарламалы жасақтама мамандығы бойынша білім алдым. Диплом алған соң бір жарым жылдай мамандығым бойынша жұмыс істеп көрдім.

Жанболат Ошақбаев
Жанболат Ошақбаев ©Айгүл Хожантаева

XXI ғасыр – жаңа технологиялардың дәуірлеп тұрған заманы. Бірде Instagram әлеуметтік желісінде 3D принтерлердің жаңа қызмет түрлері туралы көріп қалдым. Өзім IT саласында білім алғандықтан, Қазақстанға жаңа технологиялар әкелуді армандайтын едім. Кофе бетіне принтер арқылы сурет басып шығаратын техниканы Қазақстанға әкелу туралы ой осы кезде туындады. Алғашында бұл техниканы нақ кофеге қолданамыз деген ой болған жоқ. Нарықтағы сұранысты зерттей келе қала тұрғындарының кофеге деген сұранысы жоғары екенін аңғардық. Осылайша, техниканы алдымен кофеханада қолданып көруді жөн көрдік.

Жанболат Ошақбаев
Coffegram. ©Айгүл Хожантаева

Алғашқы капитал

Coffeegramm кофеханасын досым Тілеуберді Кәден екеуміз бірге аштық. Кофе бетіне сурет салатын мұндай техниканы Қазақстанға тұңғыш әкелген де біз. Сондықтан, мұндай жаңашылдықты қазақстандықтар жақсы қабылдады. Мұндай техника шетелдерде бұрыннан бар. Біз арнайы Кореядан алдық. Бірінші техникамен жұмыс істеуді өзім үйреніп, кейіннен қызметкерлерге көрсеттік.

Жанболат Ошақбаев
Жанболат Ошақбаев ©Айгүл Хожантаева

Алғашқы капитал өз қалтамыздан шықты. Принтердің құны, оның жұмысын үйрену, кофехана ғимаратын дайындау үшін шамамен 6 миллион теңге қаражат қажет болды.

Кофехана ашатын орынды көп іздедік. Халық жиі баратын ойын-сауық орталықтарында жалға алу бағасы тым қымбат болды. Құдай берем десе, жақсылықтың қайдан келетінін аңғармай да қалады екенсің. Жаңа жөндеуден өткен Арбаттан шағын ғана ғимаратты жалға алдық. Орайын салып, оңай табыла кеткеніне қуандық. Арбат – Алматының визиткасы сияқты мекен. Қала тұрғындары мен қонақтары жиі серуендейді. Кофехананың осындай орында ашылуы жылдам танылуына оң ықпалын тигізді.

Жанболат Ошақбаев
Жанболат Ошақбаев ©Айгүл Хожантаева

Кофе бетіндегі суреттің сыры

Қарапайым қағазға жазу басып шығаратын принтер бәріне таныс шығар? Кофе бетіне суретіңізді басып шығаратын техниканың да қызметі соған ұқсас. Тек қағаздың орнына басқа материал қолданылады. Алдағы уақытта мұндай техниканы тек кофеге ғана емес, түрлі тәттілер мен мерекелік торттарға, сондай-ақ балмұздақтың бетіне сурет салуға да пайдаланбақпыз.

Тұтынушылар өздеріңіз суреттерін немесе қолма-қол жасалған селфилерін бес минуттың ішінде кофенің бетінен көре алады. Біздің кофелер адамдарға тек қана сергектік емес, жақсы көңіл-күй де сыйлайды.

Жанболат Ошақбаев
Кофе бетіне салынатын сурет осылай жасалады ©Айгүл Хожантаева

Кофе бетіндегі түрлі-түсті суреттерін көрген кейбір адамдар мұның бояу екенін айтып сенімсіздік танытып жатады. Оларға күнделікті өмірде тұтынатын басқа шәй мен кофеде де бояғыштардың барын айтқым келеді. Әлемдік стандарттарға сәйкес, экспортталатын тауардың барлығы тексерістен өтеді. Сондықтан, кофе бетіндегі бояулы суреттің денсаулығыңызға ешқандай кері әсері болмайтынын нақты айта аламыз.

Жанболат Ошақбаев
Кофе бетіндегі сурет ©Айгүл Хожантаева

Қаржылық сауаттылық қаншалықты маңызды?

Кәсіп бастайтын адам үшін қаржылық сауаттылықтың маңызы зор. Қазіргі таңда екінің бірі кәсіпкер болып кетті ғой. Алайда, барлығының еңбегі жемісті болып жатқан жоқ. Кәсіпкерде әрқашан «Б» жоспары болуы керек. Есеп білмеген адам қарапайым сауданың да жөнін біле бермейді. Сондықтан, бизнес бастамас бұрын қаржылық сауаттылықты меңгеріп алу керек. Себебі, алғаш кәсіп бастаған адамның бухгалтерге, сатушыға, кассирге жеке-жеке жалақы төлеуге шамасы жетпейді. Осы қызметтің бәрін өзі атқарып, кәсіптің басы-қасында жүрген адам ғана жоғары жетістікке қол жеткізе алады.

Жоғарыда айтып өткенімдей, өзім физика-математика бағытындағы мектепте білім алып,  ІТ университетінде оқыдым. Есеп-қисап жағынан жақсы болғандықтан, кофехананың кіріс-шығынын, жоспарын бәрін өзіміз есептеп отырдық.

