Қазақстан тарихындағы Бас мүфтилер

Рəтбек қажы Нысанбайұлы

Қазақстан Республикасының тұңғыш мүфтиі (1990-2000 жж.)

Рәтбек қажы Нысанбайұлы
Рәтбек қажы Нысанбайұлы © YouTube.com

Рәтбек қажы Нысанбайұлы — Қазақстанда мұсылмандар діни басқармасының құрылуына мұрындық болып, елдегі діни ахуалдың жақсаруына бір кісідей атсалысқан жан. Кеңес заманынан бері 20 жылдан аса уақыт Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында бас мүфти қызметін атқарған. Діни білімін 1969-1975 жылдар аралығында Ливия университетінде «Шариғат жəне халықаралық заң» факультетінде толықтырған.

Рәтбек қажы Нысанбайұлының басшылығы кезінде мешіттер саны айтарлықтай көбейді. Сол кездері, Кеңес заманында республика бойынша бар болғаны 25 мешіт болған. Алты аймақта, Қостанай, Торғай, Жезқазған, Маңғыстау, Өскемен жəне Талдықорған облыстарында мүлде мешіт болмаған еді. Рәтбек қажы осыны назарға алып, Кеңес заманының өзінде мешіт санын 93-ке жеткізген.

Бұл кезде мешіт ашу ең машақаты көп жұмыстың бірі еді. Рұқсатты Мəскеуден алдырту қажет болған. Дей тұрғанмен, белсенді азаматтардың еңбегі нәтижесінде елімізде Діни басқарма 1990 жылы 12 қаңтарда, жұма күні құрылды. Осы жайлы Рәтбек қажы естелігінде:

«Бұл уақытта Кремльді Горбачев, біздің елімізді Колбин басқаратын. Соңғысының біздің елімізге көзқарасының қандай болғаны белгілі. Рұқсат сұрай барғанымда маған «сіз енді үкіметтен қол қойдырып жіберіңіз» деді. Сол кездегі министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Ол кісіге əлі күнге үлкен алғысымды айтамын. «Неге?» деп бірауыз сұрамастан, «қағазыңызды əкеліңіз» деді де, қол қойып берді. Бұл – оның үлкен ерлігі», — дейді Рәтбек қажы Нысанбайұлы [1].

Қажы — 15 шақты кітаптың авторы. Өзінің айтуынша, Өзбекəлі Жəнібековтің ұсынысымен Құранды қазақ тіліне аударған. Кітап 1991 жылы 200 мың данамен тараған.

Қазақ руханиятына елеулі үлес қосқан Рәтбек қажы Нысанбайұлы қазір Есік қаласындағы орталық мешітті басқарып отыр. Жұма күндері 1000-нан астам адам осы мешітте намаз оқиды.

Әбсаттар қажы Бағысбайұлы Дербісәлі

Қазақстан Республикасының екінші бас муфтиі (2000-2013 жж.)

Әбсаттар қажы Дербісәлі
Әбсаттар қажы Дербісәлі © Mazhab.kz

Дербісәлі Шейх Әбсаттар қажы Бағысбайұлы – шығыстанушы, дінтанушы, әдебиет зерттеуші, жазушы, сыншы, филология ғылымдарының докторы.

Оның қаламынан араб тілі мен әдебиеті, тарихы мен мәдениеті және қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірлері мен мәдениетінің мәселелері, Шығыс мұсылман елдерімен рухани байланыс, ол жұрттың ой дүниесі мен Ислам тарихы, қасиетті Құран, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадис-шәріптері туралы 600-ден аса теориялық және практикалық мәні бар ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектер туған [3] .

Әбсаттар қажы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен ондағы құлпытастардағы жазуларды ана тілімізге аударып, зерттеген. Шығармаларын араб, парсы, шағатай тілдерінде туындатқан, еңбектері әлем кітапханалары мен қолжазба қорларына шашырап кеткен даламыздың X-XVIII ғасырларда өмір сүрген Әбул Қасым әл-Фараби, Исмайыл әл-Жауһари әл-Фараби, Әбу Ибраһим Ысқақ әл-Фараби, Бурһанад-Дин Ахмад әл-Фараби, Махмұт әл-Фараби, үш Кердери, үш Сайрами (Исфиджаби), жеті Түркістани, 31 Таразилер, Байлақ Қыпшақи, Хасан Әли Жалайыри, Гийас ад-Дин Женди, Хусам ад-Дин Сығнақи және т.б. барлығы 100-ге жуық Ғылым Академия басылымдары мен ойшылдарын тауып, еңбектерін ғылыми айналымға енгізген.

Әбсаттар қажы Дербісәлі
© shymkent13.ru

Сондай-ақ ол қазақтың шет елдермен достық қоғамының Қазақ-Араб бөлімінің төрағасы болған. Шетелдің екі, республикамыздың мемлекеттік 12 университеттерінің «Құрметті профессоры», Халықаралық «Араб тілі» ғылым Академиясының (Каир) академигі атағын алған.

Қазіргі таңда Әбсаттар қажы Бағысбайұлы ҚР Білім және ғылым министрлігі Шығыстану институтының директоры қызметін атқарады.

Ержан қажы Малғажыұлы Маямеров

Қазақстан Республикасының үшінші бас муфтиі (2013-2017 жж.)

