Зардап шеккен отбасылар

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Шығыс Қазақстанда көктемгі апаттың салдарын жою науқаны қызған. Мысалы, Аягөзде жергілікті мердігерлерден бөлек Семей мен Тарғабатай ауданының 5 құрылыс компаниясы жұмыс істеп жатыр. Бұған дейін 118 миллионнан астам теңгеге 28 отбасына тұрғын үй сатып алынса, бүгін олардың қатарын 13 жанұя толықтырды. Оған қоса Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы және «NFS Kazakhstan» ЖШС қолдауымен 2 жанұя баспаналы болды.

«Биылғы көктем біздің өңір үшін оңай болған жоқ. Тасқыннан 2 қала, 5 аудан, 33 елді мекен зардап шекті. Қазіргі таңда тұрғындарды күнделікті тұрмыстарына қайтару үшін барлық күштер жұмыла әрекет етуде. Комиссия жұмыс істеп жатыр, қаражат бөлінді. Облыс бойынша 23 құрылыс ұйымы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде» – деді салтанатты жиында сөз алған ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Айта кету керек, осы уақытқа Аягөзде тағы 12 үй бақылау үстінде тұр, ал 15-інің жөндеу мерзімі иелерінің қалауымен кейінгі шегерілді.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Пікір қосу