«Жұмысшы болма, жұмыс беруші бол» деген дұрыс ұстаным. Қазір кофехана Тілеуберді Кәден досымыз екеумізден бөлек 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Жанболат Ошақбаев
Coffeegramm қызметкерлері ©Айгүл Хожантаева

Қолжетімді кофе

Қазір Қазақстандық нарықта Starbucks, CostaCoffee сияқты кофеханалар танымалдылыққа ие. Біздің Coffeegramm да олардан қалыспайды. Ашылғанына 4 ай болса да, біздің суретті кофелеріміз көпшілік арасында сұранысқа ие.

Coffeegramm-ның тағы бір артықшылығы – бағалары қолжетімді. Бір адамға арналған кофенің құны – 700-1000 теңге аралығында. Кофе нарығында бұл өте тиімді баға.

Өзіңіздің суретіңіз салынған кофені жұмысқа кетіп бара жатқанда өзіңізбен бірге ала кетсеңіз де, арнайы кофеханамызға келіп әдемі атмосфераның куәсі болам десеңіз де өз еркіңіз.

Жанболат Ошақбаев
Жанболат Ошақбаев ©Айгүл Хожантаева

Күніне шамамен 100-ге жуық адамға қызмет көрсетеміз. Кофеханада тек қана кофе емес, түрлі тәтті тағамдар мен сусындар да бар.

«Жайдармандағы» достарымның қолдауы ерекше

«Жігітке жеті өнер де аз» дейді ғой. Студент кезімде «Жайдарманда» өнер көрсеткенім бар. Әзілдесу, сахнада өнер көрсету ешқандай да кәсіп емес. Ол – менің хоббиім.

«Жайдарман» арқылы жаңа орта тауып, жақсы адамдармен таныстым. Кәсіп ашқанымда олар маған көп қолдау көрсетті. Бір сахнада өнер көрсетіп, бір ыдыстан ас ішіп жүргенліктен, олар менің отбасым сияқты болып кетті. Жоғарғы Лига чемпиондарымен де, жас буындармен де әлі де араласып тұрамыз.

Есен Елеукеннің өзі Алматыға келе қалса, біздің кофеханаға қонақ болып, алғысын айтып жатады. Әзіл әлеміндегі шәкірттерінің жақсы іс бастап жатқаны оларға да мақтаныш деп білемін.

Жанболат Ошақбаев
Жанболат Ошақбаев ©Айгүл Хожантаева

Мәңгілік компания

Тайм-менеджментте дедлайн деген ұғым бар. Бизнес жоспарын құрғанда мен орындалуы тиіс мақсаттарға уақыт қоямын. Шүкір, барлық жоспарлар мен мақсаттар уақытында орындалып келеді.

Қазақстандағы жалғыз кофехананың тек Арбатта ғана болуы жеткіліксіз. Алдағы уақытта Алматының басқа да нүктелерінде Coffeegramm кофеханаларын ашсақ дейміз. Сондай-ақ, кәсібіміз дөңгелеп жатса, еліміздің басқа қалаларын да ерекше кофемен қамтамасыз еткіміз келеді.

Жалпы, әлемде кофе сатылымы бойынша мұнайдан кейін екінші орында екен. Кез келген кәсіпкер кәсібін қайта жабу үшін ашпайды, даму үшін ашады. Сондықтан, кофехананың ғұмыры ұзақ болады деп айта аламын.

Жетістікке жету формуласы

Математика мен физикаға жақын болғандықтан, өмірдің барлығын формулаға қарап есептеймін. Бүкіл жаратылыс, табиғат, өмір, тіпті кәсіп те формуладан тұрады. Формула дұрыс құрылған болса, нәтижесі де оң болады.

a²+b²=c² — Бұл Пифагор теоремасы болса, біздің кәсіптегі формуламыз да осыған ұқсас. Досым Тілеуберді Кәден екеуміз қосылып, Қазақстанда бұрын-соңды болмаған құбылыс жасадық. Пифагор теоремасы ешқашан өзгермейді. Біз екі еселеп еңбектенген сайын кәсібіміз де алға баса береді деген ойдамыз.

Жанболат Ошақбаев
Жанболат Ошақбаев ©Айгүл Хожантаева

Алдағы 10 жылға жоспар

«Құдайды күлдіргің келсе, жоспарыңды айт» деген сөз бар ғой. Жоспарларыммен бөлісе бергенді жөн көрмеймін. Бірақ, алдағы уақытта кофеханамыздың желісін ашсақ дейміз. Алматы – алып қала. Сондықтан, Coffeegramm-ның басқа да нүктелерін ашу жоспарда бар. Тек Алматымен шектелмей, еліміздің басқа қалаларына да шықсақ дейміз.

Ал негізгі арманым продакшн ашу болатын. Киноиндустрия саласы қызықтырады. Адамның мүмкіндігі шексіз ғой. Алла қаласа, бұл да болар.

Өмірлік ұстаным

Барлық нәрсеге қиындықпен қол жеткізген ұнайды. Оңай қол жеткізген дүниенің де, бақыттың да құны болмайды. Қателескен адам ғана тәжірибелі болады. Сондықтан, менің өмірлік ұстанымым – өмірмен күресу. Қандай жағдай болса да, сынып кетпей, қиындыққа төтеп беру.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!