Ержан қажы Малғажыұлы
© Muslim.kz

2013 жылы Бас мүфти қызметіне келгеннен кейін, Ержан қажы сауатты, рухани дүниесі бай қоғам қалыптастыру жолында еңбек етіп, бірнеше жобаларды іске қосты. Әсіресе, ішкі тәртіптің реттелуі жөнінен де елеулі үлес қосты деп айтсақ болады.

Бас мүфти екі жыл қатарынан жүргізілген аттестацияның негізінде еліміздегі имамдардың білім деңгейін анықтап алды. Мұнан кейін «Имамның тұлғалық келбеті», «ҚМДБ қызметкерінің этикасы», «Мұсылманның тұлғалық келбеті» сынды құжаттар қабылдады. Бұл құжаттар ХХІ ғасыр талаптарына жауап беретін имамдар даярлауға, олардың қоғамдағы рөлі мен беделін арттыруға бағытталды.

Сондай-ақ, «Қазіргі заманның сауатты 500 имамы» бастамасын іске қосты. Бұл жоба да имамдардың білімі мен біліктілігін арттыруға бағытталған. Жоба мақсаты бойынша, имамдар жан-жақты дамыған, саяси сауаты жоғары, адамдармен жұмыс істей алатын адамдар болуы шарт.

Ержан қажы Малғажыұлы
© Muftyat.kz

Ержан қажы Малғажыұлы дін мен дәстүрдің байланысына ерекше мән берді. ҚМДБ 2014 жылды «Дін мен дәстүр» жылы, 2016 жылды «Діндер мен тарихи мұра жылы» деп жариялады. Басқарма мұны ата-бабаларымыздың рухани және тарихи мұраларын қайта басып шығаруға мүмкіндік деп есептеді. 

Ержан қажы Малғажыұлының басшылығы кезінде ҚМДБ экстремизмнің алдын алу мақсатында халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыра түсті. Республикалық және жергілікті ақпараттық-үгіт-насихат топтары құрылды. ҚМДБ бірқатар елдердің оқу орындарымен келісімдер бекіткен. Соның негізінде қазақстандық қаншама студенттер Түркия, Мысыр мен Ресейдегі жоғарғы оқу орындарында білім алуға аттанып жатыр.

«Қазақстан азаматтары ҚМДБ рұқсатынсыз «әл-Азхар» университетіне оқуға қабылданбайды. Бұл бастама шетелдік ЖОО-на түспес бұрын болашақ студенттермен жеке-жеке сөйлесуге мүмкіндік берді. Жоғарыда аталған оқу орындары бакалавр, магистратура, докторантура ғылыми деңгейлері бойынша оқытады. ҚМДБ мен «Нұр-Мүбәрак» университеті басшылары бірігіп, шет мемлекеттерге оқуға аттанатын үміткерлерді іріктеу жұмыстарын жүргізеді», — деген Ержан қажы Малғажыұлы өзінің interfax.kz сайтына берген сұхбатында.

2017 жылы қызметін жаңа мүфтиге табыстаған Ержан қажы Маямеров бүгінде «Нұр Мүбәрак» Ислам мәдениеті университетінің басшылығында қызмет етеді.

Серікбай қажы Сатыбалдыұлы Ораз

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти (2017 жылдың 8 желтоқсанынан бастап). 

Бас мүфти, Серікбай Ораз
© fatua.kz

Еңбек жолын Алматы мешітінің наиб имамы болып бастаған Серікбай қажы Ораз Қазақстан мұсылмандарының кезекті VIII құрылтайында Бас мүфти қызметіне тағайындалды. Мүфти қазір Діни басқармадағы жұмыстарды ары қарай жүргізіп, жаңа жобаларды қолға алып келеді.

Сондай-ақ жақында ҚР Діни істері және азаматтық қоғам министрлігі мен ҚМДБ Меморандумға қол қойды. Тарихи оқиғаға баланған келісім негізінде діндер арасындағы татулықты нығайту, рухани құндылықтарды, мәдени-рухани мұраларды дамыту, лаңкестік әрекеттердің алдын алу, ақпарат алмасу, діни білім беру жұмысын жандандыру жұмыстары алға қойылды.

Қазіргі уақытта басқарманың бақылауымен және жанашыр азаматтардың қолдауымен мешіт ұстаздары еліміздің тоғыз медіресесі мен 100-ге жуық мешіттеріне ғаламтор арқылы онлайн сабақ беруді бастап кетті. Бұл жүйе арқылы бір мезетте шамамен 1500-дей нүктеде онлайн режимде сабақ беруге болады.

«ҚМДБ-ның даму Тұжырым­да­масында имамдардың білім сапасына аса мән берілді. Сонымен қатар ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жоғары деңгейге көтеруді көздеп отырмыз. Діни басқарманың негізгі жұмыс бағыттарының бірі – қоғамда тыныштық пен ауызбіршіліктің сақталуына рухани қолдау көрсету», — дейді Бас мүфти minbar.kz сайтына берген сұхбатында.

Даярланып жатқан тұжырымдаманың тағы бір жаңалығы – имам­дардың ар-ождан Кодексінің қа­былдануы. Мүфтидің айтуынша, қоғамдағы өзекті мәселелерге ша­риғат аясында қолданыстағы заң­намаларымызды ескере отырып, пә­туа шығару жұмысын жолға қою да тұ­жырымдамада бар.

Дереккөздер:

  1. Kazislam.kz
  2. Bnews.kz
  3. Іnvost.kz
  4. Minbar.kz
  5. Kk.wikipedia.org
  6. Ru.wikipedia.org

Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындаған.