Шаханов: Ұлттық мүдде үшін күреспеген қазақ зиялыларының құны көк тиын

Бұл туралы ақын, қоғам қайраткері, «Жалын» журналының бас редакторы, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы Атырау мұнай және газ институтында студенттермен кездесуі барысында сөз етті.

Сондай-ақ, өз ана тілін жоғалтып бара жатқан қазақ халқының трагедиясы туралы, олардың рухани мүгедекке айналғанын да айтты.

«Қазір мынадай түсінік қалыптасты. Қай тілде сөйлесең, қай тіл бізге ыңғайлы болса, сол тілде сөйлей бермейміз бе, қазақ тілі деп айқайлаудың не қажеті бар деген ой алда тұр. Осындай көзқарасын ашық білдіріп отыр. Мен өз ұлттық тіліне қарсы шыққан адамды Құдайға қарсы шыққан адам депе есептеймін», — деді Шаханов.

Қоғам қайраткері қазір қоғамда ушығып тұрған жер мәселесіне қатысты пікірін ашып айтпады.

Ал, 26 сәуір күні өзінің Facebook-тегі парақшасында Мұхтар Шаханов «Жер кодексіндегі» өзгерістерге қатысты және Атырауда өткен митингіге қатысты мынадай жазба жариялады:

«Жалпы, бізді қазір яғни Атырау халқын «ұлтшыл» деп атап жүр. Олар еш уақытта заңнан тысқары шыққан емес. Олар «Анасын» ардақ тұтты. Олар бар болғаны – өз жерінің мүддесі үшін ғана күресіп жүр. Қазақстандағы мемлекеттік жердің мүддесі үшін орыстың өзі күресу керек. Қазақстандағы өзбектер, ұйғырлар және немістер күресу керек. Мемлекеттік жердің мүддесі үшін. Жұтқан ауасы үшін, қыл тамағынан өткен ас үшін.

Ал егер жойылуға кетіп бара жатқан ұлтымыздың мүддесі үшін біз айқай көтерсек, біз ұлтшылмыз, ал Мәскеуде өздерінің тілі, жері үшін күресіп жатқандардың барлығы патриоттар. Көрдіңіздер ме қандай жағдайға бізді алып келді? Бізге осындай айып таққаны үшін сотқа беруге болар еді кейбіреулерді. Қандай ұлтшылдық бар? Мұнда ешқандай ұлтшылдық жоқ, керек десеңіз. Бұл таза, мемлекеттің мүддесін көтеріп отырмыз.

Ал бізде мемлекеттік тілге деген көзқарас құлдырап кеткен. Міне осыны айтсаң, біз ұлтшылмыз. Сондықтан бұл көзқарас мүлде дұрыс емес. Қолына ұзын сыпырғыш алып жүрген қазақтың өз жерінің иесі екенін сезіндіру қажет. Қашанға дейін мемлекеттің адамы үшін жер сыпырсын?

Жер дауы өте күрделі. Әр депутат «өз пікірім» деп сайрап жатыр. Өз пікіріңіз мол болса, Атыраудың мінбесіне кеп сайраңыз. Жеке журналистке жауап қатпаңыз, халыққа айтыңыз! … депутаттардың көпшілігі «жепутатқа» айналып кеткен.

Халыққа керегі уәде немесе ауыздан шыққан сөз емес. Халыққа «Анасы» керек. Өз Анасының бауырында таршылық көрмеу қажет».

Кездесу барысында студенттер ақынға шығармашылығы туралы сауалдар қойды, кейін ол студенттерге қолтаңба беріп, естелікке бірге суретке түсті.

ДереккөзАқ Жайық