Жігіттерге арналған сыйлықтар тізімі тым аз болып көрінуі мүмкін. Алайда, қиялыңыз бен оның қызығушылығын есепке алсаңыз, ер азаматтарға арналған ерекше сыйлықтар көп-ақ. Қыздар қауымы ғана емес, жігіттер де сағат, әмиян, галстук сияқты дәстүрлі сыйлықтардан жалыққан болар. Сонымен, Отан қорғаушылар күнінде қандай сыйлық сыйлауға болады?

Қызығушылығына қарай

Спортқа қызықса…

Жігіттердің спортқа деген махаббатын ешнәрсемен салыстыруға келмейді. Егер ол белгілі бір команданың немесе спортшының жанкүйері болса, соған тікелей қатысы бар кез келген сыйлық көңілінен шығары хақ. Тіпті, мереке қарсаңында өтетін спорт матчына билет алып, бірге барсаңыз да болады.

Футбол жанкүйері үшін футболка мен доптың, спорттық киімнің теңдесі жоқ. Ал өзі спортпен шұғылданатын жігіттерге айналысатын спорт түріне қажетті құралдар артық етпейді. Бокс қолғабы, теннис добы, кір тасы сияқты сыйлықтар беруден еш қысылмауға болады.

Машинаға қызықса…

Ер азаматтың өмірінде көлігінің алатын орны ерекше. Жолдағы серігі, күнделікті көлігі, жақын досына айналған автокөлікке кез келген азамат күтім мен құрмет көрсетеді. Сіз де көлікке сондай күтім мен құрмет көрсетсеңіз, сізге деген ықыласы да жоғарылайды деген сөз. Сондықтан, көлікке арналған жапқыштар, иістендіргіштер, брелок, тіпті, біліп жатсаңыз қажетті құрал-саймандарын сыйласаңыз да болады.

Өнерге қызықса…

Жігіттердің барлығы спортқа қызығады деген қате түсінік. Арамызда музыкаға, өнерге, әдебиет пен мәдениетке қызығатын ер азаматтар да бар. Оларға қызығушылығына қарай кітап, журнал, танымал топтың жаңа альбомын сыйлауға болады.

Уақытыңызды қызықты әрі пайдалы өткізгіңіз келсе, мереке қарсаңында түрлі концерттер мен қойылымдар, өнер көрмелері өтетінін ұмытпаңыз.

Техникаға қызықса…

Жігіттер үшін техниканың тілін білу тек қызығушылық емес, міндет. Алайда, олардың қатарында «компьютербастар» да бар. Оларға жады көп флешка, түрлі форматтағы дискілер, құлаққап, брелок, тағы басқа қажетті құрал-жабдықтар сыйлауға болады.

Телефонға арналған қап (чехол) сыйлайтын болсаңыз да қиялға ерік беруге рұқсат. Оның есімі жазылған немесе бірге түскен суретіңіз басылған телефон қаптарын оп-оңай тауып, тапсырыс беруге болады.

Аңшылыққа қызықса…

Сыйлық беретін тұлға табиғат аясына шығуды, балық аулауды, аңшылыққа баруды ұната ма? Демек, оған аңшылыққа қатысты заттар қажет. Егер сіздің бұдан хабарыңыз болмаса, арнайы дүкенге барып, ақыл-кеңес сұрасаңыз болады. Арнайы дүкендерге қажетті заттардың барлығы бар.

Саяхаттағанды ұнатса…

Саяхаттағанды, жаңа нәрсені танығанды ұнататын болса, саяхатшы сөмкесін, термокружка, пауэр-банк сыйлауға кеңес береміз. Өзіңіз бірге саяхаттағыңыз келсе, тіпті керемет.

Жасына қарай

Отбасы
©comstol.info

7-мамырда әкеңізге, атаңызға, ағаңыз бен ініңізге, сүйіктіңізге де сыйлық бересіз. Ал олардың жастары да, жастарына қарай қажеттіліктері де әр түрлі болады. Сондықтан, сыйлық таңдар кезде олардың жас ерекшеліктеріне мән берген дұрыс.

12 жасқа дейін

Мектеп жасындағы балаларға аса қымбат сыйлық берудің қажеті жоқ. Өзі ұнатып жүрген ойыншық, тәтті, сабаққа қажетті құралдар сыйлауға болады. Бұл жастағыларға көбінесе танымын арттыратын, көзқарасын қалыптастыратын кітаптар мен ойыншықтар сыйлау керек. Құлаққап, музыка плеер, сөмке, робот ойыншық олар үшін таптырмас сыйлық.

12-18 жас аралығында болса

Балалықтан жігіттікке бет бұра бастаған жасөспірімдерге ұнайтын сыйлық табу аса оңай шаруа емес. Бұл жастағылардан қандай сыйлық алғысы келетінін сұрап алған артық болмайды. Сәнді көзәйнек, сағат, иіссу сияқты сыйлықтарды осы жастан бастап беруге болады.

18-25 жас аралығында болса

Бұл жастағы ер азаматтарға сыйлық таңдауда сақ болу керек. Егер жақын адамыңыз болса, ақылдасып, бірге алуға болады. Бас киім, қолғап, киім түрлері, әмиян мен сағат сыйлауға болады. Шамаңыз жетсе, камера, телефон, электронды кітап пен электронды сағат та артық етпейді.

Орта жастағы жігіттерге

Орта жастағы жігіттерге күнделікті тұрмыста қажетті заттарды сыйлаған жөн. Ол үй құрылысына қажетті құрал-саймандар, қырынуға арналған заттар болуы мүмкін.

Егде жастағы ер азаматтарға

Егде жастағы адамдарға қандай сыйлық берсеңіз де, бастысы шын көңілмен, ниетпен берсеңіз болғаны. Олар үшін ең бастысы сыйлықтың құны мен бағалы болғаны емес, сіздің көңіл бөліп, сырласуыңыз.